Бір түнгі оқиға
02.05.2019
1721
0

Ерғали Бақаш


(Әңгіме)

Қара түнді қақ жарып келеді. Айнала көзге түртсе көргісіз. Жаңа ғана куә болған сұмдық оқиға жүрегіне қанжардай қадалып, аласапыран күйге түсіргені аздай, түсініксіз қалыпта ілби басады. Өзі емес, басқа бір бейнеге айналып кеткендей…
Қанша тез жүруге әрекеттенген сайын, дәрмені кетіп, ентіге берді. Қорыққаннан ба, әлде, қарашығын қарықтырған жат көріністің шеңбек әсері ме, өзі де анық білмейді… Тез серпіліп, ес жимаса меңіреу түн түнек түбіне лақтырып жіберердей түнеріп алған. Үрей билеген санасы жылымық аңсап шарқ ұрды. Мазасыз ойдан арылғысы келіп, жанын жай таптырар тыныштық іздеп аспанға қарады. Жымыңдап, жан-жүрегіңді елжірететін жұлдыздар тұнжырап, ай бозарып кеткендей көрінді. Оқыс дауыс, болымсыз тықыр шықса болды есі ауып қаларына ешқандай да күмәні жоқ-ты.
Қорқыныштың жетегінде келе жатып «Өзіме де обал жоқ», – деді біреу естіп қоя­тындай жәй ғана сыбырлап. Жып-жылы төсегімде ұйқымды қандырғанның орнына ит құйырығын бұлғаңдатса еріп кететін әдетіме басып жетіп келгенімді қарашы. Енді міне, қуырылған бидайдай шыж-быж болып, өзіммен-өзім соттасып келемін.
Өмірінде бірінші рет ұят пен иман, ар мен обал туралы терең ойларға берілді. Онсыз өмірде мән мен мағына жоқ екенін бұрыннан білгенімен жіті түсінбегеніне опық жеді.
Қанша уақыт жүргенін өзі де бағамдап үлгере алмады. Табаны оттай қызып, аузы құрғап келеді. Бір жұтым су болса таңдайы жібіп, маңдайынан тер бұрқ ете түсер еді. Бірақ осы көшенің аяғындағы құжырасына жету бұл үшін қиынға түсті.
Екі өкпесін қолына алып, ұшып-қонып барғандағы куә болған масқара жағдайға досынан бұрын өзін жазғырды. Көз алдынан күлімсі исі бұрқыраған жұпыны төсекте шашылып жатқан жап-жас келіншектің күнәһар бейнесі кетер емес. Қап-қара сиқырлы көзінен әлдекімдерге деген өшпенділік пен кектің менмұндалап қана қоймай, тән ләзәтіна деген шексіз құштарлықтың да асаудай тулап жатқанын байқау еш қиын емес-ті. Қырылдаған дауысы шылым мен ішімдікке әуес екенін бірден байқатып тұрғандай. Нәзік жаны жараланып, абыройын аяққа таптауға не себепкер болды екен, ә?..
Тұяқ серпуге шамасы болмай, шырт ұй­қы­да жатқан. Телефоны құрғыр безілдесін кеп.
– Ерден, келмесең болмады. Қиындыққа тап болдым. Ешкімге тіс жармашы, өтінем. Өзің келгенде бәрін түсіндіремін, – деп қиылған Мұхитқа көзін тырнап ашып, соңғы екі жүз теңгесіне такси ұстап құрдай ұшып жеткен беті еді.
Кімді мүсіркесін, өзін бе, әлде некелі жарының көзіне шөп салған арсызды ма, жоқ, қызыққа ортақтасуға шақырған жолдасын ба? Әй, иі қанбаған арсыз тіршілік-ай, көрсетейін дегенің осы ма еді…
Ол кеудесін тырналған азапты ойын Мұхит досына айтқысы келді. Бірақ айтпады. Дұрысы, айта алмады. Иесіне еркелеген иттей, ыржалаңдап қарсы алған жолдасы өзі тояттаған соң бұған сыйлық жасамақ болғанын айтып, мақтанып алды.
– Жастығыңды құшақтап құр жатқаннан түк шықпайды, ара-тұра серілік қып тұру керек жігіт деген! Дұрыс емес пе, жан досым Жамуха, бұл шын досың Шыңғысханның саған деген ізгі-ілтифаты. Қабыл ал, қолаң шашы төгіліп, өзіңді күтіп жатыр, – деді жымысқылана жымиып.
– Әй, есің дұрыс па, ақырын сөйле. Бір­еу естіп қойса, ұят емес пе, – деді бұл әлі де түкті түсінбеген қалпында. Екі санын ша­палақтаған Мұхит жатақхананы басына көшіре күлді.
– Мұхит, есіңді жишы, жын ұрғаннан саумысың? Жаңа ғана өлдім-жіттім, – деп хабарласып едің ғой…
– Өй, баламысың деген! Түк көрмегенің көрініп тұр ғой. Сені осы араға келтіру үшін аз қулығымды іске қосып едім, құлдыраңдап жетіп келдің емес пе. Маған ештеңе болған жоқ. Кім көкеңе батылы барып әңгіме айта ал­ар дейсің. Жә, оны қойшы, кітаптан бас алмайтын оқымыстының рақметіне бөленемін бе деп жүрсем, өңің бозарып, қорқып отырғаннан саумысың? Бері қарай жүр, сауабыңды алайын, – деп қолынан жетектеп қап-қараңғы бөлменің ішіне күштеп кіргізіп жіберді. Сыртқа ұмтыла беріп еді, кеудесінен итеріп қалды. Шалқалап барып, бойын әзер жинап алды. Сол арада Мұхит есікті сыртынан құлыптап үлгерді.
– Мұхит, аш есікті, бұл қай әзілің, – деді Ерден құрдымға құлап бара жатқандай жанұшыра дауыстап. Бұрын-соңды оның мұндай ерсі қылығын көрмеген еді, әдетте, қа­рапайым, оқып-ізденуге құмар елгезек жігіттің мына түсініксіз әрекетіне жіп таға алмай дал болды. Қас-қағым сәтте Мұхитты шындап танымағанына көзі анық жетті. Соңғы күндері «достарыма кеттім, ауылдастарым келіпті» деп, сабақтан көп сұранатын. Ертесі маужырап әлсін-әлсін есінеп, ештеңеге зауқы соқпай шаршап отыратын.
– Досым, сен асықпай ащы теріңді шы­ғ­а­рып ал, мен төртінші қабатты шарлап ке­лейін, – деді Мұхит мысқылдай күліп. Кетіп бара жатып, «түнің жақсы өтсін болашақ профессор мырза» дегенді қосып қойды…

(Толық нұсқасын газеттің №17 (3651) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір