ИІРІМ
27.02.2019
1262
0

Эдгар Аллан По – 1809-1849 жылдарда өмір сүрген америкалық жазушы, ақын, сыншы, журналист. Ол жүздеген өлең мен новелла жазған. Сондай-ақ, психологиялық әңгіме, ғылыми фантастика, детектив жанрларында қалам тербеген. ХХ ғасырдың басынан бастап қаламгер туындыларының желісі бойынша режиссерлер үздіксіз кино түсіріп келеді. Қазір АҚШ-тың Ричмонд және Балтимор қалаларында Эдгар Аллан Поның мұражайы бар. Назарларыңызға жазушының әңгімесін аударып ұсынамыз.

Біз ең биік жартастың төбесіне көтерілгенде, толқындарымен Лофоденді* үсті-үстіне ұрғылап жатқан ашулы теңізден 500-600 фут** жоғарыда тұрдық. Қасымыз­дағы қария қалың ойға шомып кетті де, тіл қатуға мұршасы болған жоқ. Сөзін біраз уақыт үнсіздіктен соң бастады:
— Бұл жерге бірнеше жыл бұ­рын бірге келгенімізде, менің қы­лыштай қылшылдаған жас жігі­т­тің күш-қуатынан кем түспейтін қайратым болғанын көрер едің­дер. Ал қазір жігерім жасыған, ру­хым мұқалған, сағым сынған. Үш жыл алдын адам баласы бұ­рын-соңды аман қалып көрмеген апатқа ұшырап, 6 сағат бойы зәремді алған сұмдық қорқы­ныш­ты бастан өткердім. Нәтижесін өздерің көріп тұрсыңдар. Кәрілік келмесе де, қартайып, шөгіп кет­тім. Әлі қырау шалып үлгермеген шашым бірнеше сағаттың ішінде қардай ағарып, аяқ-қолым әл-дәр­менінен айрылып, жүйкем тоз­ған матадай жұқарды. Мен көрген сұмдықты жақыннан сезін­сін деп, сендерді осы жерге әдейі ертіп келдім. Біз қазір үстінде тұрған Хелсегген немесе Клау­ди атты бұл жартас Норвегия жағалауынан аса қашық емес. Отырып, теңізге мұқият қараң­даршы.
Алдымызда шеті мен шегі кө­рін­бейтін қаракөк түсті айдын қанатын кеңге жайған алып са­мұ­рықтай көсіліп, шалқып жатыр. Екі жағымызға көз тіксек, көк­жиек­ке дейін жететін жартастың үш­кір ернеуі жіп-жіңішке сызық­тай көрінеді екен. Құрлық пен судың шектесетін тұсы екі әлемнің ымдасып, жымдасып, әлдебір жұмбақ тілмен сөйлесіп жатқа­нын­­дай елестейді.
Жасыл түгіне қарап, өсімдік өсетінін аңғаруға болатын бір кішкентай арал шамамен 5 миль қашықтықта тұр. Одан 2 мильдей бе­ріде түнерген жартастар жүзік тәрізді айнала қоршаған тағы бір кішірек арал бар. Арыда орналас­қан арал мен жағалаудың арасын­дағы су бетінде түсініксіз бір құ­бы­лыс байқалады: желдің ба­ғы­тымен де, желге қарсы да ала­сұ­рып асыққан ағыстың кө­рінісі сондай сұсты.
– Арғы аралдың аты – Вурх, бер­гісі – Москэ, – деп сөзін жал­ғас­тырған қария кенет шошып ке­тіп:
– Естідіңдер ме? Теңізден қан­дай да бір өзгеріс байқадыңдар ма? – деп сұрады…

Ағылшын тілінен аударған Алпамыс ФАЙЗОЛЛА

(Толық нұсқасын газеттің №8 (3642) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір