Ғибратты ғұмырдария
24.10.2015
1537
0

1416988317_10-75
Аманғали Сегізбаевтың аты-жөнін мен алғаш рет Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі Әл-Фараби атындағы Қазақ Мемлекеттік Ұлттық университеті) журналистика факультетінде сырттай оқып жүргенімде профессор Темірбек Қожакеевтің дәрісінде естіп едім. Аса білімдар ұстаз көзден таса, көңілден қалыс қалған қарымды қаламгердің 1897 жылы Қостанай облысы, Орджоникидзе ауданы (қазіргі Денисов ауданы) «Ақсу» колхозында туғаны, жастық шағы қиыншылықпен, жоқшылықпен өткені, ауылға шақырылып келген татар молдаларынан сауатын ашып, бастауыш мектепті тәмамдағаны, Троицк қаласында атақты Зейнолла ишанның медресесінде оқып, кейін «Уәзипа» медресесіне ауысып, оны жақсы бағалармен бітіргені жайында мағлұмат берді… 

541668_183209394___________________Аманғали Сегізбаев жаз айларында демалысқа шыққанда ауылдарда балалар оқытып, ел ықыласына бөленеді. 1918 жылы Қостанай облысы орталығында жаңадан ашылған мұғалімдер курсына түсіп, оны бітіргеннен кейін облыс орталығына жақын Оспан ауылындағы мектепке бас мұғалім етіп жіберіледі. Өз ісін өте адал атқарып, ұқыпты, білікті, ұтқыр ұйым­дастырушы бола білген ол көп ұзамай мектеп жанынан интернат ашады, орыс тілінде оқытуды бас­тайды, көркемөнерпаздар, дене тәрбиесі және спорт үйірмелерін ашады, сөйтіп шағын мектеп азғантай уақыт ішінде уездегі ең үлгілі оқу орнына айналады.
Аманғали Сегізбаев тырнақалды поэзиялық шығар­маларын үлгілі мектепте ұстаздық еткен кезде жаза бастайды. Ол табиғат лирикаларымен қатар, ел аузындағы аңыздарды арқау етіп алып «Аршалы бойында» атты поэма жазады. Бұл шығармада шағын Аршалы өзені бойындағы өзі туып-өскен жерінің әсем табиғатын, байлығын, ел-жұрттың тұрмысын кестелі, бейнелі сөз орамдарымен жыр жолдарына түсіреді. Оның осы поэмасы және «Жаңбыр соңын­да», «Таң атқанда» өлеңдері кезінде «Қызыл Қазақстан» журналында басылады.
Жазуға қабілеті барлығын байқаған баспасөз органдары оны қызметке шақырады. Көп ұзамай 1923 жылы Орынборда шыға бастаған «Жас қазақ» газетінің жауапты хатшысы қызметіне тағайындалады. Оның жазған әдеби көркем шығармалары мен мақалалары, фельетондары «Әйел теңдігі», «Қызыл Қазақстан», «Жас Қайрат» журналдарында, «Лениншіл жас» газетінде жиі-жиі жариялана бастайды. 1930-1932 жылдары Алматы облысының «Еңбекшіл қазақ» аудандық газетінің редакторы, 1933 жылы Семейдегі «Екпінді» газетінің жауапты хатшысы қызметтерін атқарады. 1935 жылдың аяғында Алматыға қайта ша­қыр­тылып, «Социалистік Қазақстан» газеті аппаратына алынады. 1941 жылы осы газеттің Жам­был облысындағы өз тілшісі болады.
Академик Темірбай Байбосынұлы Дарқанбаев Аманғали Сегізбаев туралы былай дейді: «…Менің пайымдауымша ол ешқашан биік лауазым иесі болу­ға құлшыныс танытқан емес, басшылар алдында мәймөңкелік мінез көрсеткен жоқ. Оның өмірдегі басты мақсаты мен бақыты – еркін шығармашылық еңбекпен айналысып, туған халқы мен партияға адал қызмет ету болды… 1942 жылы армия қатарына алынып Кенигсберг (Калининград) түбіндегі фашистермен ұрыста ерлікпен қаза табады. Соның алдында ғана сәл бұрын маған жазған соңғы хатын былайша аяқтаған екен: «Жау кері шегініп барады, біздің жеңіске жетуімізге көп қалған жоқ. Егер мен елге аман-есен оралмасам, балаларымды саған аманат етемін. Олардың есейіп, қанаттанып кетуіне қамқорлық жасарсың…».
Т.Дарқанбаев хат иесінің бұл аманатын толығы­мен орындаған. Аманғали орыс даласында опат болғаннан кейін ұлы мен қызын Алматыға алдырып, мейлінше қамқорлық жасаған…
Жақында Қостанай облыстық әмбебап кітапха­на­сына барып жоғарыда есімі аталып өткен ұс­тазы­мыз Темірбек Қожакеевтің құрастыруымен 1977 жылы «Жазушы» баспасынан шығарылған Аманғали Сегізбаевтың «Дала жұлдыздары» атты әңгімелер мен фельетондары топтастырылған кіта­бы­ның бар-жоқтығына сұрау салып едім. Абырой болғанда, біреуі табылды-ау. Таралымы – 34 мың екен. Кітапқа рецензия жазғандар – филология ғы­лы­мының докторы, профессор Т.Амандосов пен филология ғылымының кандидаты, жазушы М.Мағауин. Жазушының бұл тұңғыш кітабына оның небары ірілі-уақты он бес шығармасы енген. Өйткені, автордың жазғандарының қолжазбалары сақталмаған, жарияланғандары жинақталмаған. Газет-журналдарда басылғандарының бәрін де қолмен көшіруге тура келген. Бұл орайда профессор Б.Кенжебаев пен журналист Н.Мағзұмовтың сіңір­ген еңбектері аса зор.
Көлемі жүз беттей ғана кітапты бар ынта-ықы­ла­сымды салып бас алмай бір кеште оқып шықтым. Аманғали Сегізбаевтың шығармаларын оқығаннан түйгенім: қаламгер өз кейіпкерлерінің образдарын өте шебер сомдаған, оларды, түр-тұлғасын, қимыл-қарекетін, мінез-құлқын, жеке басының адамгершілік қасиеттерін жіті суреттегені, төрт мезгілдегі табиғат құбылыстары мен кейіпкерлердің көңіл-күйі са­бақ­таса өріліп, оқырмандарды алдын-ала оқиға желісінен хабардар етеді; қай шығармасынан да айшықты сөз мәйегі сирек кездесетін теңеулер, фразеологиялық тіркестер орынды қолданылған мақал-мәтелдер жиі кездеседі. Сөзіміз дәлелді болу үшін кейбір шығармаларынан мысалдар келтірейік. «Базылбек» деген әңгімесінде автор кейіпкерін оқырмандарға былайша таныстырады: «Үстінде көк шұға желең, аяғында резеңке, әміркен мәсі, белінде жібек белбеу, басында құндыз бөрік, қолында алтын балдақ, екі беті қып-қызыл, дөңгелек көзді, жалпақ маңдайлы, қиылған жіңішкелеу қасы бар, Базылбек қисайып бір жағында отыр… Шынында Базылбек мақтауға сыятын жігіт. Ол әрі оқыған ашық пікірлі, әрі халыққа да жағымды, жұрт ұнатпайтын теріс мінезі жоқ. Оңды қияпатты, дін ашар сөзге шебер, бас қосқан жерде жұртты бір күлдірмей қоймайды. Базылбек өз қатарының алды…».
Кейіпкер сырт көзге осылай көрінеді. Әңгіменің желісінде байқалғандай, Базылбек жұрт айтқандай керемет жігіт емес, ол шынында дүниемен қайғысы жоқ, жөндеп бала оқытуы да шамалы. Аңдығаны… қыз, баққаны ойын… Кеш болса іздегені алтыбақан. Ешбір уайымды өңінде түгіл, түсінде көрген емес се­кілді. Ол соңғы кезде қарт ойнауды кәсіпке айнал­ды­рып, төрт-бес жылдың ішінде ұтылумен болады. «Осы сапарында, – дейді автор, – жиырма пұт би­дай­дың ақысымен бір қашар, бір өгіздің пұлын ұтқызып, уақ-түйек қалғанына арақ ішіп сандалып келе жатқаны».
Жинақтағы «Олжабайдың әжесі» атты көлемді әңгімені оқып отырып, бір отбасындағы көп әйел алушылықтың зардаптары, қызғаныш отының отбасына орасан зор қайғы, ойран әкелгені, бірақ қандай қиыншылық түссе де ашуды емес ақылды алға салған жағдайда әрі адамдардың бір-біріне мейірімшіл болғанда ең ауыр қайғы-қасіреттен де аман-есен құтылып, жарқын өмірге қол жеткізуге болатыны туралы ғибратты уақиға баян етіледі. Жалпы, әңгіме желісі былайша өрбиді. Өмірзақ деген кейіпкердің Жұмакүл деген бәйбішесі, кейін тоқалдыққа алған Дәметкен деген тоқалы болады. Бәйбіше мен тоқалдың арасында дау-жанжал жиі-жиі туып, ең соңында бәйбішесі тоқалды кетпенмен басынан ұрып өлтіреді. Қылмысы үшін бәйбіше сотталып, оның күйеуі Өмірзақ үйде жалғыз қалып, өмірдің бар тауқыметін тартады. Бәйбіше түрмеде жүріп, біреумен көңіл қосып, ұл туады. Ол түрмеде жүргенде іштей өзінің қате басқанын, Дәметкеннің жақсы әйел болғанын есіне алып, қатты күйзеліске түседі. Жаңа туған сәбиіне Олжабай деп есім қойып, түрмеден баланы құшақтап келгенде ауылдың үлкендері алдынан шығып: «Енді Өмірзақ екеуін, тірі болсаңдар бұрынғының бәрі ұмыт болар, келін шырағым, тірі адам не көрмейді, «адасқанның айыбы жоқ, қайтіп үйірін тапқан соң» деп баталарын береді». Өмірзақ болса, баланы алып иіскеп, іші елжіреп кетеді. Әйелі ұлды болғанына ренжімек түгілі, Олжабайды екеуі оңды-солды қолдарына алып еркелетіп сүйеді. Елдегілер Жұмакүлді «Олжабайдың әжесі», Өмірзақты «Олжабайдың папасы» деп шақыратын болды.
А.Сегізбаевтың шығармаларында 20-30 жылдар­да­ғы ел ішіндегі саяси-әлеуметтік жағдай егжей-тег­жейлі, нанымды суреттелген. «Шырынкүл шынын айт­ты», «Шер жүректі Күләйша» әңгімелерін те­біренбей оқу мүмкін емес.
Жазушы «Құрмаш», «Ақыштың баяндамасы», «Біздің мектеп» әңгімелерінде кеңес өкіметі орна­ған соң оқу-білім алуға құштарлықтарын оларға мемлекет тарапынан жан-жақты көмек, қамқорлық көрсетіліп жатқанын әсерлі әңгімелейді. Жалпы жинақтағы қай шығарманы оқысаң да, Аманғали Сегізбаевтың әдеби туындылары бүгінгі жас ұрпақ тәрбиесіне айрықша қажетті рухани қазына, қазақ әдебиетіне қосылған жауһар туындылар.
Қазақ совет әдебиетінің классигі Бейімбет Майлиннің өмірі мен шығармашылық қызметін толықтай жете зерттеген белгілі қаламгер Тоқтар Бейісқұлов Би-ағаң туралы баспасөз бетінде әр жыл­дарда жарық көрген естеліктерді топтастырып, 1991 жылы «Жазушы» баспасынан «Би-аға» атты естеліктер кітабын шығарған болатын. Аманғали Сегізбаев көзі тірісінде ең жақын етене араласқан қаламгердің бірі – Б.Майлин.Осы жинақта аса көрнекті қазақ жазушылары М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, І.Жансүгіров, С.Мұқанов, Ғ.Мұстафин және атақты өнер қайраткерлерінің, жазушының туған-туысқандарының естеліктері жарияланған. Кітапты басынан аяғына дейін мұқият оқып шыққанымда Аманғали Сегізбаевтың есімі онға тарта автордың мақалаларында аталып өтеді. Бұл А.Сегізбаевтың қай қызметте, қай жерде болса да әдеби және қоғам­дық ортада белгілі тұлғалармен аралас-құралас, сый­лас болғандығын көрсетеді. Енді солардың кей­біреулерімен оқырмандарды таныстырып өтейік.
Халық жазушысы Мәриям Хакімжанованың Б.Майлин туралы бірнеше естелігінен Аманғали Сегізбаевтың Би-ағаңның отбасымен тонның ішкі бауындай араласқаны айқын байқалады. Б.Майлин іссапарға шығып, аяғы ауыр Күлжамалды босануға перзентханаға жеткізіп салуға, оны баласымен он күннен кейін перзентханадан пар ат жегілген пәуескемен алып келуге де А.Сегізбаев белсене ара­ла­сады. Шілдеханаға Ғ.Мүсірепов, Серке Қожамқұлов, Әліби Жангелдин, Жұмаш Еленов келеді. Сол күні іссапардан Бейімбет те оралады. Нәрестеге есім қою рәсімі Әлекеңе беріледі. Ол көп ойланбай: «Екі халыққа бірдей Еділ өзені Жер-Ананың ақ уызындай жарқырап ағып жатыр. Бұл өзеннің тарихта орны бар, дүниеге келген жас қазақтың, өмірі осы өзендей ұзақ болсын, осы өзендей халыққа пайдалы азамат болсын, сәбидің атын Еділ қояйық», – дейді. Бұл ұсынысты қонақтардың бәрі бірауыздан қолдайды.
Жұмаш Еленов «Бейімбет пен Сұлтанмахмұт» атты естелігінде 1914 жылы Мұхаметжан Сералиннің баласы Сәліммен бірге Троицк қаласындағы бастауыш орыс мектебінде оқып жүргенде «Айқап» журналының редакциясына барғанын, жұмыс аяғына таман Бейімбет Майлин, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Аманғали Сегізбаев, Досмырза Нұр­пейісов келіп кіргенін, көп ұзамай оларды Мұха­метжан Сералин қабылдағанын жаза келіп былай дейді: «Сол кезде А.Сегізбаев және басқа да көптеген қазақ жастары «Расулия» медресесінің шәкірттері болатын. Аманғалидың үйінде Бейімбет, Сұлтанмахмұт, Аманғали үшеуінің «Қазақ» және «Айқап» журналдары жайлы өзара пікір алысқаны әлі күнге дейін есімде».
Қостанай облыстық «Коммунизм жолы» (қазіргі «Қостанай таңы») газетінде көп жылдар бойы шы­ғару­шы қызметін абыроймен атқарып зейнетке шыққан Сары Қазбековтың «Әлі есімде» естелігінде де назар аударарлық фактілер жетерлік. «Бейімбет Майлинмен Орынбор қаласында жақсы таныстым. Ол кезде өлкеміздің астанасы Орынбор болатын, – дейді мақала авторы, – Төте оқудан сауат ашқан біздерді Бейімбет Майлиннің ең жақын жолдасы республикамыздағы тұңғыш журналисттердің бірі Аманғали Сегізбаев пен Әбіш Қашқынбаев КИНО-ға (Киргизский институт народного образования) оқуға тартты. Бұл тұста Б.Майлин «Еңбекші қазақ» газетінің жауапты қызметкері болатын».
Ғалым Сейділда Ордалиев «Терең тамырлы тұл­ға» атты естелігінде 1961 жылы М.Әуезов атын­дағы Әдебиет және өнер институтының тап­сыруы бойынша шілде, тамыз айларында Би-аға­ның туған жеріне келіп, оның ауылдастарымен, ту­ған-туыстарымен, жазушының бірге өскен, жақын жолдастарымен, құрдастарымен кездесулер өткізеді.
1929 жылдың күзінде Б.Майлин іссапармен Семейге келеді. Сол кезде Қазақстан Жазушылар одағының Семейдегі бөлімшесінің хатшысы Сәду Машақов Бейімбетті іздеп «Жаңа ауыл» газетінің жауапты қызметкері Аманғали Сегізбаевтың үйіне барып жолыққанын, сонда Би-ағаң оның шығармаларын оқып, «Әзірленді Пішенбай» деген өлеңін редакциялағаны тағы да талапты жастардың 5-6 өлеңін, Аманғали Сегізбаевтың бір шағын әңгімесін әдебиет бетіне беруді ұсынғаны туралы жазыпты өзінің «Еңбек сүйгіш әрі қарапайым еді» деген естелігінде.
Мысалға келтірілген естелік жазбалардан байқалғандай, Аманғали Сегізбаев қай жерде, қай қызметте жүрсе де Бейімбетпен тығыз қарым-қатынаста болғандығы, белгілі қоғам және қалам қайраткерлерінің ортасында жүргені айқын сезіледі. Оның шығармаларынан өмірде мүдделес, өмірде қаламдас болған, ағалы-інілідей сыйласқан қазақ әдебиетінің негізін қаласқан ұлы жазушы Бейімбет Майлиннің ықпалы айқын сезіледі. А.Сегізбаевтың қаламынан туған мол әдеби мұрасы оның көзі тірісінде-ақ оқырмандардың рухани азығына айналған еді. Бір өкініштісі, оның көптеген шығармалары өзі қызмет істеген газет-журнал беттерінде қалып, әлі күнге дейін халыққа жетпей жатқаны ақиқат.
Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 70 жылдығы қарсаңында елі үшін, Отаны үшін ерлікпен қаза тапқан, Аманғали Сегізбаевтың есімін мәңгі есте қалдыруға байланысты әлі де нақты іс-шаралар жүргізу аса қажет. Рас, ол көп жылдар қызмет еткен «Егемен Қазақстан» газеті редакциясының ғимаратында естелік тақтада оның есімі бірінші тұр, өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдарында түскен суреттері де бар. Оның туған жері, қазіргі Денисов ауданы орталығындағы тарихи өлкетану музейінде арнайы экспозицияда есімі жазылған. Алдағы уақытта абзал азамат, қабырғалы қаламгер, қан майданда ерлікпен қаза тапқан Аманғали Сегізбаевтың құрметіне аудан, облыс орталықтарында бір көшеге немесе бір оқу орнына есімі берілсе, құба-құп болар еді. «Өлі разы болмай, тірі байымайды» деген ғибратты сөз тегіннен тегін айтылмаған болар.

Ғұмар Ахметчин,
Қазақстан Жазушылар одағы
Қостанай облыстық филиалының директоры,
Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері,
«Құрмет» орденінің иегері.

ПІКІР ҚОСУ