СЕЛЕБЕ
Асқар АЛТАЙ
Әңгіме
Ақ жауын сібірлеп тұр. Сілбі дүниені сүзіп, салт аттылар суыт желеді. Ұзын-сонар із кесіп келеді… Ұрылар ізі.
Тау арасы. Тамыз ортасы. Көкжасаң әлем көңілсіз. Салқын сыз еңсені басады. Қырмызы жаз етекке ауар таусыншақ мезгіл.
Өрлі-ылдилы тау ішіне өмілдірік пен құйысқаны сайлы құр аттар таңдап мінілген. Құр атқа қонған үшеудің бірі – түбіт мұрт Сұңқар, жасы он алтыға енді шыққан. Қылшылдаған қырықтағы Мұса әкесі мен жамағайыны Жомарт ескі әскери плащ күлапарасын көтеріп алып, сүрлеу бойын тінте қарайды. Із өкшегелі ерден атып түсіп, шашыла төгілген құмалақты тереді. Бозбалаға әдейі естірте сөйлейді. «Құмалақ кебу емес, асып кетсе, бір күн бұрын өткен», – дейді әкесі. Ішін жарған Жомарт болса, аузына салып, тамсанып-тамсанып түкіріп тастайды да: «Тіс қаққан кәнігілер! Жылқыға су ішкізбей қуып отырған», – деседі. Әкесі: «Құлын-тайлар зорығып кетпесе болды, – деп қынжылады. – Әдейі із тастап, Марқа асырып әкеткен катондықтар болса керек. Малды шығарып берген жымысқылар – біздің күршім-марқалықтар…». «Иә, Мұса аға! Жон-жонмен түнделетіп айдаған. Күндіз сай-сала, шат-шатқалдар шыңырауын шиырлапты. Қара айғырды жетекке алып, үйірді соңынан салғаны білініп тұр. Қысаңда қаздай тізіліп өтіпті, жануарлар!» «Ат жалында күн көргендер», – деп қалды әкесі. «Қарақшылар! Қарумен шыққанымыз абзал болды», – деді Жомарт та.
Бұлар бір үйір жылқыны іздеп шыққалы үшінші тәулік. Ізіне түсіп, індете қуып келеді. Жылқы жымқырғандардың жымсымасы ауыларасы хабар беріп жүрмесін деп, әкесі өз ішінен сөз асырмай, ойы мен бойын жасырып, түлейге түнеп, түзді пана тұтқан. Ұрылар да үйіші ұрдажықтар емес, қансоқта көрген жырындылар… жеткізер түрі жоқ. Мәйтеректің ойына құлап, Бала Қалжырды бауырлап, ұлы Қалжырмен өрлеп, Шүмектен бір-ақ шыққан. Шүмекті де кемерлей кесіп өтіпті… Алқабектің басына аяқ суытысып, бірақ қоналқаламастан Қаба жаққа бет бұрыпты.
Ұрылар шығандаған Қаба-Марқа жері иен. Иен жер жау шақыруда… Көздің құртын жеген өңір көңілге ыстық, іргеден ызғар ескендей сезімге суық. Бағзы баба заманында Хан жайлау болған төр мекен ырғын мал мен думан елден қабырғасы қайысып, күреңшесі майысыпты… Кейінгі кердең заманда аустриялық тұтқындар тауды жарып, тасты қашап салған әйгілі Мәрмәр жолымен жүріп өтем деуші әуесқой мен арғымақ Алтайдың сауырына күміс ер-тоқымдай жараса кеткен Мұзтау мұзартын бір көруге ынтызар турист болмаса, жоқ іздеген бейсауат жолаушы мен аң шадырын таңдап атуға жалғыз аттанған жанкешті аңшы ұшырасып қалмаса, кісі атаулыны жолықтыру неғайбыл. Құс қауырсынын сындырған, аң терісін сыдырған жабайы жыныс. Жаз келе соқпақтың сорабы ғана ашылатын, қыс түсе тыныштық қана мүлгитін меңіреу маң. Жыртқыш атаулыға жұмақ… өркениет өрісіне жұмбақ жер.
Қуғыншылардың ұялы телефондарының үні Марқакөлден ұзамай-ақ өшкен… Иеннің аты – иен. Байланыссыз Сарытау сілемі хабар-ошарсыз. Дүрмек дүниеден мақұрым қалдырып, тұмылдырықты жандай ділгір күйге түсіреді. Таңмен таласа басталған ақ жауын да күшейген.
…
(Толық нұсқасын газеттің №14 (3648) санынан оқи аласыздар)