Ауылға кім боп барамын?
15.03.2019
927
0

Әлібек Шегебай

Жалғыз бейіт

Барар жерге алсам деп күндіз жетіп,
Бара жатқам рульде үнсіз кетіп.
Жол бойында кездескен жалғыз бейіт
Жүрегімді жіберді дүрсілдетіп!

Себеп те көп, сеп те көп алаңдарға,
Сергек ұста өзіңді санаң барда.
Жол бойына қойылған жалғыз бейіт
«Абайла» деп тұрғандай адамдарға!

Тізгіндегі талдырып білегімді,
Жалғыз бейіт сыздатты жүрегімді.
Жұбатамыз «жазым» деп,
Ал, шынында,
Шексіз сүйген жан шығар бұл өмірді.

Қашан, қалай?
Белгісіз тұрғандығы,
Осы жолдың ақиқат… құрбандығы?
Өліміне…
Кім білсін…
Себепкер ме!
Көлігінің жүйткіген жылдамдығы.

Бір күн момын пенделік, бір күн батыр,
Құпиясы көрініп сыртында тұр.
Қапияда жасалған қателіктен
Қанша жанды қара жол жұтып жатыр!

Астыңдағы темірді жансыз дейік,
Танытпағай тірлікке мәнсіз кейіп.
Аласұрып аптыққан әрбір жанға
«Асықпа» деп тұрғандай жалғыз бейіт!

Ләңгі

Күзгі талдай төгілген жапырағы,
Көңіл құсым ойларға батырады.
Қиялымды қытықтап анда-санда,
Балалығым қол бұлғап шақырады.

Сығаласа санаңнан сағым күндер,
Жүректегі жұпарлы бағың гүлдер.
Сағыныштың тартады сыбызғысын
Ләңгі теуіп ойнаған лағыл-күндер.

Шығып алып ауылдың шетіне біз,
Ләңгі ойнауға топ бала бекінеміз.
Қой терісін қиып ап, келісті қып,
Қорғасынға құйылған, бекітеміз.

Қатқан ләңгі жасау боп ниетіміз,
Тері көрсек қырғидай тиетінбіз.
Қорғасыны аяққа батпас үшін,
Қонышы бар бәтеңке киетінбіз.

Ескерткенде үй барын, бататын күн,
Ойын қанбай, біртүрлі тартатын мұң.
Құшағына ұйқының талып құлап,
Түсімде де ләңгі ойнап жататынмын.

Оятқанда қалалық таңғы дүбір,
Ақтарылар ойларым сандығы нұр.
Бесігінде бақыттың тербелетін,
Баста мәңгі тұрмайды ләңгі – ғұмыр.

Қадамыңды басқанмен санап бекем,
Тіршіліктің қояры талап бөтен.
Телефонға телмірген бүгінгінің
Балаларын біртүрлі аяп кетем…

(Толық нұсқасын газеттің №11 (3645) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір