Күмән мен күнә
08.05.2019
1395
1

Әбубәкір Қайран

(новелла)

Кербез де кеуделілеу жігіт Мәу­леннің соңғы күндер­дегі өзгерісі басқа­ларға бай­қалмаса да, үй ішіндегі­лердің бәріне үрей туғыза бастағандай еді.
Мырзалығы мен жомарттығын маңай­ын­дағы жұртқа қашанда көрсеткісі келіп жүретін мақтаншақтау азамат өзінің әйелінің сұлулығынан бастап, хан сарайындай алты бөлмелі үйі барлығын, қымбат көлік мініп жүргенін, аудан орталығындағы ең жаңа мектептің директоры екендігін санамалай келіп, өзінің қара басын ең бақытты адамдардың қатарына баяғыда қосып қойған.
Бір үйдің жалғыз баласы болған соң, ішкені – алдында, ішпегені – артында, қалай жүрем, қалай тұрам демей, еркін өскен бұла жігіттің балалық шағы да, сту­денттік кезі де алқып-шалқумен өткені рас. Мұны үйлендіре салып әкесі Сейілжан қайт­ыс болып кеткеннен кейін, екі-үш ай бойы еңсесі езіліп, жетімдік, жалғыздық дегеннің не екенін енді-енді сезініп жүр­ген кезінде, анасының қайсарлығы мен намыстылығының арқасында, тез-ақ бойын жинап алған болатын.
Кейде ғана күрсіндіріп қоятын бір уайымы – көрген перзентінің де жалғыздығы, әйелінің бір бала таба салып, құрсағы құрғап, теп-тез тоқырап қалғандығы. «Екеудің бірі кетсе – бірі қалар, жалғыздың өзі кетсе – кімі қалар?» деген мәтел сөзге айналып кеткен өлең жолдарын жиі-жиі есіне алып, мұңдылау ойға батып кететіні де содан.
Атын Мәжит деп өзі қойған ерке баласы он жасқа толған соң мұндай атаулы мезетті ескерусіз қалдыру жөн болмас деп, ағайын-туыс, дос-жарандардың басын қосып, дүрілдетіп той жасағаны таяуда ғана. Міне, сол той өте салысымен-ақ Мәуленнің көңіл күйі сабындай бұзылып, отыз жастан баяғыда асып кетсе де, тал шыбықтай бұ­ра­лып тұратын келіншегі Зылихаға да, ана­сы мен баласына да суық тартып, олар тілдесе қалса, танауының астынан міңгір­леп сөйлейтін мінез шығарған. Мұнысы үйдегілердің бәріне әсер етіп, тіпті, дастархан басындағылар бұрынғыдай ашылып сөйлеуден, жайраңдап күлуден де қалып барады.
Дариға кемпір жасаурай беретін бұ­лыңғыр көздерін жаулығының ұшымен қайта-қайта сүрткіштей түсіп, отыз бес жасқа келсе де, өзіне әлі сәбидей болып көрінетін бұйра бас баласына қарағыштап, телмеңдейді де отырады.
Үйленгендеріне он екі жылдай уақыт өтсе де, ұрысып-керіспек түгілі, бір-біріне «шәй» десіп көрмеген ерлі-зайыптылар да тоң-торыс. Бұл шаңырақтың астына шуақ төгіп, нұр шашып тұратын Мәжиттің сықылықтап күлген қоңыраулы дауысы да азайып бара жатқандай: төртінші сыныпта оқитын ерке бала өзінің он жас­қа толғанын тойлап, жиылған жұрттың бәріне бетінен сүйгізгеніне, әкелінген сыйлықтардың өз бөлмесінде тау болып үйіліп жатқанына тым масайрап-ақ жүр еді. Бірақ, әкесі мен шешесінің арасында әлдебір келіспеушіліктің бар екенін сезінгеннен кейін, бір қауіптен секемденгендей, үлкендерге үрке қарап, жаутаңдай беретінді шығарыпты.
Бүгін таңғы ас үстінде бір-екі кесе шайды ысылдап-пысылдап отырып, жау қуып келе жатқандай аптығып ішкен Мәулен кесесін төңкере салды да, келіншегіне әдеттен тыс әуенмен:
– Әй, Зылиха, оқушылардың каникулы бітуіне де екі-үш-ақ күн қалды. Мектептің жұмысы басталып кетеді. Той-пой деп жүріп, қанша уақытты босқа өткізіп алдық, – деді.
– Иә… не? Бір шаруаң бар ма еді? – деді Зылиха, күйеуінің бетіне тосырқай қарап.
– Анау картоп егетін жерді қашап тастау керек. Міне, көктем де өтіп барады. Сен… Зылиха, давай, мына Мәжиттің табаны қалың резеңке етігін тауып бер. Екеуміз жер қашаймыз – деп орнынан тұрып кетті де, баласына қарап: – Мәжит, сен он жасқа толдың. Жігіт болып қалдың. Енді маған көмектесетін уақытың жетті. Жинал! Жүр! – деді қатаң дауыспен.
Кемпірдің көзі шақшиып кетті.
– Әй, Мәулен! Тоқта!
Дариға басындағы ақ жаулығын сілки сыпырып, анандай жерге лақтырып жіберді.
– Сен осы той аяқталғаннан бері ба­сың­ды бұтыңа тығып алып, ішкенімізді – ірің, жегенімізді – желім қылып біттің ғой. Сені жын қақты ма, әлде басыңды біреу дуалап тастады ма? Атадан қалған бір жал­ғыз деп, әулетті жалғайтын бір тұяқ деп, басыңнан құс ұшырмай өсірдік қой сені, жарымжан әкең екеуміз. Жақсы оқыдың. Рахмет. Бет-беделді азамат болдың. Анау үш қабатты ең үлкен мектепті басқарып отырсың. Ендігі мынауың не қылжақ?! Сен де бүгін жалғыз ұлыңның амандығы мен саулығын Құдайдан тілеп отырған жоқсың ба? Әлде, тілемейсің бе? Қабырғасы қатып, бұғанасы бекімеген он жастағы балаға жер қашату деген не сұмдық!
– Апатай, ашуланбаңызшы. Давлениеңіз көтеріліп кетеді. Құдай үшін… – Зылиха ене­сін құшақтай алып, екі бетінен шөпіл­детіп сүйе бастады.
Есікті «тарс» еткізіп жауып кеткен әке­сінің соңынан Мәжит те томпаң қағып ілесе жөнелген.
Сәлден соң, бұтына шалбар, аяғына үп-үлкен етік киіп, басына орамалын шарт байлап алған Зылиха да далаға шықты. Қолында – күрек.
– Әй, Зылиха, сен пысықсымай-ақ қой. Апамның қасында бол, дәрісін бер, – деді Мәулен.
Зылиха бір сәт қалт тұрып қалды да, күрегін селқос сүйретіп, Мәуленнің қасына жақындады. Бұл кезде Мәжит есік алдында жатқан ұсақ тастарды тепкілеп, өзімен-өзі әуре болып тұрған.
– Мәулен… айтшы… саған не боп жүр? – деді Зылиха, – Өзім білгелі сенің мұндай мінезіңді бірінші рет көріп тұрмын. Саған не болды?
– Ал саған не болып еді…. сонда?..
Ба­я­ғыда…
– Түк түсінсем бұйырмасын.
– Осы, сонау Алматыдан ат сабылтып тойға келген әлгі… Сәкен… сол – сенің байыңның досы ма? Әлде сенің бұрынғы көңілдесің бе?
Зылиханың сұлу өңі сұп-сұр болып, состиған күйінде тұрып қалды. Қап-қара, ұзын кірпіктері шықтанып, бота көз­дері әлдебір терең тұңғиыққа сіңіп бара жат­қандай.
– Сен… не деп тұрсың? – деп күбірле­гендей болды.
– «Не деп тұрсың?» – дейді. «Ол мединс­титутта оқыса да, досың ғой, курстас­та­рыңмен қосып шақыр. Көптен бері көріскен де жоқпыз», – деген сен едің ғой. Енді өп-өтірік таң қалған боп тұрсың.
– Мәулен, не айтып кеттің, ол сенің ең жақын досың емес пе еді?
– Дос!.. Иә, дос! Сол достығынан ғой, менің мына жалғыз балам да дәл соның аузынан түскендей. Білегіндегі жалпақ қалына дейін… Тойда Мәжитпен бірге түскен су­реттері тұр ғой, қарасаңшы!
– Идиот! – Зылиха күрегін лақтыра са­лып, қос қолымен бетін басқан күйі үйге қарай тұра жүгірді.
– Әй, сен де бара бер! – деп зекіді Мәу­лен баласына…

(Толық нұсқасын газеттің №18 (3652) санынан оқи аласыздар)

ПІКІРЛЕР1
Аноним 09.07.2021 | 13:05

неге толық берілмеген? газет сатылмайды. қолға түспейді

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір