Қазір кәсіби музыкант, кәсіби әнші, кәсіби суретші, кәсіби режиссер, кәсіби актер деген сөздер жиі айтылады. Кәсіби маманның өз ісіне мығым, әр ісіне жауапты келетіні шын, алайда, кәсібилікке жету жолында өз ұлтының ойшылдары мен білімділерінің жазған-сызғанынан, ұлтқа қызмет ету жолындағы өмірлік тәжірибелерінен мақұрым қалса оның шеберлігі кімге дәру? Біздің бұл сөзіміз кәсіби мамандарға деген қарсылығымызды аңғартпаса керек. Дегенмен, ұлттың өткенінен хабардар болу мен кәсіби деңгейге көтерілудің арасында белгілі бір мөлшерде кінәрат бар екенін растайды. Бұл журналистикаға да қатысты. Сөз ұстаған мамандардың қатарына журналистерді жатқызсақ та бірсыпыра тілшінің сөз қадіріне жете алмауының салдарынан шалахаттық жағдай айқын байқала бастады. Бұл олқылық сөз қолдануға ғана емес, ойлау жүйесіне де нұқсан келтіре бастағаны да шындық. Біз бүгін журналистика саласындағы кәсібилік пен ой түйіндеу туралы бірқатар мамандарға сауал жолдаған едік. «Жас қазақ» газетінің бас редакторы Срайыл СМАЙЫЛ, журналист Талғат ЕШЕНҰЛЫ, шығыстанушы-журналист, «Азат Еуропа/Азаттық Радиосы» компаниясы Қазақ қызметінің онлайн-продюсері Ғалым БОҚАШ сұрақтарымызға төмендегідей жауап берді.
– Журналистиканы ақпарат тарату көзі ғана деп түсіну белең алған заман. Кезіндегі үгіт-насихат құралы санайтын өлшем келмеске кеткендей, ағартушылық міндеті барын да ұмыттық. Біз секілді шағын ұлт үшін қағаз басылым міндетінің өзгешелігін қаншалықты ескеріп жүрміз. Жалпы, озық елдерде бұл жағдай қалай?
Срайыл СМАЙЫЛ:
– Қазақ баспасөзінің алғашқы қарлығаштары «Қазақ», «Айқап» газеттерінің бетін парақтасақ, бұл басылымдардың көбіне ағартушылық бағытта жарық көргенін түсінеміз. Сол басылымдардағы Міржақып Дулатов, Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Смағұл Садуақасов сынды арыстарымыздың талдау мақалаларын да оқимыз. Олар тек қазақ жеріндегі оқиғалармен ғана шектелген жоқ, бүкіл әлемдегі оқиғалардан хабар жариялап тұрды. Мәселен, Бірінші дүниежүзілік соғыс жайында, Юнанстандағы ахуалға назар аударыңыз деген материалдар бар. Кейбір мұсылман елдерінде, мысалы, Түркияда Грекияны әлі күнге Юнанстан деп айтады. Мұстафа Шоқай бір мақаласында Сырдария мен Әмударияның суын мақта алқаптарына бұру Арал теңізінің тартылуына әкеп соғады деп жазады. 1930 жылдардың басында автор мақта өсіру саласындағы бәсекелестіктің экологиялық апатқа ұрындырарын болжаған. Демек, ХІХ ғасырдағы қазақ журналистикасы тек ағартушылық қызмет атқарып қана қоймай, экологиялық, экономикалық проблемаларды талдап отырған. Әлихан Бөкейхановтың салық туралы, Ахмет Байтұрсыновтың жер өңдеуге қатысты жазған мақалалары осыған дәлел.
Тәуелсіздік алған жылдардан кейінгі қазақ баспасөзі де Қазақстан тәуелсіздігінің нығаюына көп қызмет етті. 1990 жылдардың басындағы «Ана тілі» газетіндегі материалдардың көбі ағартушылық сипатта болды. Уақыт өте келе газет пен журналдың ролі әлсірей бастады. Ақпаратты газеттен гөрі тез тарататын телевизия шықты, телевизиядан соң болған оқиғаны сол уақытта тарататын интернет қолданысқа енді. Осыдан кейін ақпарат құралдарының функциясы біраз өзгеріске ұшырады. Дегенмен, қазақ журналистикасы әр түрлі сипатта – мәдениет, спорт, саясат тақырыбында өз міндетін атқарып келеді. Ал сапа туралы әңгіме бөлек. Меніңше, қазақ баспасөзі о баста ашылған уақыттан бері қарай көп өзгере қойған жоқ. Ол мемлекетке, ұлтқа, елге рухани дүниелердің уақтылы жетуіне қызмет етіп келеді.
Талғат ЕШЕНҰЛЫ:
– Журналистиканың әлеуметтік, ағартушылық, танымдық және т.б. жанама міндеттері болғанымен, оның басты миссиясы объективті, оперативті және балама ақпарат тарату екенін қаперден шығармауға тиіспіз. Оның мақсаты үгіт-насихат немесе тәрбие құралы болу емес.
Қазақ журналистикасының тұтас ғұмыры тоталитарлық жүйенің тұсында өткендіктен әлгіндей қасаң, жадағай түсініктер миға, сүйекке сіңісті болып кеткен. Және сол стереотиптер әлі күнге дейін ақпарат кеңістігінің аяғына тұсау салып, жарға итерумен келеді. Жойдасыз шектеуге, орынсыз цензураға жол ашып отыр.
Өкінішке қарай, Қазақстандағы ақпарат құралдары қазіргі уақытта онсыз да «оқу-тәрбие, үгіт-насихат құралы». Оның мұндай ролі истеблшимент үшін, ешкімнің немесе ешнәрсенің өзгеруін қаламайтын консервативті топтар үшін аса ыңғайлы болуы мүмкін, бірақ бұл жағдай журналистиканың дамуына пайдасын тигізеді деп санамаймын. Керісінше, орасан кесірін тигізіп жатыр.
Ашығын айтайық, бұған жоғарыда айтқан цензура мен сүйекке сіңісті ғадеттер ғана кінәлі емес. Кінә өзімізден де бар. Бүгінгі қоғамдағы, әсіресе, ләппайшыл мінез-құлық пен мансапқорлық, конформизм, өкінішке қарай, бізге де жұқты.
Біз қазір журналист емес, артель ұйымдастыруға шыққан үгіт бригадаларына ұқсаймыз. Сондықтан ақпарат құралдарының мойынына оған мүлде тән емес міндеттерді жүктеп, аясын тарылтпай, еркіндігін шектемей, шынайы, нағыз журналистика жасауға өзіміз мүдделі болуымыз керек.
Қағаз басылымға байланысты. Меніңше, ақпаратты визуалды түрде бересіз бе, виртуалды түрде бересіз бе, ол маңызды емес. Ұзынқұлақпен де, аттың тұяғындағы, көгершіннің қанатындағы үшбу хатпен де өмір сүргенбіз. Енді бес-он жылда ақпарат жеткізу формасы да, құралы да түбегейлі өзгеретіні анық. Сондықтан журналист үшін маңыздысы ақпаратты немен бергенінде емес, қалай бергенінде ғой деп ойлаймын.Озық елдерде жағдай осындай.
Ғалым БОҚАШ:
– Тұтас алғанда Батыс елдеріндегі басылымдарды жалпыұлттық газеттер, коммерциялық таблоидтар және шағын салалық, я жергілікті бюллетеньдер деп кем дегенде үшке бөліп қарауға болады. Жалпыұлттық ірі газеттеріне анық, объективті ақпарат пен сараптама тарату тән. Жеке авторлардың байсалды һәм бейтарап комментарийлер де жарияланып тұрады. Таблоидтарынан үгіт-насихат пен дидактикалық ағартушылық, саяси жарнама байқалады. Салалық, я жергілікті басылымдар шағын ғана қала тұрғындарына, я кәсіп иелеріне қажетті әлеуметтік-экономикалық, мәдени һәм кәсіби мәлімет беріп отырады. Мысалы, егер сіз Вашингтон түбіндегі Мэриленд штатына қарасты Бетесда қалашығының тұрғыны болсаңыз, терең, толымды һәм объективті саяси сараптама оқығыңыз келсе, «Вашин-
гтон пост» газетін сатып аласыз; саяси өсек-аяң мен болжамдарға тәбетіңіз тартса, «Вашингтон таймз» таблоидын (форматы бродшит) қарап шығасыз; ал егер тұратын қалашығыңызда қай жол жөнделетінін немесе биоөнімдер сататын қандай жаңа дүкен пайда болғанын білгіңіз келсе, «Бетесда джорналға» үңілесіз. Бұдан бөлек дініңізге, тіліңізге, жасыңызға, нәсіліңіз бен кәсібіңізге қатысты да жеке-жеке категорияға жіктелген шағын газеттер жеткілікті. Барлығына тән негізгі ортақ сипат – биліктен тәуелсіз, цензурадан ада күйі түрлі көлемде табыс түсіріп тұрған жекеменшік бизнес. Жалпыұлттық газеттер мен таблоидтар «қандай да бір саяси бағытқа іш тартады» деп сыналып та жатады. Мысалы, жоғарыда айтқан «Вашингтон постты» «тым либерал», ал «Вашингтон таймзды» «тым консерватор» деп сипаттайтындар бар. Бірақ бұлардың бәрі қандай да бір оқиғаға қатысты барлық тарапқа сөз беру принципінен айнымайды. Өйткені, «тым біржақты басылым» ретінде аты шығып кетсе, оқырмандарының қатары сирейтінін, табыстары азаятынын жақсы түйсінеді. Ал барлық дерлік ірі басылымдардың тікелей, я жанама меншік иесі мемлекет болып қалған елдерде биліктен тәуелсіз, цензурадан ада БАҚ табу қиын. Шағын ұлт үшін болсын, алып ұлт үшін болсын тәуелсіз басылымдардың атқаратын міндеті біреу-ақ – елде не болып жатқанына төрт тараптан бірдей дүрбі салып, көпшілікке айна-қатесіз айтып отыру.
– Қазір ылдым-жылдым ақпараттармен ғана шектеліп, талдау жағына бармау қалыпты жағдай. Бұл ұлтты да, оқыған алдыңғы қатарлы азаматтарды да өсірмейтіні белгілі. Дүние ағымдарынан жетік хабардар болып, ұлттың жанына үңілмеудің ақыры неге апарады?
Срайыл СМАЙЫЛ:
– Интернет адамның ойлау қабілетін шектейді. Бұл – менің жеке пікірім. Ал журналистика сапасының төмендеуіне ең бірінші кезекте бұқаралық ақпарат құралдарындағы жұмыс істейтін адамдардың кітап оқудан қалғаны себеп. Кітапты көп оқитын журналист ылдым-жылдым ақпарат бермейді. Өзі куә болған оқиғаны қазақ жазушыларының немесе қазақ журналистерінің бұрынғы жазбаларымен, болжамдарымен байланыстырып жазады. Айтар ойын оқырманға қызықты етіп, оқылымды етіп жеткізудің тәсілдерін іздейді. Тақырыпты да қысқа-нұсқа, аз сөзге көп мағына бере отырып, жинақы қоя алады.
Ал ақпарат берумен шектелу мәселесіне келсек, мәселен шетелдік ақпарат құралдары ақпараттың өзіне ғана емес, оның берілу тәсіліне басты назар аударады. Журналист өзі дайындаған материалдың арғы көзін міндетті түрде көрсетуі керек. Ондағы газеттердің көпшілігі күнделікті шығатын басылым болғандықтан тек ақпарат берумен шектеледі. Талдау, сараптау мақалалары журналдың еншісінде. Бұл тұрғыдан алғанда біздегі журналдар артта қалып қойды. Таралымы көп журналдар өз оқырманын сараптамалық дүниелермен емес, жеңіл, көңіл көтеретін жазбалармен көбейтіп отыр. Сол себепті де, біздің газеттер әрі ақпаратты таратушы, әрі сараптама жасаушы қызметін атқарып келеді. Қазір ақпарат таратуда түрлі әлеуметтік желілер газет пен телевидениенің алдын орап кетті. Мұндай жағдайда сапаның төмендейтіні рас. Сондықтан газеттер тек ақпарат берумен шектелмей, әлеуметтік желіде тарап кеткен ақпаратты талдап, сараптап берсе, оқырманға тиімді болар еді.
Талғат ЕШЕНҰЛЫ:
– Осы сұраққа мына бір мысалмен жауап берейін.
Америкалық атақты тележүргізуші, елу жылдық журналистік қызметінде 40 мыңнан астам сұхбат алған репортаждар патшасы Ларри Кингтің «Осы мен мұнда не істеп жүрмін?» деген кітабы бар.
Ларри Кингтің журналистік қағидаларына, өлермендігіне қайран қаласың. «Усама бен Ладеннен көліктің жүксалғышының ішінде жатып сұхбат ал десе де, әдеттегі іс қой деп, таңғалмай бара берер едім» дейді.
Қырық жыл бойы, әрқилы жағдайларды – даңқты сәттерді, сәтсіздіктерді, жеңілістер мен жеңістерді бастан кешіп жүрсе де «Осы мен мұнда не істеп жүрмін?» деген сұрақтың миынан шықпай қойғанын, бұл сауалдың өзінің өмірінің мәніне айналып кеткенін жазады.
Бүкіл ғұмырыңа сабақ боларлық мысал ғой. Әсіресе, журналистиканың табалдырығын енді аттаған, осы бір қызықты да мехнатты мамандықты таңдаған іні-қарындастар үшін.
Меніңше, кез келген журналист күніне бір мәрте, жұмыстан кейін «Осы мен мұнда не бітіріп жүрмін?» деген сұрақты өз-өзіне қойып отыруы керек. Мұның артында «осы менің істеп жүрген тіршілігім өзіме ұнай ма; өмірлік қағидаларыма сай келе ме; азаматтық көзқарастарыммен үйлесе ме; журналистік этикаға жата ма; қала берді, мен бұл жаққа адасып келгем жоқ па өзі?» және т.т. сан сауалдар тұр. Сол сауалдардың тым құрығанда екі-үшеуіне жауап таба алсақ, ертеңінде жұмысқа ұялмай бара беруге болады. Мен бұл жерде осы мамандықты құлай сүйіп, таңдаған, осы жолға жан-тәнімен берілген, «журналист» деген абыройлы атақты ештеңеге айырбастамайтын әріптестерім туралы айтып отырмын. Олар аз емес.
Ал басқалары туралы… алдында жатқан бір бет қағаздағы жарты бет мәтінге үңіліп, ұғынбақ түгілі қатесіз оқып бере алмайтын «журналистсымақтарды» ұлттың жанына үңілмедің деп қалай сөгесіз?!
Ғалым БОҚАШ:
– Соңғы он шақты жыл ішінде бірқатар пост-советтік елдерде тәуелсіз, я оппозициялық ой айтатын БАҚ-тар жаппай жабылды. Ресми, я жартылай ресми басылымдардың ішкі цензура сезімі сіңген очеркизмге ұрынып, «пресс-релиз мазмұнды» бюллетеньдерге айналып бара жатқаны байқалады. Тек ішкі саяси-экономикалық мәселелер емес, халықаралық оқиғалар да терең талданып, талқыланбайды. Талқыланса, қандай да бір үстем саяси режимдердің идеологиясына сәйкес тәпсірленеді. Бейтарап сарапшылардың дауысы әр жерден бір шығады, орталық ақпарат арналарынан анық естілмейді. Менің ойымша, мұның соңы кәсіби журналистиканың біржола жансыздануына, шөл қысқан дененің құрғауы, яғни дегидратациясы сияқты азаматтық қоғамның біржола деақпараттануына, яғни жұтауына соқтырады.
– Журналист деңгейі қандай болуы керек деп ойлайсыз? Журнализм шетін мәселелерді көтеруде бір-екі ауыз сөзбен баяндауы да мүмкін. Мәселенің мәнін түсіндіру барысында ойшылдықтың жетіспеуі нені көрсетеді? Бүгінгі ой құбылысының қозғалысына бойлау жағынан мақұрым қалуымыздың себебі неде?
Срайыл СМАЙЫЛ:
– Еліміздегі журналист мамандар дайындайтын факультеттердің қазіргі сапасы қандай? Бұл жағын анық білмеймін. Дейтұрғанмен, оқу орнын бітіріп келген түлектерді жұмысқа қабылдау барысында байқағаным, өмірінде бірде-бір кітап оқымаған немесе төрт жыл ішінде бірде-бір ақпарат жазбаған қыз-жігіттер келеді. Бұл үрдіс газетте де, телеарнада да анық байқалады. Мұндай олқылықтың алдын алу үшін, меніңше теория мен тәжірибені қабыстырған жөн. Төрт жыл журналистика факультетінде оқып, бір ақпарат жазуды білмеген адамды маман деп қабылдау қиын. Біз оқыған уақытта алдыңғы буын мен кейінгі толқын арасында ұрпақ сабақтастығы бар еді, бізден үлкен ағаларымыз мақаланы бастау, аяқтау, тақырып қою барысын тәптіштеп үйрететін. Бұл үрдіс тоқтап қалды. Журналист мамандығын алған түлек көп, бірақ маман жетіспейді. Парадокс емес пе? «КазТАГ» ақпарат агенттігіне орыс тілді журналист керек» деген жүгіртпе жолдағы хабарландыруды көріп жүргеніме, қателеспесем, екі-үш айдың жүзі болды. Бұл қазақ тілді журналистикада ғана емес, орыс тілді журналистикада да кадр мәселесінің бар екенін көрсетеді. Журналист кітап оқымаса сөздік қоры болмайды, сөздік қоры болмаған соң тавтологияға ұрынады. Қазіргі ақпараттың бірсарындылығы да осы ізденістің кемдігінен. Кейбір футбол матчтарынан орыс тілінен тікелей аударылған сөздердің қисынға келмейтінін, тіпті күлкі тудыратынын көреміз.
Журналистика төңірегінде өткізіліп жатқан жиындар мен басқосулар көп. Олардың басынан аяғына дейін «осылай істеуіміз керек, солай жасауымыз керек» деп көп айтылады. «Керек» дегенге сүйенгеніміз болашаққа үміт артып жүргенімізді көрсетеді. Журналистиканың сапасын арттыруда әлі де нақты қадамға барған жоқпыз. Біздегі тағы бір олқылық – журналистердің бір салаға маманданбауы. Бір тілші барлық тақырыпта жаза береді, бүгін өнерді жазса, ертең қылмысты, бүрсігүні экономиканы жаза береді. Соңғы уақыттағы мұнай бағасының түсуіне байланысты белең алған дағдарыс қазақ журналистеріне экономика, қаржы саласын меңгеру қажеттігін меңзейді. Кейбір телеарналарда экономикалық бағдарламалар бар, бірақ олардың барлығы дерлік сайттағы, газеттегі материалдарды қайталап айтумен тынады. Бағдарламаның жүргізушісі инфляция мен дефляцияны ажырата алады дегенге күмәнім бар. Біз бүгінге дейін телеарналарда өнер адамдарын, оның ішінде әншілерді әспеттеп келдік. Одан көрермен жалыға бастады. Қазіргі оқырманға менің ойымша күнкөріс түйткілі, теңгенің бағамы, экономикалық жағдайдың болашағы жайында ақпарат керек.
Талғат ЕШЕНҰЛЫ:
– Осы кеше Мәскеу мемлекеттік университетінің журналистика факультетінде ұзақ жылдар декан болған Ясен Засурскийдің «Азаттықта» сұхбаты шықты. Қандай тұлғалар! Саналы ғұмырымен, мәдениетімен, парасатымен, ой-өресімен халыққа рухани сүйеу болатын әрі билікке, халыққа ақыл айтуға моральдік қақысы бар «авторитеттер». Сіздің сұрағыңыздағы журналистің деңгейі осыған жетеқабыл болуы қажет.
Енді әңгіме таза журналистика жайында болса, мен қазіргі ақпарат кеңістігіне ойшылдықтан бұрын объективтілік, шыншылдық жетіспей жатыр, жетіспей жатқан жоқ, ауадай қажет болып тұр дер едім. Мейлі қалай айтылсын, кімнің аузынан шықсын, үлкен-кіші, олпы-солпы болсын, әйтеуір ақиқат айтылып жатуы керек еді. Қазіргі қазақ қоғамы дәл бүгін ой тереңдігінен гөрі ой еркіндігіне мұқтаж болып отыр-ау деймін.
Екінші, «ой құбылысының қозғалысы» дегенде белсенді, естияр, интеллектуалдық журналистиканы меңзеп отырған шығарсыз. Кеңес кезіндегі қазақ журналистикасын сөз етпей-ақ қоялық, тәуелсіздік жылдары «Ана тілі», «Заман-Қазақстан», «Жас Алаш», «Дат», «Алтын Орда» тектес газеттер осы үдеден шыға білді. Қайта біз, бүгінгі журналистика сол деңгейді, сол серпілісті ұстап тұра алмадық. Енді қайтесіз, жоғарыда айтқандай, біз де осы мемлекеттегі, елдегі қалыпқа салынған, өзіңнің қалауыңсыз өзгеріп тұратын «саяси, әлеуметтік нормалармен» өмір сүріп жатырмыз.
Ғалым БОҚАШ:
– Журналистің әр саладан хабары бар әмбебап маман болуы мүмкін емес. Шебер журналистің бойында әр саладағы өзекті мәселелердің себептерін һәм шешу жолдарын, болған оқиғаның мән-жайын һәм маңыздылығын көпке түсіндіре білетін маман мен кейіпкерді дәл табатын «иісшілдік» қасиеті болуы тиіс. Мықты тілші өзі ой толғамайды, байыпты ой айтатын адамды тауып сөйлетеді; қандай да бір саясаткердің, я тұлғаның риторикасына еріп кетпейді, барлық тараптың пікірін анық тізбелеп, әсерлі баяндай отырып, оқиғаны ашып, аршып көрсетеді. «Файнэншл таймзда» ұзақ жыл істеген ұлыбританиялық бір ардагер журналист маған бірде: «Мені журналист қылған «Өзі шын мәнінде не болып жатыр?» деген бір-ақ сұрақ», – деп еді. Сонымен қатар, кәсіби журналист симпатия мен антипатия сезімдерін жансыздандырып барып жұмысқа кіріседі. Әлбетте, тәжірибелі журналистер кейде жанры комментарий, я блог екенін анық көрсетіп, жеке көзқарас тұрғысынан жазбасын жариялай алады. Бірақ алған сұхбаты мен жазған репортажына өз жанынан тұжырым, я тым қою эмоциялық реңк қоса алмайды. Егер «ойшылдықтың жетіспеуі» деп журналистің өзі зерттеген тақырыпты терең зерттеп білмеуін меңзесеңіз, ол – басқа әңгіме. Кеше ғана университет бітірген жас тілшінің өзі ойшылға айналғысы келіп тұрса – ол басқа кеп.
– БАҚ-тың бүгінгі бет-бейнесіне назар аударсақ, уақытша лауазымдағы адамдардың жаршысы сияқты. Бұл – үздіксіз қайталана беретін үрдіс. Негізінде қызмет тұтқасын ұстаған адамдардың қызметшісі болып көрінгенше хан мен Жиренше шешеннің ара-қатынасына бойлайтындай дәстүр қалыптасуы керек шығар?
Срайыл СМАЙЫЛ:
– Барлық елдегі журналистканың бірінші міндеті – бейтарап болу. Кеңес журналистикасының тәсілі Ресей журналистикасында сақталып қалды, оның кейбір сарқыншақтары бізде де бар. Ол – оқырманға өзінің көзқарасын, пікірін таңу. Бұл дұрыс емес, журналистиканың міндеті қоғамдық пікір қалыптастыру. Ол қоғамдық пікір қалыптастыру үшін журналист оқиғаны әттеген-ай, өкінішке қарай деген сөздерді қоспай қаз-қалпында беруі тиіс. Оқырман өзі елеп, екшеп алады. Шыңғыс Айтматовтың «Жанпида» деген романы шыққан кезде Мәскеу жұртшылығымен кездесу болды. Кездесуде оқырмандар авторға бір сұрақты қайта-қайта қойды. Романның ішіндегі бір сюжетке байланысты еді, оқырман жазушыға осы оқиға арқылы не айтқыңыз келді, дейді. Сонда Ш.Айтматов: «Мен өзімнің ойымды, көзқарасымды қағаз бетіне түсірдім, ал оқырманның қандай түйін жасайтыны өз еркінде», – деп жауап берді. Қазіргі журналистикада сол сияқты билік пен халықтың арасындағы көпір болуы керек. Бізде әкесін танытып, жер-жебіріне дейін сынасаң, мықты газет, мықты сайт, мықты телеарна деп есептейтін стереотип бар. Алайда, ол кейде журналистік этикаға томпақ келеді.
Тәуелсіздік алғаннан бергі уақытта қазақ баспасөзі тәуелсіздікке қызмет етіп келеді, әлі де қызмет ете береді. Мемлекеттің мүддесін қорғап, ұлттың жоғын жоқтап, намысын қорғауға негізделген міндеті басым болуы тиіс. Ұлттық қауіпсіздік мәселесіне келгенде кез келген ақпарат құралына мемлекет тарапынан бақылау болу керек деген пікірдемін. Бір мысал айтайын: 2005 жылы Америкадағы мұсылмандар туралы деректі фильм түсіруге АҚШ-тың барлық штаттарын араладық. Ол кезде Иракта соғыс болып жатқан еді. Америкада жүріп сол соғысты көрген әскери-инженермен сұхбаттасудың сәті түсті. Ол кісіге Американың телеарналары Ирактағы соғысты қалай көрсетіп жатыр, деген сұрақ қойдым. Әлгі инжинер СNN телеарнасының түсіру тобымен бір қонақ үйге орналасыпты. Инженер күндіз соғыс жүріп жатқан жердегі көрген жайттары мен кешке келіп CNN телеарнасынан көрсеткен жайттың екі түрлі екенін айтты. Оның себебін сұрағанымызда: «CNN қанша жерден тәуелсіз арна болғанымен Американың арнасы, сол үшін де Американың мүддесін қорғайды», – деп жауап берді. Демек, қанша жерден кемшілікті көрсету керек десек те, Қазақстанның баспасөзі болғандықтан осы елге қызмет ету, осы елдің мүддесін қорғау басты міндетіміз болу тиіс.
Талғат ЕШЕНҰЛЫ:
– Рас, қазір ел, қоғам өзімен терезесі тең отырып сыр ағытатын, мемлекеттегі, елдегі өзгерістерді, шетін жағдайларды ұғындырып беретін сұхбаттастарға зәру. Теледидар мен радио, газет оларды тегін ойын-сауыққа, күлкіге қарық қылғанымен, қу тіршілігіндегі күнделікті проблемаларын шешіп бере алмайды. Ал уақытша лауазымдағы адамдар, яғни басқарушы элита арасында да, өзге топта да қойшы шалдың киіз үйінде түстеніп, қою шәйді сіміріп отырып сұхбаттасатын құлық жоқ немесе уақыт тапшы.
Осы тақырыпқа қатысты мен мына нәрсені ғана айтқым келеді: сөз, ой бостандығының жетіліп, дамуы, болашағы мемлекеттегі, қоғамдағы аужайға тікелей байланысты. Егер мемлекет, билік халық пен өзінің ортасына ауызбіршілік көпірін салып, авторитарлық құрсауды босаңсытып, барлық салада шынайы реформаларды қолға алса, тым құрыса салыстырмалы түрдегі ашық, әділетті қоғамға бет бұрса, журналистика да, қоғамдық ой да ешкімнің жетегінсіз, өздігінен-ақ дамиды.
Ғалым БОҚАШ:
– Авторитарлық өтпелі кезеңде тұрған көптеген елдерде ресми, я жартылай ресми, жартылай тәуелсіз БАҚ шынайы журналистика принциптерін игеруден бұрын әкімшілік ресурстарға қол жеткізу мен аппарат ойындарында одақтас табу тәсілдерін жетік меңгеруге мәжбүр болады. «Мемлекеттік тапсырыс» атты ілгек бар, «ішкі цензура» деген шәңгек бар, «билікшіл құрылтайшы» деген өрмек бар, тағысын-тағы дегендей. Кәсіби қазақ журналистикасы ХХ ғасырдың басында енді қалыптаса бергенде коммунистік пропаганда құрбанына айналды. Ширек ғасырлық тәуелсіздік кезеңінде бастан кешіп жатқан халін жоғарыда айттым. Сол себепті де шығар, тайсалмай тәуелсіз ой-пікір жеткізуге қатысты фольклорлық Жиренше шешеннің образын ығыстырып шығаратын жаңа, шынайы бейнелердің, қаһармандардың қалыптаспай жатқаны. Бірақ өркениетті Батыс елдеріндегі БАҚ-тар да «принт капитализм» заманынан бері дамудың, жетілудің небір «тар жол, тайғақ кешуінен» өткен. Егер «коммунистік пропаганда» дәуірінен аман шыққан қазақ журналистикасы енді «еуразиялық пропагандаға» біржола жегілуден сақтанса, ХХІ ғасырдағы интернет пен озық технологиялар заманында «халықтың көзі, құлағы һәм тілі» болу функциясын толық атқара бастайды деп үміттенем.