ЕСІЛ ТІСТЕРІМ-АЙ!..
05.06.2019
2178
2

Акрам АХМЕДОВ

Усойқы тілді Оспанхан Әубәкіровтің әзіл-сықақ өлең, әңгімелері жылдар жылыстаған сайын өміршеңдігін дәлелдей түсуде. Қайсыбір дүниесі сиясы кеппеген шығармадай, бүгінгі қоғамымыздағы келеңсіздіктерге дөп тиіп жатады. Сықақшының өзге тілдерден жасаған тәржімалары да қазақ тілінде «дүниеге келгендей» қақшаң қағады. Басқалардың жатыпатарлық қана жазбасын қазақша құйыла қалғандай уыттандырады. Оқып отырып, күлкіге көміліп, аудармалары басқа тілден ауған әзіл, сықақ екенін ұмытасың. Қазақстанның Өзбекстандағы жылына орай оқырман назарына ұсынылған «Есіл тістерім-ай!..», «Жұртым-ау, ақыл айтшы Ешметіңе» тәржімалары бүгінгі күннің бет-бейнесін бедерлегендей.
Көз жүгіртейік…

Директор дедектетіп, бәрімізді кабине­тіне шақырып алды.
– «Ертең облыстан комиссия келеді» деген дүмпу бар. Біздің мектепте үңіліп үш күн отыратынға ұқсайды. Беттеріңмен жүріп, бейхабар қалмаңдар.
Жүрегім құлдилап өкшеме жеткендей болды. Комиссия деген тажалы әлбетте сабаққа кіреді, тырнақ астынан кір іздейді. Құдайдың қайдағы жоғын сұрап, есіңді екеу, түсіңді төртеу етеді. Жұмыс жоспары, күнделікті іс реті, сабақтан тысқары тірлік, пионер жұмысын бақылау, ата-аналармен байланыс, өзіңнің біліміңді көтеру, дене тәрбиесі… Басқаларды білмедім, әйтеуір, өзімнің өңім бұзылып, берекем кетті. Ко­мис­сия келгенше шыбын жанымды қоярға жер таппай, зәрем зәр түбінде жүр. Не іс­тесем екен? Қарақұрт тигендей тырп етпей, үш күн мұрттай ұшып жата тұрсам… Дәрігер қыңқ етпей, дегеніме келісетін бір сырқат тапса болар еді.
Ойлап-ойлап, ыңғайлы сырқат таптым. Сабақ бітуге он бес минут қалғанда ойбай­лап кеңсеге бардым. Бақытыма орай, директор да, оқу ісінің меңгерушісі де орындарынан табылды. «Не болды?» дегендей маған қарай береді. Мен одан бетер ұлып, жағымды ұстадым.
– Тіс ауруы көзге тікен кіргеннен жа­ман. Дәрігерге көріну керек.
Еңіреп отырып емханаға бардым.
– Иә, кел, мұғалім, не болды? – деді дәрігер.
– Ойбай, қу ғана тісім, ойбай!
– Кәні, былай кеп отырыңызшы. Аузыңызды аша қойыңыз.
Аузымды ашып қойып, айқайымды аялдатпай айта бердім.
– Қай тісіңіз?
Не десем екен? Пенде боп өмірі тісім ауырған емес. Қарағайдай тісімнің қайсысын жұлдырсам екен? Біреуін жұлғызсам, үш күн түгіл бір күнге де справка бермейді. Азу тісімді жұлдырсам, жалпамнан түсіп, тамақ­тан қалармын. Күрек тісімді алдырсам, ауы­зым көрдей үңі­рейіп, ұсқыным кетер.
– Иә, мұғалім, көп ойландыңыз ғой?
– Азу тісім алып барады, ойбай!..
– Төменгісі ме?
Төменгісінің қай­сы­сын қисам екен?
Әуелден кезек күтіп, кешірек кірсем ғой, мы­на­дай абдырамас едім.
– Оң жағындағысы, – де­дім шамалап. – У-у-у-у-и-и…
– Астыңғы тісің бе, үстіңгі тісің бе?
Ойбай, мынау малтасын езген мыжыма дәрігер екен де. Оңы ма, солы ма, асты ма, үсті ме – бұған бәрібір емес пе?
Қолына іліккен біреуін жұлып алып, үш күнге справка бере салмай ма, бұ патшағар…

Өзбекшеден аударған
Оспанхан ӘУБӘКІРОВ
(баспасөзде алғаш рет жарияланып отыр)

(Толық нұсқасын газеттің №21 (3655) санынан оқи аласыздар)

ПІКІРЛЕР2
Ерканат 05.07.2019 | 10:46

Бу патшагар магынасы кандай?

Аноним 11.10.2019 | 08:00

Комиссиядан құтылудың амалы ғой…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір