ЕР МЕ ЕДІ КӨК ТӘҢІРДЕН НҰР ҚҰШПАҒАН
09.04.2019
1113
0

Қорғанбек АМАНЖОЛ,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

ҚҰС ТАУЛАРЫ

Бейжіңнің терістігі – Құс таулары,
Көп құстың құз-жартаста қыстаулары.
Шыққанда құс-қияның сеңгіріне
Шарқ ұрып құстарымның ұшты-ау бәрі.

Құйқылжып Құс тауында көңіл құсым,
Қиялым, қандай өзің өмірлісің?!
Қытайдың тау өрлеген қорғанында
Бір мысқал
Биігіңнен кемірмісің?!

Жотасы, жүлгелері, шатқалдары,
Шыршасы, бұталары, шоқ талдары…
Шертеді Құс таулары маған тарих,
Сар желіп шапқан аттай қапталдары.

Қосыны Хан Мөденің жортуылдап,
Бөрілі көк байрағы – көк Туын ап,
Ұлы әні Күн елінің күңіреніп,
Ұраны Ғұн елінің шалқуы хақ!

Ер ме еді Көк Тәңірден нұр құшпаған,
Егілтіп түседі еске Шыңғыс қаған.
Қиқулап Құс тауының бөктерінде
Мұқалы батыр бабам туды ұстаған.

Күн түбі.
Құс таулары.
Ұлы қорған…
Таңғы шық…
Оянады шырын арман.
Ханбалық астанадан Хан Құбылай
Жар шашып жарты әлемді қырына алған.

Солардың бәрін көрген Құс таулары,
Басынан, қайран дүние, ұшты-ау бағы!
Батыр мен бахадүрден басым түскен
Жалмауыз, жәдігөйі, мыстандары.

…Сыңсыған Сары өзеннің сарынымен,
Садағы бабалардың сағым ілген.
Басында Құс тауының қапаланып,
Баяғы аңыздарды сағындым мен.

ТОҒЫЗ ҚАЙЫҢ

Ұлы жазушы Мұхтар Омарханұлы Әуезов Шолпан Атадағы үйінің алдына өзінің бауыр етінен жаралған тоғыз баласына ырымдап еккен тоғыз қайың бұл күндері бойлап өсіп, жапырағы шулап, жан-жағын жарқын мұңға бөлеп, әлдебір тылсым сырлы тебіре­ністі ән салып тұрғандай болады.

Шолпан Ата төрінде тоғыз қайың,
Тамшы мұңды мен неге тамызбайын?
Ыстықкөлдің толқыны тербеп-тербеп,
Алатаудан асырған аңыздайын.

Тоғыз қайың… тоғысқан тоғыз өмір,
Тоғыз тағдыр елестеп көзіме бір,
Тоғыз қайың… төгілген жапырағы
Торқадайын жыртылар кезі ме бұл?

Жағасында Ыстықкөл тоғыз қайың,
Аңыратар бір күйді қобыздайын.
Мейірімін жанардан жаңбырлатқан
Мұхтар әке мәрмәр тас абыздайын.

Шолпан Ата… шолпылы көктем еді,
Түгелбай мен Аалы* жеткен еді.
Тоғыз қайың шыбығын толықсытып,
Албарына үйінің еккен еді.

Тоғыз қайың… ұрпағы кемеңгердің,
Тылсымына мен қалай тереңдермін?
Жапырағын бүрлетіп көктем сайын
Жайқалады жасыл ой, көгерген мұң.

Тоғыз қайың… толғанай өмір дейін,
Толғануға қасында көңіл бейім.
Тоғыз қайың… толқыған тоғыз дария,
Талайына мен қалай егілмейін?!

Тоғыз қайың… саясы көлеңкелі,
Сайрандатқан сабат жай көп еркені.
Жапырағын тараған самалменен
Сағынышын ел жаққа жөнелтеді.

Тоғыз қайың… шулайды тырналардай,
Қанатына ілесіп бір барардай.
Тоғыз перзент…
Мұхаңның тоғыз томы,
Тоқсан толғау сырынан үлгі алардай.

Тоғыз қайың… көзіндей Мұрат ағам,
Асыл тұяқ қалыпты түп атадан.
Тоғыз қайың… толқыған әуезесін
Болашаққа асыру мұрат оған.

Қомыздайын…
Немесе қобыздайын,
Сыңсытады сырлы әуен тоғыз қайың.
Шолпан Ата шәріне бара қалсаң,
Толқытатын осындай аңыз дайын.

* Түгелбай Сыдықбеков, Аалы Тоқомбаев – қырғыз ақын-жазушылары

(Толық нұсқасын газеттің №14 (3648) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір