Айдындай мөлдір аспаны керім
24.10.2015
1430
0

540458_1672104190______________________________________Жанатбек  ТҰРҒАНБАЕВ

 

АНАМНЫҢ ТІЛІ

Анамның тілі – бабамның тілі қуатты,

Бесікте төккен тілімен нұрлы, шуақты.

Сын сәтте талай сермеліп сертті қылыштай,

Қасарып тұрған қара тасты да уатты.

 

Қисынды ойдан күй сынды сөзді құратын,

Анамның тілі асылым менің мұратым.

Мөлдірім сенсің мөлтілдеп көзде тұнатын,

Туым да сенсің желбіреп көкте тұратын.

 

Тәубасын айтып толайым таңды атырған,

Тірлікті тілеп, бірлікке елді шақырған.

Ыждаһат пенен ілтифат бойға құйылған,

Зердемен зерлеп, өнеге өрген нақылдан.

 

Жып-жылы күйде жырылып шығып жүректен,

 Дала пейілді дос көңіліне гүл еккен

Қыран да болып шүйлігіп жауын жүдеткен,

Ұран да болып ұрпақтың рухын түлеткен.

 

Бұл тілмен әппақ жанымның сырын ақтардым,

Атамның аңыз ертегін ұққан шақтар мың.

Шұбарлар болсам шайырлығыма сын болсын,

Тұмардай күтіп, тұмадай күйін сақтармын.

 

Жапырақ жайған дарақтың ортақ бүрімен,

Тереңге тартқан тамырына жүгінем,

Жайлаған жерді іздеме ұлы халықты,

Іздей де қалсаң табасың тек сол тілінен.

 

Болмаса тілің батқаны болар күніңнің,

Аққаны болар көзіңнен жарық нұрыңның.

Өсіре алмай, өшіріп алар өркенін,

Бабаның тілін жоғалтып алса бүгін кім.

 

Шуағын төгіп, бұлағын нұрға бөлеген,

Өркениетке өрістей берсін өнегең.

Мәңгілік елде жаңғырып тұрсын Баба тіл,

Өскелең өрен тартқайсың көшті көнеден.

 

Бабамның тілі бастауын алған танымнан,

«Өнердің алды қызыл тіл» болып танылған.

Алмастай алғыр, намысты қайрап жанырда,

Жаным да тіпті садаға деген арымнан.

Намысың көкте найзағай сынды жарқылдай,

Аяла ұрпақ бабамның тілін алтындай.

Түбіне түгел маржаны тұнған теңіздей,

Шалқи да берсін, толқи да берсін сарқылмай.

 

Сел болып ағып, сезімді  тастар сергітіп,

Жазира тілмен жайласын лайым төрді құт.

Сенімімді артып, сипатын саған жеткіздім,

 Ар жағын ұрпақ жалғастыр өзің өрбітіп.

 

ЕР МЕН ЖЕР

Төскейде мал өргізіп, егін еккен,

Еңбегімен тірлігін жеңілдеткен,

Жеңілдеткен жағдайын көңілді еткен,

Кең едің, кемел едің елім неткен.

 

Туған жер – Ар-Иманым санамдағы, 

Арналады жақсымның саған бәрі.

Жаһанға тек жақсыңды жырлайтұғын,             

Бозторғайың болайын далаңдағы.

 

Не бердім, не бере алам елім саған,

Тағы неге келеді менің шамам?

Өзін мәңгі қарыздар сезеді екен,

Отан жайлы ойларға берілсе Адам.

 

Мал бағамын төсіңде, егін салам,

Білім қуам кеп жатса ебім соған.

Ел, Ерлік, Еңбек егіз  соны ойласам,    

Көмейімді кернейді керімсал ән.

 

Мен сондай керім кезді армандаймын,

Ауаңнан жұтам бақыт бал қаймағын.

Алдыңғы саптан әркез табылармын,

Туа қалса басыңа әрқандай күн.

 

Отаным! Мың құлпырған нұрдан гүлің,

Орнамасын басыңа сындарлы күн.

Орнай қалса басыңа сындарлы күн,

Мен болармын алғашқы құрбандығың.

 

ҚАЗАҚСТАНЫМ

Айдындай мөлдір аспаны керім,

Аймалап өпкен  асқары көгін.

Төсінен сүттей сорғалап бұлақ,

Өрнектеп гүлмен тастады жерін.

 

Балаған ақық-асылға тасын,

Заңғар таулардың басында жасын

Найзағай намыс ойнаған өлке,

Өр кеуде ешкім басынбаған. Шын.

 

Шынарын ұлпа ақ бұлт көмкерген,

Самалды таңы шаттықпен келген.

Бұлағы қыздың бұрымы сынды,

Шолпысын тағып пәктікпен өрген.

 

Дарқан көңілмен   далиып дала,

Жантайып жатыр шаниып қана.

Ерікті ұлдары елестеді,

Қалқыған көкте ақиықты ана.

 

Сәйгүліктерінің алатын терін,

Сал, сері, ақын табатын төрін.

Батыр бабалар – Сақ пен ғұндардан,

Мұраға қалған  Жәннәті жердің.

 

Тұтастық бірлік арайын жағып,

Ұғынған туыс, ағайын халық.

Елдіктің туын көтерген мәңгі,

Достықтың  алтын сарайын салып.

 

Жерұйық басқа таба аласың ба.

Ерлікті тағдыр бағалар сында,

Өткенді жалғап, бастады көшті,

Қазақстаным жаңа ғасырға.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір