Әлиханның түймесі
08.03.2019
1485
0

Мақпал Мыса

Президент Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы аясында жүзеге асып жатқан жобаның бірі – «Қазақстанның 100 жаңа есімі». Еліміздің өркендеуіне айырықша үлес қосып жүрген жастарды қолдау, қанаттандыру мақсатында қолға алынған жоба 2017 жылдан басталды. Биылғы жаңа есімнің бірі – Мақпал Мыса! Көзі қарақты жұртқа жақсы таныс ақынның өлеңдерін назарларыңызға ұсынамыз.

Ұлт көсемі Әлихан Бөкейханұлының ұстанымы­ның бірі – «Қазақ жерінің әрбір тасы қазақтың өңіріне түйме болып тағылуы тиіс» еді.

Әлихан, Әлихан –
Алаштың серкесі
Ел қамын ойлайтын!
Алаштың әнұранынан

Есімі көңіліме мұң тізді бір,
Таңдағы шолпан яки күндізгі нұр.
Жалт етіп жасын шашқан жалқын сәуле
Жарқ етіп жанып сөнген жұлдыз ғұмыр.

Көктегі көк нұрлардың санатында,
Құсының маржан жанған қанатында.
Арманын Алашының алып ұшқан
Әлихан Бөкейханов – дара тұлға!

Басымдау болса-дағы соры бақтан,
Етеді қазақ жұрты оны мақтан.
Арайын Ақтоғайдың аялаған,
Толқыны Тоқырауынның толып аққан.

Ұрпағы байтағында өніп-өсіп,
Адамның кіндік кескен жері – бесік.
Төреден тегін тартқан төредей ұл
Қазақты сүйген екен өліп-өшіп.

Болса да сол арыстың қысқа күні,
Келеді құлағыма құстар үні.
«Әр тасым түйме болсын өңіріме» —
Осы еді Әлиханның ұстанымы.

Жетер деп:
Тақ та маған, бақ та маған,
Ат жалын тартып мінген атпал ағам.
Арманын арай таңға шомылдырып,
Даласын бабасының баққа ораған.

Алаң жұрт,
алаң да алаң,
алаң бәрі,
Жас болып тамып түскен жанардағы.
Мәңгілік қазақ елі —
ей, бауырым,
Аңсаған арыстардың ақ арманы.

Өлеңге айналғанда көңіл нәзік,
Өткеннің өнегесі – өмірге азық.
Алаш деп аламанға ат қосқанда,
Арманы арыстардың — ТЕМІРҚАЗЫҚ!

Көшімнің күнде айналған көрігіне,
Бабамның жері міне,
елі міне.
Тас емес Әлиханның ақ арманын
Түйме қып қада қазақ, өңіріңе!

АЛМАТЫДА АҚ ЖАҢБЫР…

Нұр күтеді аспаннан
Алатаудың тауы, өрі.
Солай жаңа басталған
Ақ жаңбырлар әуені.

Ойдың бірге тоғысы,
Алматыда арман жүр.
Жүрегімнің соғысы,
Сәуірдегі ақ жаңбыр.

Көктің көрдім жанарын,
Әр тамшыда ырыс бар.
Осы әуенде, қарағым,
Мен түсінер дыбыстар.

Мына күннің қиын-ай,
Қайран уақыт озбашы.
Мөлт-мөлт еткен дүние-ай,
Көк аспанның көз жасы.
Жауын емес бұл өзі
Жалт-жұлт еткен жаһұттар.
Маған тартқан мінезі
Әр тамшыда бақыт бар.

Талайлардың жан нұры,
Арайлы әнін төгеді.
Алматының жаңбыры
Тұмағамның өлеңі!
Көкке қарап кейде сен
Жаңбыр әнін шырқап жүр.
Ақын болып сөйлесем,
Әр тамшысы бір тағдыр…

Ей, нұрлы күн,
Жырлы күн!
Қанатыңда байланып.
Кеткім келіп тұр бүгін
Ақ жаңбырға айналып.

(Толық нұсқасын газеттің №10 (3644) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір