ТАС
14.05.2019
693
0

(Басы өткен сандарда)

Насыр ФАЗЫЛОВ

(Сәбит ағадан естігенім)

Делегация сапарға аттанған күннің ертеңіне Сәбит аға Айбек ұстазды үйіне қонақ етеді. Дастархан басында отырса да Айбек ұстаз кешегі әдемі әсерден арыла алмады. Кешке Сәбит аға өзінің «ЗИМ» машинасына отырғызып, қала аралатады. Ертеңіне түс қайта қала шетіндегі бір совхозға апарып, жаңадан салынып жатқан құрылыс жұмыстарымен таныстырды. Қайтып келе жатып құрылысы енді басталған «Жаңа Алматинка» аталатын жаңа қаланың нобайын көрсетті. Қазір Сәбит ағаның төрінде Мариям апайдың сүт қосқан қою шәйін ішіп отыр. Әлі ойынан кете қоймаған Есік көлі сапарынан алған әсерін ортаға салғысы-ақ келеді, Сәбитпен Сәбитше әңгімелескісі де келеді, әттең сөйлеуге тілі икемге келмей «а-а-а» дейді де, көзі боталап отырып қалады. Іші сайрап тұрғанмен, жеткізе алмау қорлық екен ғой. Осындай мезетте қаламдасының ішкі ниетін түсінген Сәбит, оның айтпағын түсінген жанша басын изеп, қош алғанымен, табиғаттың сараңдық жасағанына іштей күйініп, мұңайып қалатын.
Мұса, бүгін тауға шығамыз, – деді Сәбит, ұстаздың құлағына жақындаң­қырап. Неге екенін қайдам, Сәбит аға Айбек ұстазды Мұса дейтін. Зәуіде атын толық айтқысы келсе «Мұса Айбек» деп тегімен қоса айтатын. Айбек Сәбитке «мақұл» дегенін басын изеп құптады, ризалығын білдіріп:
Жақсы! – деді.
Таңертеңгі шайдан соң Мариям апай екеуін шығарып салды. Машинаға отырып, тауға өрлеп жол жүріп кетті. Баратын жерлері Алматыдан он алты шақырым биіктікте еді. Асфальт жолдың екі жағындағы сап түзеген сымбатты теректермен астасып жатқан қара жол да жасыл түске боялғандай. Ағаштардың аржағында түрлі мекемелердің бау-бағы, пионер лагерьлері, санаториялар, пансионаттар мен туристер аялдайтын қонақүйлер бірінен соң бірі қалып бара жатты.
Сәбит аға жол-жөнекей кездескен нәрсенің бәрін түсіндірумен келеді. Айбек ака сөйлей алмаса да, Сәбит ағаға басын изеп, қостап отырды. Машина тауға жақындап қалғанда бұл жердің Медеу деп аталатынын, Медеу деген қазақ байының жайлауы, ата қонысы болғанын түсіндірді.
Медеу сөзі «қуат» деген мағынаны білдіреді, – деп өз сөзіне түсініктеме де бере кетеді, Сәбит аға.
– Иә, «мадат, мадор» деген сөз бізде де бар, – деді Айбек аға әр сөзін бөліп-бөліп.
Бүгінде газеттер оны «Медео» деп жазып жүр, – деді Сәбит аға, іштей ренішін байқатып.
– Фр… французша – деп Айбек ұстаз балаша ақжарылып күлді.
– Сорлы Медеу, – деді күрсініп, – малының есебі болмаған, әсіресе қойлары көп болған.
Осы жерде Айбек ұстаз күтпеген жерден:
Әне, қойлар! – деді машинаның әйнегінен сайға қарап.
Сәбит аға да амалсыз көз тастады. Шындығында да сай іші ірілі-уақты қойларға толып кеткендей көрінді. Бұл – жайылып жүрген қойларды елестететін қойтастар еді. Бұл ұқсастықтан Сәбит ағаның көңілі босап:
– Медеудің қойлары ғой, – деді.
Машина жоғары көтеріліп, тегістеу жерге тоқтады. Машинадан түсті. Сәбит аға жүргізушінің құлағына бірнәрсені сыбырлап айтты. Шофер бала «жарайды» дегендей машинаға отырып, ылдиға түсіп кетті.
Айналасына сұқтана, таңдана қараған екеуі сай бойлап келе жатты. Айбек аға болса жанындағы Сәбит ағаның келе жатқанын ұмытқандай, өз ойы мен қия­лына беріліп, тас­тан тасқа секіріп ағып жатқан көкпеңбек тау бұлағының мөлдірлігіне, тазалығына таңданып, суға қарап:
– Ха, салқын… салқын.., – деп қалды.
Бұл сөзді өзінше жорыған Сәбит аға: «Қап, жылы киім алмаппыз да», – деп, өкініп қалды.
Сәбит ағаның үстінде шымқай көк костюм, басында жасыл барқыт тақия болса, Айбек ұстаз майда жолағы бар көк костюмнің ішінен ақсұр лавсан көйлек киген, басында жаңа болғанымен, мыжылыңқырап қалған өзбек тақия.
Бұл жердің ауасы қалаға қарағанда таза, мөлдір. Сәбит аға әуелбастан таза ауамен кең тыныстасын деген ойынан қайтып, тезірек қайтпасақ, қонақты суықтатып алармын деп уайымдады.
– Мұса, жүр!
Айбек ұстаз оған ілесті. Сәбит аға төмен түсіп келе жатып бұл жердің табиғаты туралы, яғни, көктем басталғанда тау басындағы қар еріп, сай-сала суға толып кететіндігін, қала шетінде тұратын тұрғындар сел қаупінен қорқып, жүректері ұшса, қаншама ғалым-мамандар селдің алдын алу жайында бас қатыратындығын ұзақ әңгіме қылып айтып берді.
Мамандардың айтуынша, осы маңға үлкен тоған жасап, тасқын судың екпінін бәсеңдетіп, сатылап ағатын құрылғылар орнату жоспарлары барын айтты. Бұл әңгі­мелерді мұқият тыңдап келе жатып, бір кез тауға қарап кідіріп қалды. Сәбит аға да кідіруге мәжбүр болды. Айбек ұстаз сайға қарап:
– Ху-у, не деген үлкен тас… – деді.
Шындығында да, әдейілеп қолдан қашағандай, мөлшері кішірек киіз үйдей доп-домалақ тас екі сай аралығында жатыр еді. Екі жағынан буырқанған тау суы сарқырап ағуда. Сәбит аға осы арадан қанша рет өтіп жүрсе де көңіл бөлмеген екен. Су буырқанып аққа­нымен саяз еді. Астында мөлдіреп көрініп жатқан майда қиыршық тастар су екпінімен сайға құйылып жатыр. Екі ақсақал келісіп алғандай әлгі түйе тастың жанына жақындады. «Ха-а, ха-а» деген Айбек ұстаз табиғаттың шеберлігіне сүйсінген, таңқалған пішінмен әлгі тасты қолдарымен сипалап тұрды. Бірін-бірі іштей түсініп тұрғанда Сәбит аға әзілдеген болып:
– Ай, Мұса, осы тасты мен саған сыйладым, ал! – деді.
Айбек ұстаз Сәбит аға сөзінің астарында жеңіл әзіл, юмор жатқанын байқаса да, оның жомарттығына риза болып, көздері жайнап кетті.
– Жақсы, жақсы! Керемет! – деп сыйлаған тасты мәпелеп сипай берді. – Иә… ә!
Айбек ұстаздың қуанышында шек жоқ еді….

(Жалғасы бар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір