Аңқылдап ескен желдей…
Ғаббас Жұмабаев – орыстың бұрынғы, соңғы ақын-жазушыларын қазақ тіліне көп аударған кісі. Мәселен, Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Хоста Хеттагуров, Самед Вургун секілді туысқан халықтар әдебиеті үлгілерін аударды. Әрі қарай санай беруге болады. Өйткені, ол үздіксіз еңбек ететін, тек қана еңбек иесі еді. Біздің кейбіреуіміздей жастықтың буымен серілік қуу, қонақ, мәжіліс, думан жасау оның мінезінде жоқ еді.
Ғаббас Жұмабаев – талантын да, кісілігін де уақытында ешкім кемсітпеген, әдебиетіміздің ақсақалдары мойындаған, мойындаған соң еркелеткен, қаламының жүйріктігі мен барынша еңбекқорлығы ауызға ілінген, толық мағынасындағы ірі ақындық тұлға екендігі даусыз.
Ғафу ҚАЙЫРБЕКОВ
Қызықты күндерді бір кешкен, қиын күндерде қасымда болған, алаңсыз ақкөңіл, қылдай қиянатсыз, ары таза, жаны жарқын, аңқылдап ескен желдей – Ғаббас!
Зейінді де зерделі, талантты да сауатты, уақыттай ұшқыр сенің әдебиет шаруашылығында қалдырған орның өзіңнің туған Алакөліңдей айдын-шалқар!
Сырбай МӘУЛЕНОВ
«Күндерім менің күркіреп өткен секілді,
Күресті көрдім, тартысты көрдім не түрлі…
Келешек ұрпақ өткеннен есеп сұраса,
Күмілжіп, қолмен қалқалай алман бетімді».
Зиялы қауым арасында талантты ақын, дарынды журналист әрі шебер аудармашы Ғаббас Жұмабаевты білмейтіндер кемде-кем. Ол тірі болғанда биыл 5 мамырда 95 жасын тойлап отырар еді… Туған күніне орай Қостанай облысы, Меңдіқара ауданындағы қаламгердің есімі берілген білім ордасында «Жыр болып ағып, жұлдызға қанат жаямын» атты салтанатты жиын өтті. Мектеп қабырғасына даңқты азамат, сөз өнерінде айрықша қолтаңбасы бар тұлғаға арналған ескерткіш-тақта орнатылды. Есімі көпшілікке танымал азаматтар танымы мол естеліктер айтты.
– …Әкем өмір бойы туған жерін ардақ тұтып өтті. Басқа қалаларда, Алматыда тұрса да Меңдіқараны жырының темірқазық арқауы етті. Қостанай өңірі туралы жазудан еш жалықпайтын. Әлі есімде, Б.Момышұлы,
С.Мұқанов, С.Мәуленов, Қ.Тоғызақов, Д.Әбілев, Ж.Жұмақанов, Х.Ерғалиев, К.Шаңғытбаев, М.Дузенов, Е.Арысов, Ж.Молдағалиев, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин, Ә.Еспаев, Ғ.Құрманғалиев, Л.Хамиди, А.Жұбанов және т.б. әйгілі адамдар әкемнің шаңырағында жиі қонақ болатын. Бұл адамдардың әкеммен сыйлас болғандарына мақтанамын. Өйткені мен білетін әкем ақылды, барынша әділетті, уәдеге берік, мінезге бай адам еді, – дейді ақынның қызы.
Айгүл Жұмабаева
«Ағамыздың ақындығы өз алдына, аудармашылық қырына тоқталғым келеді. Бұл кісі шетел шығармаларын қазақша сөйлетіп қана қоймай, қазақ туындыларын орысшаға аударды. Солардың бірі – Ғафудың «Дала қоңырауы» поэмасы. Кезінде бірнеше облыстық газетте жарияланып, кейін кітап болып басылып шықты. 5000 жолдық шығарманы 10-ақ күнде аударған дегенге ешкім сене бермейді. Еңбекқорлық деген осындай-ақ болар. Бұл кісінің есімі келешекте бір көшеге немесе бір мектепке берілер күн туар».
Ғұмар Ахметчин,
Жазушылар одағы ҚОФ директоры
«Жас күнімізде үйінде талай болдық. Қайнекей Жармағамбетовтің шаңырағында жиі кездесетінбіз. Ағамыз момын адам еді. Өте еңбекқор болды. Орысшаны бір кісідей білетін Ғабит Мүсірепов «Ұлпанды» аударуды осы Ғаббас ағамызға сеніп тапсырған. Ағамыз аса сауатты аударып шығып, Ғабитті таң-тамаша қылған екен. Бірақ кітаптың «Тәржімалаған» деген тұсына белгісіз орыстың тегі көрсетіліп кетті».
Серікбай Оспанов,
ақын
«Ағамыздың өлеңге де, қара сөзге де шебер, екі тілде еркін жаза беретінін былай қойғанда, бұл кісі сатира жанрына да қалам сілтегенін айту керек. Өткір фельетондары тілінің уыттылығымен оқырмандардың назарына ерекше ілікті. Әрі сол тұста Ғаббас ағамызбен иін қағыстырар фельетоншы кем де кем болды».
Дамир Әбіш,
сатирик-жазушы
(Толық нұсқасын газеттің №23 (3657) санынан оқи аласыздар)