Төлепберген ТОБАҒАБЫЛ
Қазақ әдебиеті тағы да қазаға ұшырады. 80 жасқа қараған шағында жазушы, журналист Төлепберген Тобағабыл дүниеден өтті.
Төлепберген Тобағабыл 1936 жылы 20 мамырда Қызылорда облысының Тереңөзек ауданына қарасты Ақарық ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын 1957 жылы бастаған. Тереңөзек аудандық «Еңбек майданы» газетінде әдеби қызметкер, жауапты хатшы, «Қазақстан пионері» (қазіргі «Ұлан») газетінің бөлім меңгерушісі, Қазақ радиосының редакторы, Қазақ КСР Телевизия және радиохабар жөніндегі мемлекеттік комитетінде бас редактор, «Қазақтелефильм» студиясының сценарий жөніндегі алқа мүшесі, Қазақ радиосында бас редактор, Халықаралық «Тұран» радиосының бас редакторы, Қазақ КСР Министрлер Кабинеті жанындағы Тіл комитетінде бөлім бастығы болды.
«Баспалдақ» атты тырнақалды дүниесі 1955 жылы Қызылорда облыстық «Ленин жолы» газетінде жарық көрді. «Көктемнің ең ұзақ күні», «Коммунист Мұқан Көккөзов», «Құзар» (Вершина) атты деректі телефильмдер сценарийлерінің авторы.
«Өкініш», «Өңшең мықты», «Тағдыр», «Тағы да күз», «Түсінсең енді мені», «Жүрегім соғып тұрғанда» атты кітаптары жарық көрген.
«КСРО телевизиясы мен радиосының үздігі» белгісімен, «Еңбектегі ерлігі үшін» медалімен, үш мәрте Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет Грамотасымен марапатталған. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген мәдениет қызметкері.
Оның шығармалары оқырмандар мен әдеби ортадан өзіндік бағасын алған.
Әріптесіміздің жарқын бейнесі оны білетіндердің жүрегінде мәңгі сақталады.
Қазақстан Жазушылар одағы
басқармасының секретариаты.
АДАМНЫҢ БАЛАСЫ БОЛДЫ
Содан бері бес-ақ күн! Алматы Атакентінің түкпір тұсындағы бақ ішінде серуендеуге шақырған. Төкеңмен, Төлепберген Тобағабылмен артық-кемсіз отыз жыл бойы Қазақ радиосының отын бірге жағысып, түтінін бірге түтетіскен қарым-қатынасымыз осындай сыйластыққа жеткізген. Жүрегі сыр бергелі таза ауамен тыныстап қайтқысы келгенде жанында бірге жүруімді өтінетін. Биылғы жазда аурухананың жан сақтау бөлімінде екі рет болып шыққан соң: «Сен босқа әуре болмай-ақ қой, жағдайым болғанда, өзім хабарласамын», – деген.
Араға екі айға жуық уақыт салып жүздескен осы жолы өзінің өтініші бойынша көпшілік жүрегінен орын алған қоғам қайраткері Өзбекәлі Жәнібектің екі кітаптан тұратын «Тағдыр тағылымы» аталатын өмірбаяндық мемуарын апарып бергенмін. Соның өзі кеудесінде жүрегі соғып тұрса да басылмайтын, білуге деген құштарлығын танытып тұр еді. Қалтасынан тастамайтын ингалятормен оқтын-оқтын тынысын қалыпқа түсіре отырып, алдағы көктемде сексен жасқа толуын атап өтпек екенінен де хабар берген. Бұлардан өзге де біраз нәрсе істегісі келетінін айтқан.
Амал не… алғашқы күні кітаптың сегіз бетін оқыған ол оны бітіруге де, өзгелерін орындауға да үлгермеді! Оның өмірден өткенін жеткізген суық хабар жүректі қарып түсті… Тегі, адам қанша жасаса да, қанша нәрсе атқардым десе де үлгермегені одан да көп болады ғой! Алайда… Төлепберген Тобағабыл хакім Абайдың «Адамның баласы – бауырың» деген өсиетіне сай биікке көтерілді. Оған үлгерді! Адам өмірінің ең негізгі мәні де сол емес пе?!
Рухың пейіште шалқысын, қадірлі қаламдас, асыл дос!
Кемелбек ШАМАТАЙ.