Сарыарқадағы САМУРАЙ
1 наурыз елімізде – Алғыс айту күні. «Бұл күні Қазақстандағы өзге ұлт өкілдері қазақ халқына рахмет айтып, алғыс білдіруі керек» дегенді алдымен ескерткен Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев болды. Жетісу жеріне, оның ішінде Шамалған стансасына жер ауып келген қаріп-қасірлерді қаршадайынан көріп өскен болашақ президент туған елінің кеңдігіне, адамзаттың бәрін сүйген, жоқ-жітікті бауырына басқан дархандығына шексіз сүйінсе керек. Сол жылдары Сталиндік депортацияға ұшыраған жазықсыз жандардың қатары қазақ жерінде іргесі бекіген саяси лагерьлердегі тұтқындармен де еселене түскен еді. Солардың бірі – Сарыарқаның самурайы Ахико Тецуро болса керек. Басынан сан қилы кезеңді өткерген Ахико-санды тауып алып, оның есімін көпке әйгілі еткен ғалым, бүгінгі Мәжіліс депутаты – Нұрлан Дулатбеков. Нұрекең Ахиконы қазақ театрының сахнасынан көргісі келіп, ол жайында жазушы-драматург Мәдина Омароваға қолқа салады. Театр басшылығынан тікелей тапсырма алған Мәдина Нұрлан ағасына еріп Ақтас кентінде тұратын Ахико Тецуромен жүздесіп, «Ақтастағы Ахико» пьесасын жазды. Бұл шығарма осыдан екі жыл бұрын Жапонияның театрларында қойылып, самурайлар мен сeгундар елін дүр сілкіндіріп қайтқан еді.
Алдымен Қарағандының, содан соң Астананың театрында сахналанған, осы күні Алматыдағы «әкемтеардың» репертуарына енген пьесаның жазылуын, Ахико Тецуромен кездескенін жазушы-драматург Мәдина Омарова былайша әңгімелейді:
– 1945 жылы Қызыл әскер Оңтүстік Сахалинге дейін барады. Ол кезде Ахико жас курсант болса керек. 1948 жылы тұтқынға түсіп, 10 жылға сотталады. Оны өзге жапондармен бірге жүк кемесі арқылы Владивостокқа әкелген. Ол кейін Петропавлда, сосын Жезқазғанда болып, ақыр аяғы Қарлагтың тұтқынына айналады. Ахико тек 1989 жылы ғана ақталды. Оны туған еліндегі туыстары мен жақындары тек жарты ғасыр өткен соң ғана көрген. «Әкесі – елге қайтып орал» деп хат жазып жіберіпті. Оның отбасы болды. Бәрін тастап кеткісі келмеді», – дейді Тецуроның жары Елена Ахико. Қазақстандық жапон Жапонияға тоғыз рет барған. Бірақ, түбегейлі қалып қоймай, Қазақстанға оралып отырған. «Сахалинде күн суық. Әскерилерден қалған күртешені тауып киіп, жағалауда тентіреп жүргенімде совет әскерлері ұстап алып, абақтыға қамады. Бірден: «Жапон тыңшысысың», – деді. Мен олай емес екенін түсіндіруге тырыстым. Бірақ, көп ұзамай шындықты айтқаннан гөрі жапон тыңшысы болғанның анағұрлым қауіпсіз екенін ұқтым. Сөйтіп, тергеушілерге қарсыласқанды тоқтаттым. Мойындадым. Олар маған қалың папка ашып, бума-бума қағаз арнады. Мен бәрімен келістім… Қарлагқа түскенде он жеті жаста едім. Тажал машина жаңа туған сәбиден бастап, еңкейген, мүгедек кемпір-шалға дейін шімірікпей жұтатын. Қарлагтың қапасында 50 мыңнан аса жапон отырды, еңбек етті, өмір үшін күресті. Солардың бірі мен едім», – дейді ол кейінірек актер Дулыға Ақмолда сомдаған образда.
…
(Толық нұсқасын газеттің №8 (3642) санынан оқи аласыздар)