Жоғалған жоқпын…
Редакциядан:
Белгілі суретші Мағауия Амажолов – тағдыры жұмбаққа толы жандардың бірі. Алматының алакеуім кештерінің бірінде үйінен шығып кеткен қалпы қайта оралмаған суретшіні отбасы, дос-жарандары әлі де күтіп жүр… Газетіміздің айқара бетіне суретшінің картиналарын жариялап, оның картиналарының өзіндік әлемі жайында жазылған шағын рецензияны қоса беріп отырмыз. Тағдырдың ащы кермегін тартқан ақындар мен суретшілердің өмір жолдарының да бір-біріне ұқсас боларын, өмір жолы бұралаң болғанымен, елдің жүрегінен өшпес із тастап кетерін жоғарыдағы естеліктерден байқарсыз…
2018 жылдың қыркүйегінде Шығыс Қазақстан Өнер музейі көрерменге Мағауия Аманжоловтың аса бағалы туындылары – соның ішінде «Ауылда», «Сүлейменов портреті», «Қысқы таң», «Уақыт үстемдігі», «Таң», «Дипломдық жұмыс», «Ақтабан шұбырынды» топтамасынан «Қасірет» картинасы алынып, көрмеге қойылды. Онда суретшінің ерекше ұлттық, әлеуметтік нақыштағы дарынын көре аламыз. Көрменің ашылу салтанатына Мағауия Аманжоловтың жары Күлбайраш Сүлейменқызы мен өнер жолындағы ізбасар қызы Құралай қатысқан болатын.
«Мағауияның артында үш қызы қалды. Екеуі әке жолын жалғастырып жүр. Үшіншісі де өнерден алыс емес, сәулетші. Ол қандай картина салса да, ғалым сияқты ізденетін. «Кеңістікте де түстер бар, көкжиек деген болмайды» деп жиі айтатын. Өзі де кеңістікке сіңіп кетті. Бәлкім, қазір бір жерде бізді тыңдап отырған да болар…Ол адамдар арасындағы қалыпты қарым-қатынасты түсіне алмады. Өмірге періште болып келді, періште болып кетті», – деп Күлбайраш Сүлейменқызы сағынышпен еске алады.
– Мағауия Аманжолов – тарихи суреттердің жүйрігі, қазақ сурет және кенеп бетіне түсірілген кескіндеме өнерінің барлық негізгі жанрларының қас шебері.

«Теңіз қайтып барады»
Менің байқағаным, Мағауияның басқа суретшілерден айырмашылығы: ол Отанын өзінше сүйді, өмірлік шабыттарын ауыл тіршілігінен тапты. Мысалы, «Ауылда» деген картинасында қарапайым механизаторлардың кесек те абыройлы тұлғалары нақ сол тыныштықты, дәстүрлік ғұрыптарды сақтап тұрғандай, қарапайым тұрмыстың дәл сол белгілері, өзгешіліктері мен қарама-қайшылықтары да бірдей үйлесімділік тапқан. «Уақыт үстемдігі» композициясы эмоциялық сезімдерге толы. Суретші өзінің арман-қиялымен қатар шынайы өмірдің өткінші сәтін қатар алып жүреді. Ал «Ақтабан шұбырынды» топтамасы халықтың жүрегіндегі мәңгі сақталған ащы зар мен ауыр мұңды тура жеткізе білді. «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаның» шырғалаңы мен аласапыраны қазақтардың еркіндік пен ерлік рухын шыңдады. М.Аманжоловтың «Ақтабан шұбырынды» тарихи топтамасындағы «Қасірет» шығармасы ешкімді бейжай қалдырмайды. Бұл туынды XVIII ғасырдағы Қазақстан тарихындағы жоңғар-қалмақ шапқыншылығы кезіндегі өз үйін, малын тастап Орта Азияға үдере көшкен қазақтардың жанайқайын бейнелейді.
Мағауияның картиналарына қарап отырып, өзіндік бір тылсым әлемге енгендей боласың. Мен оны қазақ поэзиясындағы ақиық ақын Мұқағали Мақатаевпен теңестірген болар едім. Ішкі жан тебіренісін Мұқағали тіл байлығы арқылы өлең-жырымен жеткізе білген болса, Мағауия өзінің нәзік қылқаламы арқылы суреттейді. Екеуі де – ешкімге тәуелсіз, өзінің ойынан қайтпайтын, нағыз өнердегі шынайылық пен ақиқатты барлығынан да жоғары бағалай білген тұлғалар. Олар елін де, жерін де шынайы көңілімен сүйе білді. Суретшінің туындыларында көбіне қоңыр түсті көп пайдаланғанына қарап, оның шыдамды, байсалды жан екенін аңғаруға болады. Бұл түс оның мінезіндегі тұрақтылықтың, еркіндік пен сабырлылықтың көрінісі іспеттес.
Мағауия Аманжоловтың туындылары – тұнып тұрған философия. Оны біз қазір жоқ деп айта алмаймыз. Өйткені оның артында мәңгілік мұрасы, ізі қалды.
Бекайым ҰЯБАЕВА,
Шығыс Қазақстан облыстық
Өнер музейінің директоры
Серік БАЙХОНОВ
Арманның үлкен-кішісі

Ш.Уәлиханов
«Айша бибі» мазарында
Жас келе адамның көңілшекке айналатыны рас екен. «Қазақ әдебиеті» газеті «Ұмытпаңдар мені» айдарымен өмірден ерте кеткен ақындарды түгендей бастағанын көргенде толқығанымды айтсаңыз. Апырмай, жоқтау ғой, жоқтау… Қазақта жоқтаудың түр-түрі болатынын білем, бірақ мына жоқтаудың жөні бөлектеу еді…
Студент кезімізде ғой, қарын тойып, көңіл орныққанда ақын досым Төрехан: «Мүсекең көрмеді-ау…» – дейтін еді. Мүсекең – сонау елу сегізінші жылы, бес жасымда өмірден өтіп кеткен әкем. Баласының азамат болғанын, жұрт қатарлы университетке түсіп қана қоймай, жұрт қатарлы қарны тойып жүргенін қандай әке жек көрсін-ай… Бірақ ол үшін ең алдымен мына өмірге қайта оралып… Дәл осындай әңгімені апамнан да естігенмін. «Бәріміз де өлеміз… Тек анда-санда бір сәтке келіп, сендердің жәй-күйлеріңді көре алатын болсам, мына өмірден армансыз кетер едім…».
Өмір жыл санап емес, күн санап өзгеріп жатқан соңғы уақытта осындай ойлар мені де жиі мазалайтын болған. Әлденеге қуанған немесе ренжіген кездері өз-өзіме сырттан, сырттан болғанда, өмірден өтіп кеткен жақындарымның, дос-жарандарымның көзімен қарағым келеді. Қуанған кезде: «Мынаны көрмеді-ау», – ренжіген кезде: «Мынаны көрмегені қандай жақсы болды», – деген секілді.

«Дала дидары»
«…Абайдан басталған ақындық мектеп Мағжан, Сұлтанмахмұт, Ілияс тұсында салтанат құрып, көп ұзамай бәлду-бәлду бәдік дәуренге қайта тап болды», – дейді Әбіш ағамыз. Шын мәнінде тамырын тереңнен алатын қазақ өлеңінің Әбділда ақыннан Қадыр Мырза-Әліге дейінгі аралықта «бәдік дәуренге» мойын ұсынуы – күрмеуі қиын мәселе… Иә, мәселе…
Алпысыншы жылдардың «жылымығы» өмірге мықты ақындардың тұтас шоғырын әкелді. Сол сол-ақ екен, кімнің мықты, кімнің әлсіз екенін ажырату қиынның-қиынына айналды. Өйткені өлең өлкесін зерделеген «төбесінің тесігі бар» жас талап ұрпақ өлеңнің табиғатын ғана емес, өлеңнің функциясын түсініп қалып еді…
(Толық нұсқасын газеттің №14(3648) санынан оқи аласыздар)