АШТАРДЫҢ РУХТАРЫ
07.06.2019
264
0

Сәкен Сейфуллин

Желбіреген, желкілдеген,
Қызыл желек жел ескен,
Елестеген, көлестеген,
Көлеңкелер, кет естен.

(әңгіме)

Отарбаға мініп, қаладан жөнелдік. Әуелі жай дүрсілдеп, ыңқылдап теміржолмен сыр­ғанай жүгірді, бірте-бірте екпіндеп, сумаңдап, заулай жөнелді. Қарсы жүгіріп ағаштар, қала­ның шетіндегі бөлек-бөлек қоралар, үйлер, үй­шік­тер, телеграмның бағаналары бұлдырап қалып жатыр. Қаладан шықты, қала бірте-бірте көрінбей қалды. Екпіндеп отарба ен далаға шықты. Ашық кең далаға шықты. Ан­да-санда қазақтың үшеу-төртеуі бірге отырған қараша жыр­тық үйлер көрінеді, мал жоқ, жан жоқ, бірен-саран ғана қараша үйлердің жа­нын­да түрсіз қоңыр киімді адамдар қыбыр­лайды.
Отарба адамға толы. Әр вагонның ішінде һәм есіктерінің алдарында, басқыштарында аяқ басар жер жоқ. Бәрінде иін тіресе тұрған адам, бұл адамдардың дені аштар. Өң жоқ, түс жоқ. Кепкен, солған. Бет-ауыз, қолдары қан­ша уақыттан бері жуылмаған, кip-кip киімдері тозған, жыртылған. Шаң, топырақ басқан. Мойын­дарында, арқаларында асынған шоқ­пыт-шоқпыт дорбалары бар. Бұл отарбадағы адамдардың бәрін жабырқатып, қайғының қара тұманы басқан. Күлкі жоқ. Бұлар аштық­тан босып шұбағандар. Көбі қазақ, башқұрт, са­­қал­ды, жасы ұлғайған адамдар, жігіттер, 12-13 жастағы балалар, қыздар, қатындар. Бәрі бұ­ралған. Аш.
Бұлар жанталасып сенделуде. Қазіргі хал­де­рінің өң екенін, түс екенін білмейді. Бұлар естерінен айырылған, отарба бұларды тоқтат­пас­тан заулатып алып барады. Отарбада тыныс жоқ. Отарбада шаршау жоқ, еседі желді, кеседі желді. Алдағы көз ұшындағы қарайған нәрсе­лер демде бұлдырап келіп, артта жығы­лып қа­лып жатыр. Отарба заулайды. Кімнің қай жер­де қалатыны белгісіз. Міне, айдалада бір бекетке отарба келіп, ақырып тоқтады.
Қара айғыр ыңқылдай демалып, сызғы­рып ақырды. Қыбырдан бipеy мініп жатыр. Дабырлаған сөздер естіледі. Тірі өліктер, ылғи қап, дорба асынған адам, көздерінде ажар жоқ. Қазақ, башқұрт, орыс, көбі қазақ. Кең дала. Маңайда ел жоқ. Менің мініп тұрған ва­го­ным отарбаның ең артында. Міне, біздің алдымыздағы вагоннан едәуір адам түсті. Көбі қазақ. Бұлардың арасынан қазақ қатыны мен 12-13 жасар қазақ қызы шығып, бұраңдай басып барып, жолдың 20 қадамдай жанында жырадағы көгалдың үстіне отырды. Қыз-қатынның қызы болса керек, екеуінің қияпа­ты бір-біріне ұқсас. Қатын қоңыр жыртық шапанды. Белін буған, жамаулы кір киме­шек­ті. Кір, жыртық көйлегінің шолақ етегінен жаман етіктері көрінеді. Қыздың басында ескі қызыл желек. Үстінде кірлеген көк-ала жол бешпент. Көйлегі келте, мәсі байпағының сыртынан киген галошы көнетоз. Қатынның арқасында, қыздың мойнында асынған дорбасы бар. Екеуі де аштықтың зардабын тарт­қан һәм тартуда. Екеуі де делбе болған жыл­қыдай сенделіп қурапты. Жұлып тастаған көк жуадай солыпты. Екеуінің де шыбын жанды сақтау лажын ойлағандай, жанары мұз болып қатқан көз­дерімен екеуі де жан-жаққа қа­райды… қарай­ды… Есіктен қарап тұрған ма­ған қарайды. Көз­дері менің көзіме түсті. Көз­дерімен: «Бұл қалай болды?» – деп менен сұрағандай…
Міне, тағдырдың ісі! Міне, тұрмыстың ісі! Ра­қымсыз тұрмыс, міне, жүріп бара жатқан отарба. Онда тоқтау жоқ. Онда тіл жоқ. Оған әркім таласып мінеді. Міне алмаған – қалады. Отарба бетінен қайырылмақшы емеc. Жол бойы оған адам баласы жапырлап мінеді, жол бойы талай жан қақтығып түсіп қалады. Отар­баның астына түскен езіледі, жаншылады.
Міне, сызғырып отарба қозғала жөнелді. Түс­кен жұрт жабырласып мініп жатыp. Отар­баға қарап, орындарынан қозғалып, анау отыр­ған екі әйел де ұмтылды, ұмтылды, тұра ал­мады. Және ұмтылды, күштерін жинап ұмтылды, әрең тұрды. Жүріп бара жатқан отар­баға қарай екеуі қол ұстасып жүгірді… бұраңдап жүгірді… қыз бейшара малтығып жығылды. Қатын сүйеп тұрғызды… отарба жүріп барады. Екеуінің көзі менде, үндемейді. Бірақ екеуінің жалтыраған көздері: «Ағатай-ау! Бауырым-ау! Біз қалдық қой!» – дейді. Ышқынып ұмтылысты, тәлтірек­теп аяқтары бұраңдайды. Қыз бала тағы аяқ­тары шырмалып жығылды. Екеуінің жылап: «Қалдық-ау», – деген дауыстары естілді.
– Иә, қаласыңдар, қалдыңдар! Мен қай­тейін? Қолым сендерге жетпейді, отарбада тіл жоқ, қарамайды. Қалғанға қарамайды. Қараған емес.
Отарба күрсілдеп қатты жүріп кетті. Екі сор­лы: «Ағатай-ау!» – дегендей көздерін сүзіп қарап қалды. Мен құр қарап тұрдым. Бірте-бірте алыстап қыздың басындағы қызыл же­легі желбіреп қала берді. Отарба жылдамырақ жүгірді. Екеуі томашадай қарайып, бұл­дыр­лап, алыстан қызыл желегі ғана сағымдай желбіреп, айдалада қалды.
Отарба сырғанап жүре берді. Талай жерге аз-аздан аялдады. Талай аш адам жаңағыдай жолшыбай қалды. Талай кісі жаңадан мінді. Отарбада тыным жоқ. Жабырқаған көңілді біртүрлі қасірет, қайғы басты. Бірақ көз алдымда әлгі екі әйел.
Кеш болды. Ақшам батып, ымырт жабылды. Түн болды. Дүрсілдеп, ентелеп отарба жүруде, ымырт жабылған соң вагонның ішіне кіріп, сығылысып, бір бұрышқа қысылып, барып отырдым. Вагонның іші қараңғы, адам өте тығыз. Кейбіреулер ақырын күбір-күбір сөй­леседі. Сөздерін тыңдасам, айтқандары­ның бәрі: «Тамақ, тамақ, ас… аштан өлген адам, далада қасқыр жеп кеткен өлік: бұтаның басына ілініп желбіреп тұрған шүберекке барсаң, маңында өліктің жемтігі болады…» Міне, айтатын сөздері! Түн ортасы ауды, талай жаман қиын суреттер көз алдыма келді.
Ойымнан әлгі екі сорлы әйел кетпейді. «Біз қалдық қой» деген көздері менің көзімнің алдында қазір тұрғандай, «біз қалдық қой» деген сөз құлағыма ыңылдап естіліп тұр­ған­дай құлағымнан кетпейді. Екеуі қалды, маң­да­рында аңырайған, қаңыраған бекеттен басқа ешкім жоқ, жәрдем табар жер жоқ. Дағ­дарып отырып, аз қалған әлін жиып, делбе болғандай сенделіп, беті ауған жаққа екеуі жүреді-ау! Ел жоқ, күн жоқ, ақырғы күштерін жиып тағы жүріп, бір жер­де құлап қалады-ау. Бастарын сүйер адам жоқ. Ауыздарына су тамызатын жан жоқ. Қиналып жатып өледі-ау! Қасқырға, құсқа жем болып, онсыз да тозған киімдері бөлек-бөлек жыртылып, кимешегі, қызыл желегі бір бұта­ның басына ілініп, желбіреп қалады-ау!..

1922

(Толық нұсқасын газеттің №22 (3656) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір