ПОРТРЕТТІҢ ҚИМЫЛСЫЗ ҚИМЫЛДАРЫ
13.06.2019
144
0

Оңайгүл ТҰРЖАН

ПОРТРЕТТІҢ ҚИМЫЛСЫЗ ҚИМЫЛДАРЫ

Шақырғандай шыңдардың тұйғын-дәмі,
Қыл қалам-ай, жанға сән құйдың-дағы,
Көзімді арбап барады мына жерде,
Портреттің қимылсыз қимылдары.

Мен де, шіркін, сала алсам! Саумал кешіп,
бара жатса қаламнан баулар да өсіп,
Киіктердің киесі қарай қалса,
Ақ қағаздың бетімен таулар көшіп.

Сәнге құмар баяғы кезім болса,
Төзімдейін қолымда төзім қалса.
Мұхиттай ғып мұхитты көрер едім,
Жүректе теңіздейін сезім болса.

Жазсам сонда мен оны қыл қаламмен,
Ол ғаламды жайнатып бұл ғаламмен.
Гүл термеген даламды кескіндесем,
Жұмсарар ед темір де, сынбағанмен.

МЫҚТЫ ЕКЕН…

Заман келді бір түрлі! Өңім бе екен, түс пе екен?
Оттан өткен көрікті болатындай тұс па екен?!
Білек-білек қайратқа сенер күн де қалған-ау,
Ана-а-ау толқын өзінің теңізінен күшті екен.

Өзен-өзен күнінің болмай талай күткені,
Қажытады тіршілік, өмір ғой көп нүктелі.
Өле жаздап жүргенде, мені өлтірмей ап қалған –
Құштарлығым өмірге өзімнен де мықты еді.

Шың басында қарағай – қалай ғана шықты екен?
Тасқа тамыр тастаған – оған, сірә, құт мекен?!
Бірін-бірі иыққа ап, тауды тау ғып көрсетер,
Мына тастар өзінің тауынан да мықты екен.

Күлдір-күлдір кісінеп шыға бермес көп күлік,
Үміт ылғи тұра ма қарсы алдыңда бек күліп.
Бірін-бірі иыққа ап, бірін-бірі көтерер,
Қазағымның ұланын тастап кетпе, тектілік!

АҚПАРАТТАР СОҒЫСЫ

Бірімен-бірі – қан қасап,
Бітпеген сөздің майданы.
Ақылын біреу алға сап,
Алға сап біреу айланы.

Біреулер қырын кетеді,
Біреулер сөзде тоғысып.
Жер шарын дірілдетеді,
Ақпарат біткен соғысып.

Әр сөзге өзі есепші,
Ақпарат-түйін күшінде.
Талайлар отыр – өсекші,
Сөздердің үйіндісінде.

Сөйлейді ұлы қалалар,
Ауылмен мүлдем жоқ ісі.
Жаңа тәсілмен жаралар,
Жаңа заманның соғысы.

Жүз сұрақ және жүз есік,
Ақпарат-бәйге жарысып.
Қақшиған сөздер сіресіп,
бақшиған сөзбен алысып.

Жолыңа ешкім үймейді от,
Бомба ғып сөзбен жарады.
Айырмашылығы – тимейді оқ,
Алайда, бәрі жаралы.

МЕН ТУҒАН ДАЛАДА

Бір қарасаң, дым да жоқ бұл далада,
Көзің барып тірелер шыңға ғана.
Тек, ана-а-ау бір тастардың тас тілінде,
Әулиелер сөйлеп тұр мұңға орана.

Аңыздарын қалдырып ән-құтындай,
Олай-былай көшкен жер халқы тынбай.
Әлі желіп барады төбелер де,
Шыңдардың сарқытындай.

Теңіз бар қара түнде Ай ұмтылған,
Жалаңаш жағасына қайыр тұнған.
Таулары бар заманнан үркіп келіп,
Теңізге секіруге дайын тұрған.

Сарыүйектің естіліп үйек-демі,
Аңызымен келеді сүйеп мені.
Ол аңызды тыңдаса, жылайды үнсіз,
Бұл теңіз де селкілдеп сүйектері.

Аққу болып көрініп қоғасында,
Мұң ағады сай-сай боп сорасында.
Уақыт заулап барады бұл жерде де,
«Қазір» менен «сосынның» арасында.

БҰЛ ӨЛЕҢДІ МЕН-ДАҒЫ ЖҮЗ ҚАЙЫРДЫМ

Бұл өлеңді мен-дағы жүз қайырдым,
Бұл өлеңді сен-дағы жүз қайырдың.
Тереңінде бір тамшы су қалмаған,
Мұхитына барғанда Тұзбайырдың.

Естілмеді таулардан қаршығалы үн,
Ол да сарқып кеткен ғой жан-шыдамын.
Қара жусан құныға жұтады кеп,
Тамбай кеткен жаңбырдың тамшыларын.

Әппақ таулар тауысып тас бұлағын,
үнсіз шырқап тұрады ақ сұр әнін.
Селеу де жоқ шақырар бұл далада,
Мүсініндей жалтылдап ақсыланың.

Шөл деген де – өзінше тылсым көрік,
Тылсым көркін нұр-жауын жусын делік, –
деп тағы да өлеңді жүз қайырсақ,
Әй, ол да жарытпайды-ау сусын болып.

Жатыр сол-а-ай кеберсіп құмақ дала,
Бұл даламен жүгірмес бұлақ-бала.
Сонда да жіпсіз байлар, Туған жер-ай,
Сендей жұмақ жоқ шығар жұмақта да!

ҮРЕЙ МЕНЕН ҮМІТТІҢ ҚОСЫНДЫСЫ

Жаһандықтың сарсап қып тосын күші,
Біздің өмір – жүректің шошындысы.
Көңілдердің төрінде – екі ұдай күн –
Үрей менен үміттің қосындысы.

Жанға жылу бере алмай елес-күнің,
Елес күнде елес-сөз көп естідің.
Үрейлер де үрейлі емес қазір,
Үміттер де үмітті емес бүгін.

Саясаттың сөзі де тоқсан бұрым,
Бірдеңе айтқан болады қашқан құның.
Жанып-сөніп тұрады ұлы армандар,
Кімге айтарын біле алмай астар-мұңын.

Сөзің мықты болғанмен, сырың ұяң,
Желісінен жібермес құлын-ұяң.
Сен де алаңсың, әйтеуір, мен де алаңмын,
Шетің де, бетің де жоқ ұлы қиян!

ҚАЙДА ЗЫТЫП БАРАСЫҢ, ҚҰМАЙ-ЗАМАН?

Талай бетін тарихтың ылайлаған,
Күндердің көшесінде шыр айналам.
Адамдардың нөпірін алдыңа сап,
Қайда зытып барасың, құмай-заман?

Сөзшең уақыт!
Шексіз ой – долбар сырлы,
Сан ақпарат!
Мен ғана аңғал сынды.
Жан-дүнием түбінде сан пікірмен,
Жүз мың адам жиналған зал бар сынды.
Уақыт-дауыл!
Тайызға күлім қаққан,
Қырғын айқас салуда пірім-датқам!
Дәуір ғой бұл – жан беріп, жан алысып,
Рухтардың соғысы жүріп жатқан.

Баба рухы –
адамзат іліміндей!
Тіпті оның күні түгіл, түні – күнгей.
Жұрнақ, жалғау, шылауың жалғанса да,
Сөйлемнің өзгермейтін түбіріндей.

Ұқтық соны, алдымыз – кемел ақыл,
Тайыздықтар таңғалып өледі ақыр.
Ал біздің жандүниені ұғатындар,
Жиырма екінші ғасырда келе жатыр…

(Толық нұсқасын газеттің №23 (3657) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір