ШЕКСПИР мен ТОЛСТОЙ
23.04.2019
293
0

Шекспир… Сана биігі. Ақыл мұзарты. Әлемге есімі ең көп таралған тұлға. Иә, аңыз автор. «Мынау Шекспир деген өзі қандай адам? Өз-өзіме келе алар емеспін! Онымен салыстырғанда Байрон-трагик қандай ұсақ адам еді!» – дейді Пушкин. Ұлы ақын тамсана, тебірене, тебіне тіл қатады. Данышпан ГЁте болса, бүй дейді: «Шекспир шығармасының алғашқы бетін оқып-ақ мен оған тәнті болдым. Ал шығарманы оқып біткенде өмірге соқыр болып келіп, Құдайдың құдіретімен көзі ашылған адамдай халде болдым». Расында адам жанының кардиограммасын жасаған Шекспир туындылары сан қырлы. Басты тақырыбы – Адам. Содан да болар әр шығармасы өмірдің өзіндей өміршең. Ғұмыры ұзақ. Ол – драматург, кемеңгер ақын, кемел тұлға.

Шекспирдің ең күрделі пьесаларының бірі – «Гамлет» трагедиясы. Театр зерт­теушісі Григорий Бояджиев: «Гамлет» – ақыл-парасат трагедиясы», – деп баға береді. Шынында, Гамлет – өз шындығын табу жолында шарқ ұрушы. Әкесі Гамлеттің өліміне Клавдий кінәлі екенін білген заматта, жаза қолдануға кіріседі. Ақыры, осы бір оқиғаны сахналап, көрермен Клавдийді де шақырады. Зұлым Клавдийдің әкесінің құлағына у құйып өлтіргенін сахнада спектакль қылып қояды. Осы тұста Клавдийдің бойында Жаратқанның өзі сыйлаған Ар қағидаты қылаң беріп, сұрланып, шыдай алмай, сахнадан шығып жүре береді. Зерттеушілерге сүйенсек, бұл пьеса 1600-1601 жылдары жазылған. Пьесаның желісі XII ғасырда өмір сүрген Дат халқының Саксон Грамматик деген жылнамашысы жазып қалдырған аңыздан алынған деген болжам бар. Мәселен, ол аңызда әкесін өлтірген ағасынан кек алып, өз билігін қайтарған Амлет деген ханзаданың тағдыры жайлы баяндалған. Пьесаны қазақ тіліне көрнекті ақын Хамит Ерғалиев аударған болатын. Ал кейіннен тікелей ағылшын тілінен жыраулар поэзиясының үлгісінде ақын Есенғали Раушанов аударды.
Сен – әуенсің, сөйте тұра әуенді,
Тұйық күйде тым жабырқау тыңдайсың.
Неге сонша жаның дертке тәуелді,
Неге азаптан рахат іздеп тыңбайсың.
Шекспир сонеті. Хамит Ерғалиевтің аудармасы. Енді мына бір Мұқағали ақынның аудармасына назар салыңыз.
Бақылап тұрдым, алаулап күннің жанары,
Мейірін төгіп, мәпелеп тауға қарады.
Күлкісі ойнап шабындықтардың үстінде,
Ақ беті судың алаулап жанып барады.
Алайда аспан әредік ерік береді,
Ажарлы таққа қаңғыбас бұлттар төнеді.
Сұрапыл жылжып, сүреңсіз дүние үстімен,
Ғажайып шақтан ада қып жерді жөнеді…
Адам мен табиғатты біртұтас кейіпте көру. Тұтастыққа таңдану бар.
«Асауға тұсау» пьесасын заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов қазақша сөйлетті. «Ромео мен Джульетта» мен «Король Лирді» Әбіш Кекілбаев аударды.
Шекспир пьесасындағы көп сөздер әлдеқашан қанатты сөзге айналған. «Жетістікке жетудің үш ережесі: өзгелерден артық білу, өзгелерден көп еңбектену, өзгелерге қарағанда аз нәрсе күту», «Кітап маған тақтан қымбат», «Достық әлсізденген сайын, сыпайылық арта түседі», «Боранды күні берілген уәде тынық күні ұмытылады», «Күллі әлем – театр. Ондағы әйел мен ерлердің бәрі әртіс. Олар сахнаға шығады және сахнадан кетеді. Әрқайсысы бір емес, бірнеше рөлде ойнайды».
Әлқисса, негізгі айтпағымыз бұл емес. Әңгіме «әлемнің күміс қоңырауы» атанған Толстойдың неге Шекспирді қабылдай алмағаны хақында болмақ.
Сауатты оқырманның Толстойдың Шекспир жайлы мына бір пікірі қаперінде болар: «..бүкіл әлем мойындаған Шекспирдің ғаламат туындылары маған ұнамағаны былай тұрсын, оны қабылдай алмауымның себебеі неде? Ұзақ уақыт мен өз-өзіме сенбес­тен, өзімді-өзім тексеру үшін Шекспирдің әртүрлі шығармаларын бірнеше тілде: орысша да, ағылшынша да, немісше де оқыдым. Драмаларын, комедияларын, хроникаларын бірнеше мәрте қайталап оқысам да тура бұрынғыдай жиіркену, жалығу және түсіне алмаудан өзге ешқандай сезімді бастан кеше алмадым..» Шынында, Толстой мен Шекспир арасындағы қарама-қайшылықтың мәні неде? Неге Толстой үшін Шекспир шығармалары солғын тартты екен? Қызық. Бірде Максим Горький мен Антон Чехов Толстойда қонақта болады. Сонда Толстой ескі ғадетінше Шекспир шы­ғармаларының көркемдік төмендігін алға тартады. Кейіннен оңашада ойға қал­ған Горький Чеховтан ақсақалдың Шекспирді неге ұнатпайтыны жөнінде ойын сұрайды. Сонда Чехов: «Оған біз секілді ергежейлілерді мақтай салу түк емес. Ал Шекспирдей алып оның жынына тиеді», – дейді. Чехов өзінің тағы бір естелігінде былай дейді: «Білесіз бе, мен жақында Гаспрде, Толстойда болдым. Ол төсегінде жатып әртүрлі тақырыпта және мен жайлы да біршама сөз қозғады. Ақыры қоштасып қайтуға бекіндім. Ол қолымнан ұстап: «Мені сүйіңіз», – деді. Мен сүйдім, соңыра өте шапшаң түрде құлағыма былай деп сыбырлады: «Бәрібір мен сіздің пьесаларыңызды оқуға шыдамым жетпейді. Шекспир нашар жазған, сіз одан да өтесіз!»
Міне, Толстой қарттың пікір-пайымы сұңғыла, тереңдігінен болар, бәлкім талғамға талас жоқтығынан. Осы қарама-қайшылық жөнінде көрнекті жазушымыз Дулат Исабеков: «Ұлы адамдардың бір-біріне деген көзқарастары әртүрлі болған шығар. Өйткені ол «мұнда қанды оқиға көп, спектакль соңында бәрі «қырылып қала береді» деген ойда болып, оны ұнатпаған болуы керек», – деген пікір түйеді.
Біздіңше, Толстой қарттың бұл қылығы жаратылыстың, түйсіктің өзгешелгінен деп ұғамыз. Мәселен, Шекспир адам бойындағы мәңгілік сезімдерді, қилы мінездерді толғаса, Толстой сол мәңгілік сұрақтарға жауап табуды қалайды. «Адамға қанша жер қажет?», «Сергей пірадар», «Жексенбі» секілді шоғырлы туындылары сөзімізге дәлел, пікірімізге тұздық. Ол содан да Панчантрадағы ақ тышқан мен қара тышқан кемірген ағаштағы балды жалаған философиялық кейіпкерді жанына жақын тұтады. Ол содан да әлем елдеріне оралып, еш зорлықсыз, еш қиянатсыз асыл білімді санаға қондыратын ерекше мектеп ашуға ұмтылады. Жаңаның мәнін, ескінің түбін түсіндіруге бар бейілін салады. Сірә, адамдық арқауы, ізгілік бастауы дегеніміз де осы бір мәңгілік сұрақтарға жауап іздеуден табылса керек.
Қорыта айтқанда, Шекспир де, Толс­той да әлем әдебиетіндегі кесек тұлғалар. «Ханның басын хан алады» дегендей, қос тұлғаның қарама-қайшылығы жөнінде біршама ой қозғадық. Сіз қалай ойлайсыз, ізденімпаз оқырман?!

Б.Сәрсенхан

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір