ШЕГЕБАЙ

Қажығали МҰХАНБЕТҚАЛИҰЛЫ
(Әңгіме)
«Өктемдік өштікті ғана тудырады».
Халық мәтелі
Шегебай өнеркәсібі дүркіреп тұрған бір ауданның орталығындағы «Промбаза» деп аталатын үлкен мекемеде біраз жылдан бері бастықтың шопыры еді. Бұл өзі – ешкіммен қақ-соғы жоқ, айдап жүрген машинасынан басқаға көп аса мойын бұра да қоймайтын, нәті біртоға, тұйықтау жігіт-тұғын. Өстіп жүріп, қырықтың қырқасынан енді аса берген шағында, биыл аяқ астынан мекемеде улыған-шулыған бір өзгерістер болып, аласапыран басталды да кетті.
Бұрынғы бастық кететін болды.
Жаңа бастық жақында келеді екен… – десті.
Әрине, Шегебай секілді шопыр кісіге бастық кім болса да бәрібір ғой. Дегенмен, Санақбай Қойлыбайұлы дейтін бұрынғы бастықты жақсы көретін. Өйткені, ол бір… бастық екенмін деп шәниіп тұру дегенді білмейтін; мекеменің ішкі-сыртқы жұмыстарына білекті сыбанып жіберіп, кейде жұмысшылармен бірге өзі де кірісіп кете беретін; майлық-сулығы бірдей, егделеу қазағуар кісі еді. Көп жылғы адал еңбегі бағаланғандығы шығар, кәсіпорын басшылары оны жоғарылатып алып кетіп, орнына жаңа адам жібермек болыпты. Ал «жаңа адам» да, естуінше, көз көрместің кісісі емес көрінеді, мына іргелес аудандағы осындай бір промбаза бастығының орынбасары екен; жоғарыдағылар бұ жолы бастықтыққа сол кісіні қолай десіпті.
Сонымен… «халық айтса, қалт айтпайды» деген, келді бір күні жаңа бастық та. Келгенде, әлдебіреулерге ұқсап сүйретіліп жүріп алмай, үй-іші, мал-жанымен бір күнде көшіп келді. Көшіп келді де, Шегебай үйінің іргесіндегі бұрынғы бастықтың үйіне кіріп, көрші болды.
Бұлар тұратын көше – Шегебай секілді бірен-саран «кездейсоқ» кірмелер болмаса, негізінен, осы аудандағы белгілі-белгілі мекемелердегі жауапты кеңсе қызметкерлері мен ұсақ-түйек бастықтарға арналып салынған, кілең бір «типовой» деп аталатын жаңа үйлерден құралған көше еді. Жаңа көшедегі жаңадан салынған бір типті үйлер дегеннің жайы белгілі ғой: әзірге бәрінің де жан-жағы жалаңаш; әрқайсысының тұрғын үйі, тиесілі он соттық жері, түкпір жағында қорасымағы бар демесең, айналасында аласа ағаш шарбағынан басқа түгі жоқ үйлер-тұғын. Керек десең, көрші үйлердің ара-арасы да кісінің кіндігінен аспайтын аласа ағаш шарбақтармен ғана бөлінгендіктен, іргелес көршілер көлденең көзден қамсау қыларлық еш қорғанышсыз еді.
Осы бір жері… (әр отбасының өз құпиясымағы болатындықтан), әрине, ыңғайсыз-ақ. Ыңғайсыз болғанмен, не шара?! Жағдай солай… Жағдай солай болғандықтан да, Шегебайдың жаңа бастығы көшіп келген күні-ақ, мұның үй-іші оның орта жасқа кеп қалған әдеміше әйелі, ержетіп қалған екі-үш баласы, екі бұзаулы сиыры, кекірейген қызыл қораз бастаған он шақты тауығы бар екенін бірден біліп алған.
Бірақ Шегебай өзі мұндайға көп аса мән бермейтін адам-тұғын. Ертесіне-ақ, міндетті жұмысына кірісіп, әрі көршісі, әрі бастығы боп келген кісіні әдеттегіше, машинасымен бірінші рет қызмет орнына алды да жөнелді…
Кеңсеге алып келіп, мекеменің силикат кірпіштен салған үлкен ақ үйінің екінші қабатындағы бұрынғы бастықтың абажадай кабинетінің алдына дейін ертіп апарды; сонсоң ізетпен қайтып кеткен.
Содан… тоғызға он бес минут қалғанда кабинетіне кірген бастық (бұл да бір жұмысты жанын сала істейтін кісі ме!?) түскі бір ноль-нольде кеңседен шығып, машинаға әрең кеп отырған. Түстен кейін, екі ноль-нольде қызметке қайта әкелген соң, кешкі алты ноль-нольде әрең шықты-ау!
Машинасында күтіп отырған Шегебай, жұмыс аяғында да әлі сергек һәм жіті адымдап келе жатқан осынау ұзын бойлы, қақиған бастығының түр-тұлғасына алғаш рет зер сала қараған: сықиған қара костюм, ақ көйлек, желбіреген қызылқоңыр галстук… Қыры пышақтай шалбар. Құдды, Елбасының қабылдауында болып, Ақ Ордадан енді шығып келе жатқан астанадағы министрлердің бірі ме дерсің. Мына түріне қарағанда, ешкім, сірә, оны осы аймақта мұнай өндіріп жатқан шетелдік көп компаниялардың бірінің май-май промзонасында бастық деп ойламас…
(Толық нұсқасын газеттің №16 (3650) санынан оқи аласыздар)