Өзімізге оралсақ…
15.03.2019
468
0

Қуғындағы өзбек жазушысы Хамид Исмаиловтың өткен жылы Ұлыбританияның «Tilted Axis Press» баспасынан жарық көрген романы «Жындар асы» Еуропаның қайта құру және дамыту банкінің 2018 жылы жариялаған әдеби жүлдесіне ие болды. Бәйге нәтижесі өткен аптада жарияланды. Бұл Орталық Азия елдерінен шыққан жазушылардың тікелей ағылшын тіліне аударылып, жүлдеге ие болған тұңғыш шығарма деуге болады. Жазушының бұған дейін де бірнеше әңгіме-хикаят, романдары жарық көріп, ағылшынтілді оқырмандардың аңысын қозғаған. Әдебиеттанушылар осы романды «Орталық Азияның ХХ ғасырдағы тарихы мен мәдени күресін жаңа тәсілмен әдіптеген туынды» деп бағалады.

Хамид Исмаилов кім?
Хамид Исмаилов қазақ оқырмандарына жыға таныс есім емес. Оның шығармалары қа­зақ тіліне аударылмаған. Оның бірнеше себе­бі бар. Басты себеп – Орталық Азия ел­дері арасындағы әдеби-мәдени байла­ныс­тың Тәуелсіздік тұсында тоқырауға ұшырауы. Біз, әдетте, Әуезов дәуіріндегі алыптар шоғыры­ның өзара сыйластығын, тұтас түркі жұраға­тының қаламгерлері бірін-бірі қорғап-қолда­ған рәуішті ілти­пат­ты аңыз қылып келеміз. Бүгін ол дәстүр жоқ. Тағы бір себебі – Хамид аканың Өзбекстанның бұрынғы президенті Ислам Каримовтің кәріне ұшырап, тепкінінен безіп, Еуропа асуы. Сонау 1992 жылы елде демократиялық ұстынды орнықтыру, әсіресе, сөз бостандығы мен кісілік құқық­ты қалыптас­тыру, кеңестік құлдық психо­логиядан арылу тарабында батыл пікір білдіргені үшін жазушы авторитарлы режимнің негізгі қарсыластары­ның біріне айналды. Шетелге қоныс аудар­ғаннан бері оның шығармалары Қазақ елі түгіл, өз Отанында жарық көрген жоқ. Жалпы, өзбек ағайындардың Каримов кезінде шетелге бас сауғалаған оншақты қаламгері бар. Олар­дың ішінде ең танымалы – ақын Мухаммед Салих пен осы Хамид Ис­маилов. Оның шығар­маларын жіті зерттеп, бақылап жүргендер кеңестік кезеңдегі әдеби қалыптан мүлдем басқа мәнерде жазатынын, оның бұл қадамға баруына, эстетикалық түлеуіне эмиграцияның айтарлықтай әсері болғанын жасырмайды. Әлемде түрлі себеппен эмиграцияға ұшыраған ақын-жазушылардың саны мол. Әлем әдебиетінің небір классиктері өз Отанынан жырақта, қуғында өмір сүрген. «Олардың шығармаларынан адами еркіндік пен өмірлік сағыныш қатар есіп тұрады», – дейді әдебиет тарихын зерт­теу­шілер. Сондықтан да болар, эмиграцияға ұшыраған қаламгерлердің туындылары әрқашан тың ізденістерге, өмірді жаңаша қабылдауға, адам болмысын, психоло­гия­лық құбылыстарды өзгеше пайымдауға жетелейді. Исмаилов шығармаларында да мұндай ой ұшқынының байқалуы заң­дылық…

Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ

(Толық нұсқасын газеттің №11 (3645) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ