«Шылбырын ұстап шабыттың»
10.04.2019
498
0

Тамылжыған табиғат, тіпті, өмірдің өзі – тұнып тұрған поэзия. Алайда сол өмірді, сол керемет табиғатты көретін көз, танитын талант, сезетін сезім керек. Адамның сезімі – алынбас қамал. Ендеше, сол сезім қамалының жалаушысы – ақын. Қазіргі қазақ ән өнерінің бағын ашып, бағасын асырып жүрген ақындардың да еңбектері елге таныс, есімдері ұлтқа мақтаныш. Міне, сол талантты шоғырдың қатарында қазақ өнеріне қарлығаштың қанатымен су сепкендей болса да, өз үлесін қосып жүрген, ән аспанында қалықтаған көптеген ән мәтіндерінің авторы, ақын Дайрабай Мамашұлы Үсіпбаев та бар. Біздің бүгінгі әңгімеміз осы бір өлеңдегі өрнегі бөлек, жырлары жалынды ақынның шығармашылық жолына арналып отыр.

Жетелеп сезім алысқа,
Арманның киіп шапанын.
Талдырып көзді батысқа,
Таң болып кейде атамын.

Ғашық та болып көрдім мен,
Тасып та толып көрдім мен.
Өмірде ыстық, суыққа
Жанып та, тоңып көрдім мен, –
деп жазады ақын бір өлеңінде. Жаны кіршік­сіз, бойы таза, жүрегі пәк адамнан ғана шы­найы поэзия туады десек, ақынның бұл өлеңі сол тұнбаның тұнығы іспетті.
Бүгінде өнер жұлдыздарының ән қоржы­нын қампайтып, көңілдерін марқайтып жүрген Дайрабай ағамыздың сөзіне жазылған әндер жетерлік. Бала жасынан ұлы Абайды оқып, ауыл ақсақалдарының әңгімесін тың­дап өскен бала жігіт жастық шағын ғылымға арнап, елуге аяқ басқан кезінде ғана қо­лына қалам алған екен.
«Жас кезімде ақындарымыздың өлеңде­рін сүйіп оқып жүретінмін. Ал, өзім қырық­тан асқан шағымда өлең жаза бастадым.
Қырықтан асқан шағымда,
Шылбырын ұстап шабыттың,
Ғашықтар ғажап бағында,
Жұпарын жұттым бақыттың, –
деп жазғаным бар. Әкем өмірден ерте озды. Әкеге деген сағыныштан, домбырамды шер­тіп отырып жазған өлеңім бар еді. Бірнеше жыл бойы ешкімге көрсетпеген өлеңімді жа­­рыққа шығарғым келіп, Маңғыстау өңі­рін­дегі сазгер, композитор ағамыз Марат Ор­дабаевқа ұсындым. Кейін ол өңдеуден өткізіп, әлгі әнді алып келді. Сосын Ақмерей есімді немересіне арнаған әніне сөз жазып бердім. Соңыра «Әлі есімде» атты әнге өлең жазып, шығармашылықпен айналыса бастадым», – дейді Дайрекең…

Болатбек Төлепберген

(Толық нұсқасын газеттің №14 (3648) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ