Кемелбек ШАМАТАЕВ
13.06.2019
1547
0

Қазақ әдебиеті тағы да қазаға душар болды. Сексеннің сеңгіріне шығар шағында белгілі қаламгер, ұлағатты ұстаз, майталман журналист, Қазақс­тан Жазушылар одағының мүшесі Кемелбек Шаматаев өмірден озды.
Кемелбек Шаматаев 1940 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Бөген ауданында дүниеге келген. Еңбек жолын балаларға білім беруден бастаған қаламгер 1959-1961 жылдары Жамбыл педучилищесінде, 1961-1963 жылдары Бетбақдала мектебінде ұстаздық қызметтер атқарған. 1963-1968 жылдар аралығында ҚазМУ-дың журналистика факультетінде білім алған. Білім ала жүріп, 1965 жылы КазГОС телерадиосының «Ұшқын» редакциясында жұмыс істейді. Өмірінің көп бөлігін ұстаздыққа арнаған Кемелбек Шаматаев 1993 жылы Қожа Ахмет Яссауи атындағы Халықара­лық қазақ-түрік университетінде, 1999 жылы Шымкент қаласындағы Қазақ-кувейт университетінде және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде дәріс берген.
Кемелбек Шаматаев – қазақ баспасөзіне де мол үлес қосқан қаламы қарымды журналист. Ол Шымкент қаласынан шығатын «Оңтүстік өркениет» газетінде бас редактор, республикалық «Дат» газетінде журналист, ғылыми-педагогикалық «Ұлт тағылымы» басылымының бас редакторының орынбасары қызметтерін атқарған. Өмірінің соңғы жылдарында «Қазақ әдебиеті», «Жас Алаш», «Ара» сынды басылымдарда мақалалары үздіксіз жарияланып тұрды.
Автордың «Неге ояттыңдар» (2013), «Қандауыр» (2014), «101 жүгермек» (2015), «Сұңғыла» (2017), «Өзекжарды» (2018) кітаптары оқырман тарапынан ыстық ықыласқа бөленіп, өз бағасын алған.
Қазақ әдебиетінен өзіндік орнын алған қаламдасымыздың жарқын бейнесі оқырман қауым мен әріптестерінің жүрегінде ұзақ сақталады.

Қазақстан Жазушылар одағы
Басқармасының секретариаты


Әрқашан ақ сөйлеуші еді…

Мен де таныған Кемелбек тірліктің қиралаң жолында түзу жүрген Азамат еді. Шығармаларын мен де оқыған Кемелбек халқымызға, әдебиетімізге адал болған Қаламгер еді. Журналшы, жазушы, ақын Інім әділеттілікті ту етті. Не жайында жазса да, ақиқатқа ғана жүгінетін. Сырлас болдық. «Ғаба-Аға!» деген жылы лебізді қолтаңбамен сыйлаған кітаптарынан әуелі әжуә-оспақ, мысқыл күлкілерін іздейтінмін. Ол күлкінің қуатын білді, қадірледі, рәсуа етпеді. Әзілі әсем болғанындай, сықағы сұсты болатын және бірде: «Бауырым, мынау күлкіңнен құданың құдіретімен кәдімгі шоқпар жасап сілтесең, өгіз де өкіріп тырайғандай екен?» – дегенімде, Кемелбек: «Е, ағасы, бұл өмірде сондай шоқпар керек-ақ, ә?» – деді. Иә, бұл өмір өр-ылдилы, қайсымыздың қайда жүргенімізді кейде өзіміздің де аңғара алмай қалатын кездеріміз болып тұрады. Сондайда жүрегі қалтқысыз, сөзі селкеусіз қаламгеріміз Кемелбек Шаматайды құрметтей алма­ғанымыз да бармыз. «Өмір ғой…» – дейміз. Солай, қарапайым болған Інім, қайран Кемелбек… Екінші өміріңнің ұзақ та ғибратты боларына сенемін!

Ғаббас ҚАБЫШҰЛЫ


АҒАЛАП ЖҮРУШІ ЕДІМ

Журфактың екінші курсын бітірген жылдың жазында оқу-өндірістік тәжірибеден өту үшін Қазақ радиосына бардым. Кемелбек аға жастарға арнап хабар тарататын «Ұшқын» редакциясының меңгерушісі екен. Берген тапсырмаларын айтқан сәтінде орындайтын әбжілдігім ұнады ма, студент екеніме қарамай, деканымыз Темірбек Қожекеевке қайта-қайта барып, қолқалап жүріп редакторлық қызметке алды. Міне, содан бері 41 жылдай уақыт зуылдап өте шығыпты. Екеуміздің арамызда сөйлеспесек, тұра алмайтын керемет байланыс орнады. Тура туған ағамдай болып еді-ау Кемелбек аға!

Талғат АЙТБАЙ


Адам бекерге жасамайды…

Кемелбек Шаматай қайтыс болды. Жақын білетін, түптеп танитындар үшін суыт хабар, жан қинайтын суық хабар. Бар өмірін Қазақ радиосына қызметке жеккен ол табиғатында тамаша лирик, сойыпсал сатирик, ділге кіріп аударар үздік тәржіман, көркем тілмен еркін көсілетін көсемсөзші еді. Талантты. Білімді. Кісілікті. Ізгілікті. Заты атына сай кемел кісі. Әттең? Әттеңі сол, әдебиетте жете танылмай, мойнына жастықта бір ілген журналистика қамытын шешпей, көркем шығармашылыққа шешініп араласуы кенжелеп өтті өмірден. Содан да көркем шығармашылықта үзген жемісі аз. Ал, қазақ журналистикасына сіңірген еңбегі алабөтен. Ұлы Абай шығармаларын радиодан жылдап насихаттап, нәтижесінде Абай сыйлығының лауреатын иемденді. Қандай да бір іске берілсе, қапысыз берілетін Кемелбек аға зейнеткерлікке шығып, мойны журналистика қамытынан босаған сәттен ағылтып лирика, билікке оппозиция сойыпсал сатираны өндіре жазды. «Қазақ әдебиеті», «Егемен Қазақстан», «Сол Дат» секілді ресми, бейресми басылымдардың ажарын Кемекеңнің сатиралық дүниелері жарқырата ашып отырар еді. «Ұр, тоқпағым ұр!», «Қандауыр» секілді сатиралық дүниелері заманы туғанда үні шықпай қалған сатира жанрының бүгінгі биігінен табылу-дайын табылып-ақ отырған дүниелер! Сатирасы әйтеуір «тисе терекке, тимесе бұтаққа» емес, байсалды дүниетанымнан туған, ұлтыма, жұртыма, мемлекетіме пайдам тисе деген кемел ойдан туған, кемшілікке кешірімсіз ащы запыран сөз. Адам бекерге жасамайды. Шығармашылық еңбек басиесінен асып жасайды. Көңілге сол медет!

Құлбек ЕРГӨБЕК


ТЕМІР ЕМЕС, ШАРБОЛАТ ЕДІ-АУ…

Қалың қаламгерді үйір-үйір жылқыға теңесек, оның ішінде сәйгүлігі де, арғымағы да, пырағы да, шабаны да аралас болатыны сөзсіз. Ата-бабамыз «Шын тұлпар бойын жасырады» дейді. Кемелбек көкеміз шын мәнінде бойын жасырып, алысқа шабатын арғымақ сияқты еді-ау. Асау болатын. Әдетте асауларды құрықтап, тұсаулап, шідерлеп ұстайтын немесе қазыққа байлайтын. Бұл тұрғыдан келгенде, кешегі Кеңес өкіметінің тұсауына, шідеріне, қазығына көнбеген қаламгер болатын. Тістегенін тірі жібермейтін нағыз сатирик-тін. Айтпайтын, айтса, айтқанынан қайтпайтын сатирадай жанрдың жауынгерінен айырылып қалдық.

Көпен ӘМІР-БЕК

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір