Жоғалған қараша
24.04.2019
1603
0

Санжар БЕКЖАНОВ

Осы бөлмені ұнатпаймын. Қараңғы, сыз құдыққа ұқсайды, тұңғиығы жұтып алардай сезіледі. Осында келсем болды – тіршілігім есіктің сыртында қалып қоятындай, күйіп кеткен шамды да ауыстыруға шамам келмейді. Кресло, антенасы ұстамайтын теледидар, істейтін-істемейтіні белгісіз телефон, бір адамдық ас ішетін үстел, орындық пен бойсәкі және төрт қабырға. Төсекке жантайған белімнің қаншалықты талғанын жағымды ауырсынғанынан сезіндім. Аяғымның ұшынан бастап мойныма дейін бір нәрсе ұстап тұрғандай қозғалуға шамам келмей қалды. Бірінші курстың екі тобына дәріс оқығаным болмаса, одан бөлек шаршататын не бар? Жұмыстан жаяу қайтқанымнан болар. Бірақ ол күнделікті әдетім ғой. Бүгін болған оқиғаларды ойладым, жай күндердің бірі ғана. Миымда жүгірген қанға ілескен үздіксіз ойларыма жете алмай еріксіз жұмылған көздерім ұйқы әлеміне жетелеп бара жатқан…

– Оны танитыныңа сенімдісің бе? – деген дауыс терезе жақтан шықты. Селк ете қалдым.
– Кім бұл?
– Бірінші менің сұрағыма жауап бер. – Қанша үңілсем де келбетін көре алмадым, денем мүлде жансыз, қозғалуға шамам жоқ. Креслода отырған сұлбасын ғана көруге мұршам келді.
– Кім туралы айтып тұрғаныңды біл­меймін! – дауысым өзіме бөтен естілді.
– Білгенде қандай! – деді, тым сенімді дауыс­пен. – Бірақ, оны танитыныңа күмәнім бар!
Оның сөздері ауада тұрып қалғандай біразға дейін үнсіздік орнады. Мүлдем тү­сін­беймін, қанша ойлансам да ол айтып тұрған адамды есіме түсіре алмадым.
– Сонда сен… – дауысым тұңғиыққа жұтылғандай. Кенет телефон шыр ете қал­ды, терезе жаққа қарасам, ешкім жоқ. Дым тартқан жастығымның суығын енді сезіндім. Айнала тып-тыныш, дамыл тап­пай­тын көліктер даусы да естілмейді. Қол шамды жағып, сағатқа қарасам, үш жарым. Үрейден қалып қойған сезімді сейілтпек ниетпен жеңіл пальтомды иығыма іліп, тысқа шықтым, сары фильтрді сіріңкемен тұтандырып, көрген түсімді ойладым. Жай түс екеніне өзімді қанша сендіргім кел­се де, оның кім туралы айтқанын білуге құмарым басылмады. Үйге қайта кірдім, бір қуантатыны – ертең жексенбі, мазасыз түннен кейін асықпай оянуға болады.
Таңертең біреу есік қаққаннан ояндым. Сағатқа қарасам, үш жарым, түс ауғанша ұйықтаппын, атып тұрдым.
– Жандос, ұйықтап жатсың ба? – Бөл­мені жалға беретін атаның әуезді де сабырлы даусы естілді. Халатымды киіп, есікті көлегейлеп аштым.
– Иә, жексенбі болғасын алаңсыз жата беріппін, оятқаныңыз дұрыс болды, Папа, – оны Хэмингуэйге ұқсатқан соң, солай атаушы едім.
– Ерте оятып жіберген жоқпын ба, сағат әлі сегіз жарым. Көңіл күйі әдеттегідей, жанары жайнап тұр. Бұл кісі кемпірінің басына барғанда ғана жанары суланып, азырақ мұңайып алады. Одан басқа кездерде қабағы түскенін көрмеппін.
– Оятқаныңыз жақсы болды, әйтпесе оянбайтын түрім бар, – сағат тілі әлі үш жа­рымды көрсетіп тұр, тоқтап қалған екен ғой.
– Мен де жаңа ғана ояндым, газға шәйнек қойғам, ояу болсаң, таңғы асты бірге ішейік. Марқұм апаң жексенбіні асы­ға тосатын. «Таңғы ас тәтті басталса, күн де жақсы өтеді», – дейтін, екеуміз сопа­йып отырғаннан гөрі үшеуміздің бірге та­мақтанғанымызды қалаушы еді ғой, – біртүрлі сағыныш екеуміздің де жүрегімізді кернеп өткендей, мұң күйін тыңдап, біраз үнсіз қалдық.
– Қазір барамын, дастарқанды өзім жасаймын ғой, отыра беріңіз.
Мен далаға шыққанда Папа сары фи­льтр темекісін қолында ұстап, жылы жаққа ұшқан құстарға қарап тұр екен, жанында шағын үстелше мен екі кішкентай орындық бар. Үстелшеде қағазға оралған, арасына шұжық пен ірімшік салынған екі нан мен екі кесені байқадым. Ол қолындағы темекісін тісіне қыстырып, күміс оттықпен тұтандырып жатып:
– Қараша келгенмен, бүгін ауа райы ерекше жылы. Таңғы асты сыртта отырып ішсек қалай? – деді.
– Шайдың орнына кофе ішсек, тіпті керемет болар еді!..

(Толық нұсқасын газеттің №16 (3650) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір