У
07.06.2019
1105
0

« …Сірә, мен сендердің шоқынғандарыңа шоқынушы емеспін. Сондай-ақ сендерде менің құлшылық қылғаныма құлшылық қылушы емессіңдер. Сендердің діндерің өздеріңе, менің дінім өзіме тән».
«Кәфирун» сүресі,
4, 5, 6-аяттар

Дәнеш Ахметұлы

Әңгіме

Таң намазын оқып болғаннан соң, Тайман қарттың өзін ілкі сәт болса да дүние шуы­нан алыс ұстап, жан тыныш­тығына кенелетін әдеті болушы еді. Сырты қызыл пүлішпен тысталған қасиетті Құран беттерін үздіксіз ашып, әлдебір сүрелерді іштей қайталап, бет сипап, сопылық күй кешетін. Тәңіріне тәубе ететін.
Бұл діншіл, тақуа қарттың күнделікті жаңылмайтын, жаттанды қарекеті еді. Әйтсе де кешеден бері сол қалыпты қағида, мызғымас машақаттың бей-берекеті кеткен.
Тайман қарттың реуіші бүгін тіптен жаман. Бар ашуы бетіне шығып, аямасқа бекінгендей болып, долырып алыпты. Қабағы қатыңқы, қисықтау қой көздерінің болаты ашуға жанығандай шақырайып тұр. Қоңырқай пішіні өрт сөндіргендей күңгірт тұнжырайды. Таң намазынан кейін сергелдең күй кешті. Сүрелерді де ұзақ қайталамады. Қызыл мұқабалы Құранға да қол созбады. Оның есесіне терезе алдындағы орындыққа сылқ етіп отыра кетіп, беймаза күй кешті. Қарғанатын да жөні бар…
Тегінде Тайман қарт өркені өсіп, көсегесі көгерген адам. Үш ұл, үш қыз қатарға қосты…
Екі ұлы үйленіп, жеке шаруа қожалы­ғының аясында өз дәнін өзі теріп, өз күндерін өзі көріп жүр. Оған да тәуба… Оқымады дегені болмаса, олардың да қарны тоқ, көйлектері көк. Ал, осыдан екі жыл бұрын мектеп бітірген кенже ұлы Мұра қала жағалап, оқығысы келетінін көлденең тартып еді. Ол кезде әйелі Айбала да тірі болатын. Тайман қарт та, ақылгөй ана да қарсылық жасамаған.
– Оқимын дейсің бе, – деген қарт үні құмыға шығып, – оқы. Балаларымыздың ішінен біреуі оқыса, тақиямызға тар келе қоймас. Алла алдыңнан жарылқасын…
Сонымен Мұра ата-анасының риза­шылығын арқалап, алысқа жол тартқан. Алтын медальға қолы жетпегенімен, оқуы да жап-жақсы еді. Әйткенмен, алғашқы жылы оқуда жолы болмаған. Тест сұрақтарынан жаңылып, маңдайы тасқа тигендей еді. Ойламаған тұстан опық жеп, үміті әлсіреген Мұра ауылға келуге арланып, сонда қалып қойған. Базар жағалап, сауда жасағансып, жанбағыс жағын күйттеген. Алты ай өтіп, анасы дүниеден озғанда жылт етіп, бір көрінген күйі ауылға ат ізін салмады. «Е, жүрген шығар, – деп әке байқұс арқасын кеңге салған, – қалада кім қаңғымай жүр дейсің. Мұра да соның бірі. Базар жағалапты дейді. Онысы да дұрыс. Заманның репеті солай болып тұр ғой».
Алайда, бұл өзін-өзі жұбату көпке созылмады. Көп ұзамай «Мұра мұсылмандықтан безіпті. Мойнына темір крест тағып, кәпір болып кетіпті. Дінін долларға сатып, шоқыныпты» деген тәрізді алыпқашпа сөз тарай бастады. Бұл хабарды естігенде шалдың өнебойы дір ете түсті, сол суық дірілмен қоса бойына намысты ашу жиылған. Ел сөзіне сенерін де, сенбесін де білмей, екіұдай күй кешкен. «Ит екеш ит те бірдемені біліп үреді. Әй, осының арғы жағында бір шикілік бар-ау. Өй, тумай кеткір, – деп онан ары қарғана түсетін, – тумай кеткір шикі өкпе, түсік боп түсіп қалсаң, етті одан да…»
Оңашада өстіп күйзелген қарт артынша өзін-өзі тағы жұбататын. «Ел не демейді, тәйірі. Бәлкім, өтірік те шығар…»
Әңгіменің шындығына жетпек үшін осы ойын ортаншы баласы Қайнарға айтып еді, ол иығын қиқаң еткізіп, алақанын жайды. Білмеймін дегені. Келіні кәдімгідей келелі сөз айтты.
– Ата, – деген баптай сөйлеп, – осы күні қалада кришнайт, не болмаса бөгде дін тобына кірем дегендер кіре береді.
– Сонда қалай болғаны?
– Қалай болғаны сол, әлгі қаңғыбасты бөтен дінді уағыздаушылар долларға сатып алады да, шарт қояды.
– Сонымен?
– Сонымен әлгі әңгүдік ақшаға алданады да, мойнына крест тағып, өзге діннің пендесі болып шыға келеді.
– Мұсылман емес?!
– Емес.
– Ол өзі аз күндік алданыш па, арты қалай?
– Жоқ, оларға бір кірген адамның шығуы қиын. Әу баста дін бұғауын мойнына мықтап салады да, артынша өзге өңірге жер аударады.
– Жер аударады?..
– Иә, ата, басқа жаққа жібереді. Қара теңіз бе, Ялта ма, білмеймін, әйтеуір өзде­рінің бір орталығы бар. Сонда аттандырады. Апарған адамына кришнайт дінінің барлық негіздерін үйретеді. Тарихы, шежіресінен тартып, күнделікті не істеу қажетіне дейін ұғындырады. Жан-дүниесіне басқа діннің рухын сеуіп, соған баулиды.
– Сонымен?
– Сонымен арада ай өте ме, жыл өте ме, әлгі мұндар әбден кәпір болғанда өзге бағытқа жұмсайды.
– Бұл әркімнің өз еркімен болатын шаруа ғой.
– Иә, солай.
– А дегенде, – деп қарт қамыңқы, күңгірт тіл қатады, – бұған тек мүскіндер, жан баға алмағандар кіреді дедің ғой.
– Әрине, ата солай. Бұған, негізінен алғанда, нан тауып жей алмаған өлепаттар кіреді.
– Басқаға басқа, – деп сөз бастаған қарт үнінде енді уайымнан гөрі, өксік аққан ыза, күйініш анық сезілетін, – ал Мұраға не жоқ? Немді аядым содан, не жетпеді иттің ғана баласына? Барды басқа теуіп, өзімді де, өзгені де жерге қаратқанын қарашы. Сүйегіме таңба салды-ау, қайтейін.
Тайман қарт осылайша пұшайман болғанда, екі ұлы: «Біз тірі тұрғанда Мұра ол жолға түспейді. Қайтсек те түзейміз. Өз қатарымызға қосамыз», – деп күпсінді. Екі келіні де қайнысын жаман жолға қия алмай, кіріптар күй кешті.
Көп ұзамай қарт өз байламын айтты.
– Әлгі кәпір, итаяқтан безген ит секілді ауылдан безді. Қалайда шақыртып алайық, – деп еді өзгелері қоштай кетті.
– Сол жөн болар.
– Келе қалған күн болса, өз ойымызды жіңішкелеп, сатылап жеткізейік. Сақ болайық, – деді үлкен баласы.
– Осы жөн, – деді үлкен келіні, тарих пәнінің мұғалімі өзінше білімпаздық танытып, – абайсызда майып болса, не қандай бір пәлеге ұшыраса, сот алдында жауап беруімізге тура келеді.
– Өлмесе өмірем қапсын, – деді қарт қитығып, – Сонда бұны қалай шақыртамыз?
Тағы да жол тапқан үлкен келіні еді.
– Зейнеткер Қапан ағай етжақын туысымыз, екі көзіміздің бірі. Сол кісі кешікпей қалаға жол жүрмек көрінеді. Жасыратын несі қалды, толық жайтты айталық. «Әкең қатты сырқат, әл үстінде жатыр» деп өзі бастап ертіп келсін.
– Дұрыс, бірақ оны қаланың қай қуысынан табамыз?
– Қаланың пәлен жерінде кришнайттың храмы бар. Демалыс сайын әлгілер тегіс бас қосып, сонда жиналады. Сол арадан табылады.
– Жөн, жөн.
Көп кешеуілдемей туыс аманатын арқалап, құпия тапсырма алғандай Қапан да қалаға аттанып еді…
Ауыл кеші. Мал өрістен қайтқан кез. Көк түсті жеңіл машина ауыл сыртына кеп тоқтады да, қара сұр киімді өндірдей жас жігіт тездете басып, көше бойлап келе жатты. Көшенің қараңғылау тұсында аршындай қадам басқан ол жарық жерге келгенде күйбектеп, кібіртіктей берген. Алдынан қарайғанның бәрі оның жан-дүниесіне біртүрлі үрей, қорқыныш туғызғандай еді.
Бұл баяғы мұсылмандықтан безіп, кришнайт дініне мүрит болған Мұра еді. Ол ауылдың нақ ортасына жетіп, оңға бұрылғанда анадайдан өз үйінің сұлбасы да көрінген. Үй сыртын қоршап, қаумалай өскен зәулім теректер суық қарауытып, тұнжырай қалыпты. Сәт сайын үй маңы, қақпа нобайы анық айқындала түскен. Жігіттің өз-өзінен дегбірі кетіп, тынысы тарылды. Егер өз діні болса, мұндайда «Бісміллә» деп іштей иман үйірер еді. Өзі білетін әулиелердің атын атап, ата-баба әруағына сыйынып, солардан медет тілер еді. Мұра өзге діннің өкілі екенін терең сезінген сайын құты қашып, қапелімде не істерін білмей, пұшайман күй кешкен.
«Бісмілләсін» айтып жіберуге әл-әзір қалды да, жағын қарыстырып, тілін тістей қойды. «Әкем не дер екен, – деп қиналды үй шарбағына таяп қалған ол, – әкем не дейді, әуелі. Құдай бір, күн ортақ екенін түсініп, дін атаулының терезесі тең екенін сезініп, мені кешірсе жарады. Ал, түсінбесе ше… Өзі ауру дейді. Менің ісім ауруға ауру қосып, өліміне себепші болса, елге не бетімді айттым?.. Бірақ Құдай бір, күн ортақ. Тәуекел».
Түпкі үйдің есігі баппен ашылып, келінінің ашық-жарқын үні естілді.
– Ата, балаңыз келді.
Тайман қарт аласа үстелге қызыл мұқабалы Құран жайып қойып, бейғам отыр еді. Мына хабарды естігенде бойын жиып, қалбалақтап қалды.
– Келді ме, – деді келінінің не айтқанын анық естісе де, қайталап сұрақ қойып, – осы кәзір келді ме?
Келіні де әлгі жауабын қайталап шықты.
– Иә, ата, келді.
Соның артынша ашық есіктен үстіне күз күніне лайық жеңіл қара жамылғы, басына төбесі жайпиып, қоралана біткен қара доқаба, дөңгелек бөрік киген, талдырмаш денелі, жап-жас жігіт кіріп келе жатты. Кірген бойда:
– Ассалаумағалайкүм, – деп сызылта сәлем берді.
– Әлікіассалам, – деген қарттың ерні жыбыр ете түсті. Баласының қос қолын алып, бетіне бағжия қарап:
– Балам, келдің бе, – деді.
– Келдім, – деді Мұра.
Қарт бұдан ары не айтарын білмей, тосылып қалып еді. Расында не деу керек?! Өзге діннің өкілі мұсылманшылап, мұндай сәлем бермесе керек еді. Баласының бұлайша есендесуі өше бастаған үміт отын үрлеп, сезім әлемін сәулелендіре түскен. Іші жылып қалды. Ол Мұра бойына сұқтанып қанша қараса да, пәлендей өзгеріс таба алмаған. Сол баяғы қалпы. Қаланың әсері шығар, қара торы өңі бозғылданып, тарала түсіпті. Ұялы қара көздерін көмкерген қияқ қастары жігіт өңіне өзгеше шырай беріп, құп жарасып тұр. Киген киімі де пәлендей әбестік таныта қоймаған. Тек төбесі қоралана біткен, қара доқаба бөркі ғана қарт көңілін алаңдата берген.
«Әй, осы бас киімде бір пәле бар, – деді қарт ішкі шошынуын жасыра алмай. – Бұл бәтшағар бекер дөңгеленіп тігілмеген. Жә, асықпалық, әліптің артын баққан жөн…»
Жігіт ауыз үйге шығып, сырт киімде­рін шешіп, қайта кірді. Кішкентай бауырлары­ның атын атап шақырып, бетінен сүйді. Қаладан өзімен бірге ала келген азғана базарлығын жеңгесінің қолына табыс етті. Ортаншы ағасына да ибамен қарап, ізет көрсетті.
«Әй, мұның кәпірлігі бір болса, киімінде, – деді қарт тағы іштей толқып, – дөңгеленіп тігілген бас киім мен сөлбірейген қара шапан бекер емес. Кәпірдің имамы ұзын киеді, тіршіліктен кекшіл болып өтеді деуші еді. Әнзалы сол рас. Әй, не де болса, бір тауқымет бар…»
Көпке бармай үй ішін құйын аралап өткендей бір жайсыздық жайлап алғаны рас еді. Кімге не айтарын білмеген Тайман қарт үнсіз сілейе қалыпты. Ортаншы ұлы ішіп отырған асын ысыра салып, тоңқаңдап, далаға ұмтылған. Жас қонақ осындай бір пәленің боларын анық сезініп, жарықтан қашқан тарақанның күйін кешкен. Тек келін ғана еді, іші алай-түлей болып тұрса да сыр бермеген.
Оңаша бөлмеде, аласа үстелдің екі жақ шетіне жайғасқан әке мен баланың арасындағы көптен күткен әңгіме де басталып кеткен еді…

(Толық нұсқасын газеттің №22 (3656) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір