Гың Шымин кім?
Гың Шымин! Бұл есімді біз жайдан-жай бөліп айтып отырған жоқпыз. Өйткені, бұл есім «жер шарының қызыл белдеуі» атанған Қытай Халық Республикасында өмір сүріп жатқан қазақ баласы үшін ғана емес, исі түркі, әсіресе, біз үшін де аяулы, қастерлі болуға тиіс. Өмір бойы қарапайым да кішіпейіл, зиялы қалпынан айнымай өмір сүрген Гың Шымин ақсақал ұлты басқа болса да, өзінің бүкіл саналы ғұмырын түркітану мен қазақ тіл білімін оқыту-зерттеуге арнапты.
Қазақ тілін қалай беріле зерттесе, қазақ халқын да солай сүйді. Қазақ руханияты мен қазақ ғылымы үшін қалтқысыз қызмет етті. Ол «аспан асты елінің» кеңістігінен алқып өтіп, қазақ тіл білімін әлемдік аренаға көтерген санаулы ғалымдардың бірі ретінде мойындалды.
1950 жылдардың басынан Бейжіңдегі Ұлттар университетінде өмірінің соңына дейін табан аудармай ұстаздық еткен түрколог-лингвист ғалым қазақ тіл білімі ғылымы саласының кадрларын тәрбиелеуді де өзінің өмірлік ұстанымы етіпті. Газетіміздің бүгінгі нөмірінде сол шәкірттерінің бірі, Шыңжаңдағы көрнекті қазақ ғалымы лингвист, қазақ тіл білімінің маманы, аудармашы Әлімсейіт Әбілғазыұлының ұстаз туралы мақаласын қазақ жұртына ұсынуды жөн санап отырмыз.
Мен университетті тәмамдап, оқытушы болып, қазақ тілін оқыта бастаған кездерден-ақ ұстаздың «Қазіргі қазақ тілінің грамматикасы», «Қытайшаны қазақшаға аударудың оқулығы», «Қазақ тіл-әдебиеті және оның зерттелімі», «Қазақ жазуы» секілді оқулықтары мен еңбектерін (сол тұстары Қытай елінде қазақша қазақ тіл біліміне қатысты оқулықтар мен еңбектер жоқ болатын) оқып, пайдалана бастадым. 1987 жылдың қыркүйек айынан 1988 жылдың шілдесіне дейін сәті түсіп, Бейжің университетінде жалпы тіл білімімен (лингвистика) қоса, қытай филологиясы бойынша білім жетілдірдім. Міне, сол кезде Гың Шымин мырзаға сәлем беріп, амандаса бардым. Ұстаз ауылымыздың қарапайым да парасатты көнекөз қарияларындай жылы шыраймен қарсы алып, кісілігі, кішілігі, көл-көсір білімімен баурап әкетті, таныстық. Сөйтіп, Бейжіңге бара қалсам, сәлем бере баратын болдым, арада жыл ауысып тұрса да аты-жөніңді айтқызбай атап, ақыл-кеңесін беріп тұрды, сөйтіп біз ұстаз-шәкірт болып кетіп едік.
Гың Шымин мырзаны білетіндер аз да, көп те шығар. Аз болса, оған өкпе жоқ. Өзге түгіл, өзім де қазақ тіл біліміне қатысты еңбектері болмаса, ұстаздың түркітанудағы әлемдік орнын, ұлағатты ұстаздық жолын, кісілік өмірдегі тұрмыс-тіршілігінің жабық беттерін оның 80 жылдық мерейтойында төл шәкірті Жаң Діңжің профессордың жасаған баяндамасынан бір-ақ білдім. Мен ғана емес, конференция қонақтары да анық сезінді. Енді сонда білгендерімізді айта кетейік.
Өткен ғасырдың 70 жылдарының соңынан халықаралық аренада Қытай түркітануы Гың Шымин мырзаның есімімен аталды. Қытай түркітануының бірінші ұстазы ретінде ол Қытайдағы түркітану ғылымына және соған қатысты ғалымдардың кемелденуіне негіз қалады, сондай-ақ, әлемдік түркітануды дамытушылардың алдыңғы қатарынан орын алды.
Профессор Гың Шымин 1949 жылы Бейжің университеті Шығыс тілдері факультетінің ұйғыр тілі мамандығына оқуға түседі. 1952 жылы мемлекет бойынша жоғары оқу орындарын ретке салған тұста Орталық ұлттар институтына (сол кезде осылай аталатын) ауысады. 1953 жылы оқуын аяқтап, аталған институтта қалып, 2012 жылдың желтоқсанына дейін оқытушы болып, дәріс берумен қатар, ғылыми-зерттеу саласына тікелей араласады. Гың Шымин мырза 1953 жылы тұңғыш болып қазақ тілі мамандығын ашып, қазақ тілі мамандығына студент қабылдайды; 1956 жылы Қытайдың Алтай аймағындағы маңғұлдар арасындағы халықтар қолданысындағы ежелгі түркі тілдеріне тән Туа тілін ғылыми түрде анықтады; 1976 жылы Қытайда «Ежелгі түркі-ұйғыр арнаулы мамандығына» студент қабылдайды. 1985 жылы Қытайда ежелгі түркі-ұйғыр деректері бойынша алғаш рет магистрант қабылдайды; 1993 жылы түркітану бойынша алғашқы докторант қабылдайды.
Гың Шымин мырзаның ғылыми ізденіс жолдарын үш кезеңге бөліп қарауға болады: өткен ғасырдың 50 жылдарынан 70 жылдардың соңына дейін бірінші кезең саналады. Бұл кезеңде Гың Шымин қазақ тіл біліміне ден қояды. Мемлекет ұйымдастырған тілдерді жалпыбеттік тексеру экспедициясына қатынасып, Қытайдағы қазақ тілінің жай-жапсарын тексеріп, тұңғыш рет қазақ тілі туралы мәлімет береді. Қазақ тілі мамандығын ашып, оқытушылар дайындайды, әріптестерімен тізе қоса отырып, қазақ тілі, қазақ тілі грамматикасы, аударма оқулығы секілді оқу құралдары мен оқулықтар жазады. Анна Мария фон Габан, Н.Кононов, Н.А.Баскаков, Сәрсен Аманжолов, Ісмет Кеңесбаев секілді түркітану мен Қазақ тіл білімінің көрнекті өкілдерінің еңбектерін түпнұсқа бойынша пайдаланғандықтан, жазған оқулықтары мәселелерді толық қамтиды. Екінші кезеңі өткен ғасырдың 70 жылдарының соңынан басталады. Бұл кезеңде Гың Шымин ежелгі Түркі-ұйғыр филологиясымен қоса, Шыңжаңның ерте заман тарихына, мәдениетіне, дініне баса мән беріп, бел шеше кіріседі. Ағылшын, неміс, француз тілдерінде жариялаған еңбектері Гың Шымин мырзаны түркітанудың әлемдік деңгейіне көтереді. Үшінші кезеңі үстіміздегі ғасырдың басынан дүниеден өткенге дейінгі 12 жылды қамтиды. Бұл кезеңде Гың Шымин мырза Шыңжаң өңірінен байқалған Хан-Таң дәуірі тұсындағы ежелгі Хотан Сақ тілі мен Тохор тілін зерттеуге кіріседі.
Жарым ғасырдан артық көз майын тауысып, сарқыла еңбектенген Гың Шымин мырза «Ұлы Таңның батыс өңір баянына түсініктемелер», «Ежелгі түркі тілі грамматикасы», «Қазіргі қазақ тілі», «Майтресемт естелігінің Құмыл нұсқасына зерттеу» секілді 26 монографиясын (қытай, ағылшын, неміс, ұйғыр, қазақ тілдерінде), «Ежелгі түркі филологиясы деректерінен таңдамалылар» секілді 5 оқулығын (жиыны 13 кітап), 208 ғылыми мақаласын, неміс, ағылшын, жапон, ұйғыр тілдерінен «Орта Азияның қысқаша тарихы», «Батыс өңір мәдениет тарихы», «Батыс өңір өркениет тарихына қысқаша шолу» секілді 21 кітапты аударып жариялады. Аталған еңбектерінің жетеуі мемлекеттік ақпарат баспасөз бас мекемесінің, Қытай қоғамдық ғылымдар академиясының, Мемлекеттік ұлттық істер комитетінің және Бейжің қаласының бірінші және екінші дәрежелі сыйлықтарын алды. Әуелі 2011 жылы 82 жасында Мемлекеттік ұлттық істер комитетінің гуманитарлық-қоғамдық ғылымдар жетістіктерінің орталық ұлттар университеті алған жалғыз мақалалар сыйлығының 1-дәрежесін жеке өзі қанжығасына байлады.
Өткен ғасырдың 80 жылдарынан кейін, шетелдердегі даңқы жер жарған әйгілі университеттердің Түркітану, Орта Азиятану, Шығыстану, Дінтану орталықтарына ұсыныспен жасаған шығармашылық іссапары қаншама. Гың Шымин мырзаның Германия, АҚШ, Франция, Англия, Дания, Жапония, Түркия қалаларына жасаған шығармашылық сапарлары осының дәлелі. Гың Шымин мырзаның Түркітану, Елтану және Қазақ тіл білімі саласындағы атқарған істері мен ғылыми ой-тұжырымдары осы саланың белгілі түркітанушы, елтанушы ғұламалардың жоғары бағасын алды. Олардың қатарынан Қытай елтанымының ғұламасы Жи Шиянлін мырза Гың Шымин мырзаны Бейжіңдегі шынайы 5 оқымыстысының бірі» деп атады. «Мария апай» деген есімімен белгілі болған Анна Мария фон Габан: «Қазір біздің қытайлық әріптесіміз де Орта Азия және ежелгі ұйғыр мәдениетін зерттеуден аса зор табыстарға қол жеткізіп отыр, олардың уәкілі профессор Гың Шымин мырза. …Гың Шымин мырза шын мағынасындағы «филолог» деп атауға болатын кісі. Ол қысқа ғана уақытта Орта Азия түркі-ұйғыр тіліндегі деректер туралы, Будда, Манихей діні, сондай-ақ, қазіргі қазақ тілі туралы құнды ғылыми еңбектер жариялап, біздің Орта Азия және ежелгі түркі филологиясы жөніндегі білім қорымызды байыта түсті», – деп жазды, ал қазақстандық әріптестеріміз «Қытайдағы бір ұрпақ түркітанушылардың пірі» деп атады.
Әрине, Гың мырзаның қажырлы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Ұзақ жылдық кенішті ғылыми табыстары үшін 1992 жылы Германияның Хумболдт қоры профессор Гың Шыминға «Халықаралық танымалы оқымысты сыйлығын», 2000 жылы дүниежүзлік Алтайтанудың ең жоғары ғылыми құрылымы – Халықаралық Алтайтану ілімінің тұрақты мәжілісі (PIAC) Белгияда өткен 43 кезекті жылдық басқосуында қаулы қабылдап, сол жылдық PIAC алтын төсбелгісін табыс етті. Сол жылдың қазан айында Түркия Республикасының Ататүрік ең жоғары мәдениет, тіл, тарих академиясының Тіл академиясы іліми алқасы мәжіліс шақырып, бірауыздан қаулы қабылдап, Гың Шыминды осы академияның құрметті академигі етіп сайлады.
Профессор Гың Шыминның ғылыми-зерттеу тақырыптарының ауқымы өте кең. Оның басты еңбектері қазақ тілі, ұйғыр тілі, туа тілі, сары ұйғыр тілі, Ежелгі түркі тілдерін қамтиды. Бұлардың ішінен, әсіресе, Қазақ тілі мен Ежелгі түркі тілдеріне арнаған еңбектерін бөле-жара атаған жөн. Аталған салаларда жемісті еңбек беруінің тағы бір кілті оның ежелгі түркі тілдерін, қазіргі ұйғыр, қазақ, түрік, т.б. тілдерін, сондай-ақ ағылшын, орыс, француз, неміс, жапон, т.б. тілдерін жетік меңгеруі еді.
Аяулы ұстаздың ғылыми-шығармашылық жұмыстары тек өзінің шеңберімен шектеліп қалған жоқ. Ол өрісті ой-тұжырымдарын өсіп келе жатқан жас толқын мамандар арасына салып, сыннан өткізіп, жастардың ой-өрісі, өмірлік тыныс-тіршілігін сезіну арқылы шынайы қамқорлық жасап келді. Оның еліміздің іші-сыртында ғылымның әр саласында жемісті еңбектеніп жүрген танымал шәкірттері қаншама. Десе де, ғылыми атақ-дәреженің өз жолымен ізбасарларының құрамына келсек, олар 6 ғылым докторы және бір постдоктор. Солардың қатарынан біз кезінде Франкфурт университеті (Германия) Алтай тілдер факультетінің деканы, қазір Берлин академиясы (Германия)Тұрпантану орталығының жетекші ғылыми қызметкері, ҚХР Оқу-ағарту министрлігінің ұсынысымен келген, Орталық ұлттар университетінің профессоры, Орталық ұлттар университеті, Қытай аз санды ұлттар тіләдебиеті институтының директоры, әлемге әйгілі түркітанушы Абдырышит Яқұп докторды, Орталық ұлттар университеті, Қытай аз санды ұлттар тіләдебиеті институты директорының орынбасары, Қазақ тіләдебиет факультетінің деканы, профессор, докторантура бойынша жетекші ұстаз, грамматика теориясы мен қазақ тіл білімінің көрнекті маманы Жаң Діңжің докторды, Орталық ұлттар университеті, Қытай аз санды тіләдебиеті институты қазақ тіл-әдебиет факультетінің оқытушысы, профессор, магистр, докторантура бойынша жетекші ұстаз, түркітану мен қазақ тіл білімінің көрнекті маманы Еркін Ауғалиұлын атаймыз.
Біз ұстаздың ғылым өңіріндегі орнының, ұстаздық жолының, кісілік өмірдегі тұрмыс-тіршілігінің, сондай-ақ, артына қалдырған мұраларының әр қырын бір мақаланың көлеміне сыйғыза алмаймыз, десе де солардың ішіндегі екі үзігін айта кеткіміз келеді. Соның бірі 80 жылдық мерейтойында жасаған баяндамадан Гың мырзаның еңбектерінің кей тұстарын конференция қонақтары соны әрі тосын сезінгенін айтқымыз келеді. Оның себебі, жоғарыда аталған, ел іші-сыртынан алған сыйлықтары мен атақ-даңқтарының дипломдары мен куәліктерін ешкімге дабыра етпей, сандықтың түбіне басып қойған жерінен шәкірттері тосын байқап қалған екен. Енді бірі, міне, осындай пендешілікпен есептеспейтін ұстаз белгілі бір тақырыппен зерттеу жұмысына кірісердің алдында, осы мәселе туралы кім тұңғыш рет қандай көзқарас ұсынды, соңынан кім не деді, басқа оқымыстылар оның көзқарасын қалай бағалады деген сұрақтардың жауабын тауып, сол оқымыстылардың аты-жөні, жас шамасы, азаматтығы секілді мәліметтерді бес саусағындай меңгерген соң қалам тербер еді, тіпті түркі филологиясы өңірінде қайсы елде, кім, қандай тың шығарма жариялады, қандай тың тұжырым-көзқарас ұсынды дегендердің бәрін жаттап алуға тырысатын. Алда-жалда соның біреуін есіне түсіре алмай қалса, түрлі жолдармен білгенше тыным таппайтын дейді замандас-әріптестері.Біз де бұған куә болып едік.
Демек, «Жігітті кебенек ішінде таны» қағиданы ұстанған, шынайы оқымысты, шын зиялы деп атауға тұрарлық, даңқы әлемді шарлаған Гың Шымин мырзаның өмірі өскелең ұрпаққа әрі біздерге өнеге болуға тиіс деп білеміз.
Әлімсейіт Әбілғазыұлы.
Шыңжаң университеті.
Үрімжі.