Гармонизм заңдылығы
27.02.2019
943
0

Гармонизм заңдылығы. Яғни үйлесім заңдылығы. Әлем ерекше үйлесіммен жаратылған. «Жусан иісі» шығармасын төртінші сыныпта ма, әлде бесінші сыныпта ма, оқығаныңыз есіңізде ме? Иә, сонда аяғына жусанның кіріп кеткен де, қаһарлы патша бүкіл жусанды отап тастауды бұйырады. Ханның бұйрығымен жусан біткен оталып тасталынады. Алайда мұнан кейін халық күтпеген оқиғаға тап болады. Жер бетін бақа-шаян мен тышқан басады. Табиғат ананың үйлесім заңы бұзылып, бір ғана қателік адамдарға азап әкеледі.

Тағы бір таң қаларлық үйлесім – әр нәрсенің жұп болып жаратылуы. Ақ пен қара, ұзын мен қысқа, ер мен әйел, есті мен ессіз т.б. Осы тұста ақын өлеңі ойға оралады:
Аталыққа, бөлді де, аналыққа,
Әмір берді көңілшек ала бұлтқа,
Әзірленді әтір шөп таң бөзіне,
Сахар көзі сүйреді даналыққа.
Әсем гүлге тіл бітсе айтар еді,
Әсерінен адам бас шайқар еді.
Мәселен, физика мен астрономияға ортақ құбылыстар – күн мен түннің ауысуын алып қаралық. Жер өз осін бір тәулікте толық айналып шығады. Жер айналу кезінде оның күн сәулесі түскен беті жарық болады да, ал қарсы бетін түн басады. Міне, күн мен түннің алмасуы, үйлесімі.
Шын мәнінде, адамзат қоғамы сатылап дамыса да, ұлы табиғат-анамыздың құдіретіне таң қалумен, ғибрат алумен келеді.
Сынып түссе бір бұта,
Қабырғама қараймын, –
деген Жұмекен ақын даналығы – адам мен қоршаған ортаның тұтастығын сезіне алғаныңда болса керек. Ал кейбір құстар не жәндіктер осы уақытқа дейін сүйкімсіз есімдер, кері прототиптер жамылып келеді. Мәселен, қарғаны алалық. Еуропалық не орыстан келген түсінік оны бізге сүркейлі, қорқынышты, мистикалық кейіпкерге айналдырды. Киноларда, ертегілерде, шығармаларда тек жамандық шақыратын, қарқылдап жұрттың зәре-құтын алатын құс есебінде көрсету белең алды. Шын мәнінде, қарға – Абылды өлтірген қатыгез Қабылға оны қалай көмуге алғаш жол сілтеген шарапатты құс емес пе еді? Неге басқа құс емес, қарға мысал көрсетті? Адамзатқа алғаш рет? Ойланып көріңізші. Қазақ мифтерінде қарға жайлы қорқынышты пікір кезіктіре аласыз ба? Дәу де болса, бұл – ұзынсонар энциклопедияларында Наполеон мен Колумбқа он беттей өмірбаян арнап, Шыңғыс хан, Атилла секілді азиялық ерлерді жауыз етіп көрсететін Еуропаның солақай саясатының жаңғырығы. Мұндайда Андрей Вознесенскийдің «Құмырсқа» өлеңі еске түседі:
Арғы беттен жүзіп келді ол менімен,
Адасып кеп қайығыма жармасып.
Оны бірақ қоспады үйір илеуге,
Арғы беттің құмырсқасы болғасын..

..Айдан кейін Берингіше бір
жаңқаға жабысып,
Ол да еліне, үй ішіне келеді.
Бірақ бәрі көзге шұқып қарсылар,
«арғы беттің құмырсқасы» деп оны…
Иә, шынында, «тарихты жасайтын – біз, бұзатын – тарихшылар» дегендей, кез келген ұғымдар адам қолымен жасалып, адам қолымен ұлт санасына сіңетіні өкінішті-ақ.

Батырхан Сәрсенхан

(Толық нұсқасын газеттің №8 (3642) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір