Күншығыстағы жыраулар поэтикасы
22.05.2019
1334
0

РЕДАКЦИЯДАН: «Қазақ әдебиетінің» тұрақты авторы, жапонтанушы Шарафат Жылқыбаеваның бұл мақаласы әуелі біздің өзімізді таң-тамаша қылғанын жасырғымыз келмейді. Әлбетте мақала жас жапонтанушының өзіндік сараптамасы, қазақ-жапон әлемінен ұқсастық тауып жазған салыс­тырмалы дүниесі болуы мүмкін. Әйтсе де, Шарафаттың қазақ жырауларынан қалған мұралармен жапондық жыр өлшемдері, таба-түсініктері арасынан үндестік тапқаны кім кімді де болсын елең еткізбей қоймасына сенеміз.

Қара басты ақ күспен
Кендір баулы ақ желкен
Көк теңізді ақ толқынға жектірдің!
Қара сия, ақ қағаз
Дестірге өнер төктірдің!
Шалкиіз жыраудың биге айтқан толғауларына еуропалық әдебиеттану өлшемдерімен қарағанда өресінің кеңдігі үлкен ауқымда зерделенбейді. Батыстың әдебиеттану теориясы көне Шығыс поэзиясын терең тануға мүмкіндік бермейді, жырау тұлғасын толық ашпайды. Жыраулар мұрасы ежелгі көшпенділер өркениеті кезінде жазылған аса құнды дүниелер екендігін ауыз әдебиеті деп аталған жанрға кіретін жырлар мен Шығыс сарайларындағы маңызы орасан зор орамдарға таңбаланған хайкулар танытады.
Күншығыс поэтикасында Шалкиіздің көк теңіз, ақ толқын деген бейнелі сөздері жапон поэзиясында киго деген терминмен берілген рэнга, хайкай жырларында өрнектеледі. Сондай-ақ, жыраулар шығармашылығы кигодан басқа макуракотоба, джокотоба, какэкотоба, эңго, митатэ, какушидай, утамакура, джимари, кукирэ, тайгэнтомэ, точи, цуику, оуин, хикиута, хонкатори, кирэджи сияқты өлшемдермен өріледі.
«Манъйошю», «Коджики», «Кокинвакашю», «Такэторимоногатари», «Тосаникки», «Кагэрафуникки», «Макураносоуши», «Гэндзимоногатари», «Мурасакишикибуникки», «Сарашинаникки», «Хоуджоуки», «Хэйкэмоногатари», «Цурэдзурэкуса», «Шинкокинвакашю», «Окунохосомичи», т.б. көне дәуірдегі ұлылардың қолымен жазылып, бүгінге жеткен бірегей туындылардың әрбір сөзі осындай өлшемдермен зерделенеді. Шалкиіз жыраудың Би Темірге арнаған:
Қара бас күспен шалдырып,
Көк теңіздің үстінде
Көтеріп желкен аштырып,
Жүк тиедің кемеге, –
деген толғауы ежелгі дәуірдің «Кокинвакашю» антологиясында: «Шюфуникоэохониагэтэкуруфунэва Аманотоватарукаринидзоарикэру»
деген өлең жолдары арқылы бейнеленіп сақталған. Жоғарыда келтірілген әдебиет өлшемдері шюджи деп аталатын риторикалық терминдерге жатады. Антологиядағы хо (желкен), фунэ (кеме) сияқты шюджи сөздерімен бірге көшпенді ел жырларында жиі кездесетін кари (қаз) ұғымына мән беруіміз керек. Бұқар жыраудың:
Он екі айда жаз келер
Құс алдында қаз келер
Айтып-айтпай немене
Заманаңыз аз келер, –
деген толғау сөздері жапон жыр жинағындағы
Хацукарино
Хацуканикоэокикишийори
Накадзораниномимонооомофукани өлеңіндегі хацукари (алғашқы қаз) ұғымымен байланысты. Хацукари таңбасы эңго — негізгі өрнек ретінде көркем бейнелі сөздердің сөздігіне енген. Халық жырында қазбен қоса аққу, үйрек, т.б. құс атаулары теңеу, метафоралық сөз ретінде көрінеді.
Бұл дүниенің мысалы
Ұшып өткен құспен тең,
Өмірде көрген жақсылық
Ұйықтап жатқан түспен тең.
Шал ақынның құсы жапон поэзиясында макуракотоба бастапқы өрнек ретінде белгілі. Бұқар жыраудың:
Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек
Бұл үйректей болыңыз
Судан суға шүйгумен
Көлден көлге қоныңыз, –
деп келетін жыры «Манъйошю» антологиясындағы туған жерге сағыныш жыры арқылы бейнеленген: «Ашихэикукамоноханэгахини Шимофуритэсамукиюэва Яматошиомохою»…

Шарафат Жылқыбаева,
жапонтанушы,
Еуразия Жазушылар одағының мүшесі

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір