«Баданасын баса бөктеріп…»
01.03.2019
552
0

«Ақсауыт» пен «Ғашық намені» оқып па едіңіз? Оқысаңыз сол кітаптағы баданасын баса бөктерген батырлар мен арулардың келбетін кескіндеген қылқалам шеберінің кім екенін білесіз бе? Ол Әлімхан Смағұлов еді. 41 жасында дүниеден озып, бұл күнде есімі ұмытылуға айналған Әлімханды ағасы Төлеухан еске алады.

Біздің ауыл Алматыдан батысқа қарай 70 шақырымдай жерде Көктекше деген әдемі, шөбі шүйгін, жеміс-жидекке, аң-құсқа бай жайлаудың етегінде, Ұзынағаш өзенінің жағасында орналасқан. 1936 жылы Жамбыл атам Мәскеу­дегі Қазақстанның әдебиеті мен мәдениетінің онкүндігіне қатысып, зор құрметпен оралғанда колхоздың «Ерназар» атын өзгертіп «Жамбыл» деп қойған.
Осы колхозда 1939 жылы нау­рыз айында, болашақ КСРО Сурет­шілер одағының мүшесі Әлімхан Смағұл­ұлы дүниеге келген. Әкем Смағұл ауқатты­лығы үшін қуғын-сүргінге ұшырап, 1940 жылы айда­лып кетіп, 1943 жылы Жез­қазғанда шахтада қайтыс болыпты. Әкем Әлімханды немере інісі Шыныбайға беріп, «осыдан аман келсем, менің балам деп есеп­те­меймін, ал Төлеу­ханыма жақсы қара» деп тапсырып­ты. Шыныбай тәтем, тағы үш ағайым соғысқа кетіп, 1945 жылы Берлинге дейін барып, Шыныбай тәтем ғана қайтып келді.
Соғыс уақытында әр отбасы сияқ­ты, біз де тамаққа, киімге жа­рымай өстік. Бізді асыраған Шаруан атам мен туған шешеміз Қаба – таңның атысымен күннің ба­тысына дейін колхоздың жұмы­сында жүріп, Әлімханға қарау ме­нің мой­ным­да болды.
Әлімхан артымнан қал­майтын. Біздің үй Жамбыл атамның үйінің жанында еді. Балалардың бәрі Жамбыл атаның үйінің алдына жиналатын. Ол кісі ауылдың ақса­қал­дарымен әңгіме-дүкен құрып отыратын.
1945 жылдың жазында Шыны­бай тәтем соғыстан әскерден келе жатыр де­ген хабарды естіп Ұзын­ағаш пен ауылдың арасында Қара­тө­бе деген жерде көп адам болып қарсы алдық. Шыныбай тәтем Әлімханды иығы­на көтеріп үйге дейін алып келді. Маған пилотка­сын кигізді. Әлім­хан­ға немістің кішкене баласына тіккен кәстөмін берді. Әлімхан 1946 жылы бірінші сыныпқа кіріп, 1957 жылы орта мек­теп­ті бітірді. Ол жастайы­нан ер­те­гі, батырлар жы­р­ын тыңдау­ды жақсы көретін. Аман­­гелді, Наурыз­бай деген немере ініле­рім үшеуі ертегілерді айтып бер деп мазамды алатын. Әлімхан мектепте оқып жүргенде сурет салуды жақсы көруші еді, ауылда оны «суретші бала» дейтін. Мектеп­те қабырға газетін безендіруге мін­дет­ті болды, оқытушылардың сұ­ра­уы бойынша жаман оқитын, тәр­тібі нашар балалардың суретін са­лып, кейбір балаларды өзіне қар­сы қоюшы еді. Есімде, олардың шешелері атама келіп, «сенің балаң біздің бала­ларымыздың суретін салып қо­йыпты» деп арызданатын…

Ағасы
Төлеухан Смағұлов,
зейнеткер

(Толық нұсқасын газеттің №9 (3643) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ