ДӘУ АТА
05.06.2019
1259
0

Қанат Қайым

(Әңгіме)

Атымды атасам болды, таңданбайтын адам кемде-кем шығар, сірә да. Әсіресе баста­уыш сыныптарда оқып жүрген кезімде сондай болатын. Әйтпесе бар ғой, неше түрлі аттар… Қалкен, Әлкен, Самат, Талғат деген сияқты. Не мән жоқ, не мағына жоқ. Олардың жанында менің есімім…

«Не, сен туғанда соғыс жүріп жатыр ма еді?» немесе «Сен дүниеге келгенде әкең Ауғаннан келіп пе еді?» деп, ерінбеген әрбір бала сыңарезу сұрақтарын қойып жататын. Әсіресе менің шымбайыма қатты батқан бір оқиға болды. Онда ұмытпасам, төртіншіде оқып жүрдік-ау деймін. Жаңағыдай менің есіміме байланысты ырың-жырың әңгіме басталғанда, сайқымазақ Сағындық: «Әй, сендер соны да білмейсіңдер ме? Түріне қарасаңдаршы ол – майдан жасалған деген сөз ғой, Май-дан…» – деп алып ішек-сілесі қатқанша күлсін дейсің. Айнала тұрған балалардың барлығы жамырай қосылды.
Расында да, мен ол кезде қазіргідей бойшаң, ұзынтұра емес, екі бетім піскен бауырсақтай доп-домалақ, бойым тәпелтек, мығым денелі едім. Қаным басыма теуіп, төбе құйқама дейін шымырлап қоя берді. Ашу-ызадан толықша денемнің селкілдеп кетіп, дір-дір еткені балалардың мазағына одан бетер май құя түскендей болды. Кейбіреулері тіпті көздерінен аққан жасты сүрткіштеп, бір-біріне сүйеніп тұрып, қолдарымен ішін басып, қыран-топан күлкіге кенелді.
Ызадан жарылардай боп, есікті ашып, табалдырықтан аттай бере аузымнан шық­қан: «Сіздер… сіздер немене? Маған басқа ат таппадыңыздар ма? Майдан, Майдан, Майдан деген қандай сөз ол?» – деген сауалымды ентігімді баса алмай, екіленіп тұрып әзер айттым.
Дастархан басына жиналып, түскі асты енді ғана алдарына алған үй ішіндегілердің барлығы бір кісідей маған жалт қарасып, тым-тырыс бола қалды. Бергі шетте отырған әжем орнынан тұрып, басымнан сипап: «Бісміллә, бісміллә, не болды, құлыным, сабыр ет, ашуыңды бас», – деді.
Тыныштықты Тағы атам бұзды. Оң қолы­ның қос саусағымен мұртын бастыра бір сылап өтті де, алақанымен бетін қалқалай отырып, екі иығы бүлкілдеп, тұншыға күліп алды. Сосын боз қырау араласа бастаған сақалы селк-селк етіп, қарқылдап бір берсін. Шынтақтай жатқан жастығының шетіндегі сүлгісімен жасаураған көздерін сүртіп алды да:
– Сенің атыңды мына отырған Дәу атаң қойған, – деді. – Сен дүниеге келгенде мен бұл кісіге «Ал, әке! Тұңғыш шөбереңізді көріп отырсыз, енді бұл мықтыны кім деп атаймыз?!» – дегенмін. Дәу атаң біршама үнсіз отырып барып: «Майдан», – деді.
Оу, ол қайдан шыққан Майдан? Қазір, Құдайға шүкір, бейбіт заман. Сіз қатысқан соғыстың аяқталғанына да алпыс жылдан асып барады. Бүгінгі балалардан ол соғыс туралы сұрасаң, жарытып ештеңе білмейтін де шығар. Қазіргі кезге келетін бір есімді атасаңызшы, – десем: «Майдан деген соң, Майдан! Ұнамаса, өздеріңе жағатын бір атты қоя салыңдар!» – деп бір-ақ кесті. Сөйтіп сенің атың – Майдан болған, – деді.
* * *
Дәу атам расында да еңгезердей – екі иығына екі кісі мінгендей, тұрқы биік кісі болатын. Дүниеден озардан екі-үш жыл бұрын ғана ғой – еті сылынып, жағы қушиып, сәл-пәл еңкіш тартқаны. Бірақ қайтыс болып, көзі жұмылғанға дейін ауру-сырқау, қаңқу-сыңқуға бой алдырған емес. Ол кісіні біз сыртқы тұрпатына қарай Дәу ата деген жоқпыз. Менің әкем де солай атайтын. Екі атамыздың үлкені болған соң солай боп кеткен ғой.
Ал енді, Тағы атамның «Тағы ата» аталуы тіптен қызық.
Бірде осы көшедегі шал-шауқан біздің аулада бас қосып отырғанда қарттардың біреуі:
– Әу, Әбеке! Осы сізді бұдан кейін туа­тын немере-шөберелеріңіз «Жабайы ата» деп жүрмесе қайтсін? Мынау Тағы ата дейтін қайдан шыққан қисық сөз өзі? – деп сұрағанда, менің атам бір мырс етіп алып:
– Е, оның ешқандай қыңырлығы да, қисықтығы да жоқ, замандас, – деген. – Мына жүрген Майдан немерем тілі шығып «ол не?», «бұл несі?» көбейіп, жан-жағын тани баста­ған кезінде менің әкемді басқалар сияқты Дәу ата деп жүр еді. Сәби көң­іл сақалы шошаң­даған екінші шалды қалай атарын білмей таң-тама­ша болады ғой. Сонда менің бәй­бішем бір күні «Майданжан, бұл сенің тағы бір атаң, тағы атаң» десе, естіге­нін сол қалпында қағып алатын бұл күшік «Иә, Тағы ата, Тағы ата» деп жүріп, осы күнге дейін Тағы ата атанып кеттім.

(Толық нұсқасын газеттің №21 (3655) оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір