Ажалына асыққандар
24.04.2019
1366
0

Әлқисса. Бұл тақырып турасында қалам терберде, сөздің шыны керек, жүрексіндік. Аталмыш танымдық-ақпараттық мақаланы жазуға жел сөздің жетпегендігінен, я болмаса өзге де себептерден емес. Бізді алаңдатқаны – «аздаған оқырман қауымның көкейіне күнәлі ойдың дәнегін егіп алмаймыз ба?» деген қорқыныш. Осы қорқыныш салмағын теңшеп талай уақытты жоғалттық, қаламымызды соншама уақыт тежеп бақтық. Алайда, атын атап, түсін түстеп «танымдық-ақпараттық мақала» дегендіктен, газет бетіне ұсынуды жөн көрдік.
Экзистенциалист, философ Альбер Камюдің «Суицид» атты эссесі есіңізде ме?.. Иә, онда былай дейді: «Бәрі үшін төлеуге тура келеді… Өзінің үміттен айырылғанын сезген адам енді болашаққа тиесілі емес, бұл заңдылық. Бірақ, ол сонымен бірге өзі жасаған әлемнен құтылып шығуға талпыныстар жасайды… Өлімнің басқа бір өмірге бастап баратынына менің сенгім келмейді. Мен үшін алғанда, ол бір жабылып қалған есік».
Төмендегі ұлы тізімдегілер де, шамасы, өздері жасаған әлемнен құтылып шығуға талпыныс жасаушылар деп түсіндік. Жалпы, қызыл сөзді қыдыртып, сыздықтап-сызашықтандырмай турасын айтқанда, «Алладан шыққан буды» (Шәкерім) қағаз бетіне қаттап кеткен қаһармандардың өлімі де бізге «қызық». Тағдырлары секілді. Аянышты. Азапты. Шағын мақалада өз өмірін ерте қиған талай авторды (Есенин, Цветаева, т.б.) қосып жатпадық. Егер ежелгі дәуірден бастасақ, бәрін қоссақ,и бұл тізім ұзаққа созылар еді…

Зигмунд Фрейд (1856-1939). Психоанализмнің атасы Зигмунд Фрейд суи­цидке не үшін барды? Психолог, психиатр, нев­рологтың ғұмырлық тәжірибесі көлденең шық­қан мәселелерді шешуге көмектесе алмағаны ма? Жоқ, бәрі біз ойлағандай емес екен. Фрейд суицидінің себебі – рухани азап емес, физикалық жан күйзелісі. Фрейд шылымды жиі шегуден болған ауыз қуысының обырымен өмірінің ақырында қатты ауырған. Ол өзінің жазбаларында отыз тоғызыншы жылдары не ұйқы көрмегенін, не ішіп-жей алмағанын жазады.
Ақыры: «Шур, уақыты келгенде мені мұндай жағдайда қалдырмайтыныңыз туралы жасасқан екеуіміздің келісіміміз есіңізде ме? Қазір бар-жоғы менде қалғаны – азап пен ой ғана, өзге ештеңе жоқ. Аннамен сөйлесіңіз, егер ол өз рұқсатын берсе, осыған нүкте қояйық», – деп 83 жастағы ғалым өз досы доктор Шурдан үшінші дәрежелі морфий арқылы өлімге мойынсұнуға көмектесуін сұраған хат жазады. Бұл шешім қызының келісімі арқылы 23 қыркүйекте орындалған. Он алты жыл бойы 32 операцияны бастан өткерген әдебиетші, психолог Фрейд дүниемен осылай қош айтысып кете барыпты.


Джек Лондон (1876-1916). 60 жылға жуық уа­қыттан соң ғана қазақ тілінде сөйлеген әйгілі авто­биографиялық «Мартин Иден» романының авторы, америкалық жазушы, әлеуметтанушы, қоғам қайраткері, шытырман оқиғалы әңгімелер мен повестердің авторы Джон Гриффит Чейниді қазақтілді оқырман қауым Мұхтар Әуезов, Дидахмет Әшімхан аудармаларымен жақсы таниды. Өз-өзіне қол салған қаламгерлер туралы аталмыш мақаламызға Лондонның есімін қосқанымызға қарап, қатардағы оқырман автордың өлімі өзінің «Мартин Иден» романындағыдай жағдаймен аяқталған болар деп болжап отырған да шығар. Алайда, Лондон өзінің ғажап кейіп­керіне ұқсай алмапты. Өмірі де өзгеше. Ендеше, бір сәт көз жүгіртіп көрсек.
Өгей әкесінің қолында тәрбиеленген Джек Лондон 24 жасында өзінің универ­ситеттегі қайтыс болған досының әйеліне үйленіп, екі қыздың әкесіне айналады. Үш жылдан соң Чармиан Киттердж есімді аруға ғашық болып, екі жылды араға салып барып, сол арумен отау құрады. Зауыт, фабрика, электр станцияларында түрлі жұмыстар жасап, кейін біржола жазушылық жұмысқа көшеді. 50 мың доллар қаламақы алып тұрған қаламгердің атақ-даңқы да жер жара бастайды. Утопиялы «Бүкіл әлемнің жауы», «Әйел жас кезде», «Голиаф» әңгімелерінің де жазылатын уақыты осы кез. Қайбір жылдары фермада жұмыс жасаған ол сол кездегі арманын жүзеге асырмаққа бел буады. «Мінсіз ферма» жасағысы келіп, ең соңында тақырға отырады. Қаншама қарызға белшесінен батып, оны өтеу мақсатында қаламақыға әртүрлі жанрдағы шығармалар мен мәтіндер жаза бастайды. Осы сәттен бастап Лондонға жазу, жазушылық еңбек соншалықты жүрек айнытарлық жиіркенішті түрде көріне бастайды. Өмірінің соңында шығармашылық дағдарысқа ұшыраған ол морфийді артық мөлшерде қолданудан көз жұмған. Артында 24 том мұра қалды…

Еділбек ДҮЙСЕН

(Толық нұсқасын газеттің №16 (3650) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір