Арқаның бір түп жусаны-ай…
27.02.2019
589
0

Ұларбек ДӘЛЕЙҰЛЫ

* * *

Желтоқсан желпіп шағи көрпесін,
Шыңдар қанатын серпіген.
Ақ мұнар басқан Алтай өлкесі
Айғыр дауысына елтіген.

Қарағай текті, қаны ғасылым,
Араға бірер таң салар.
Қаңтар түнінде қарығы ашылып,
Көктейтін еді аршалар.

Соңғы деміңе қосақтар,
демек,
Өмірдің басы – серуен.
Қаңтарылды ма, қасат қар бөгеп,
Керуленнен жеткен керуен.

Табыты – арша,
Төсегі – жусан,
Қағандар, бектер, нояндар.
Мен жеткен арғы тарихты қусаң,
Күн бетіне барып аялдар…

Сарығымды ашып, мауқымды басар,
Саған тірелген жолдарым.
Алты ай қысқа арқасын тосар
Арқар аунаған жондарым.

«Белі кетпес» деп нарларға жапқан,
Найзамен ашар түндігін.
Нар текті ер туар күншығыс жақтан,
… Түңіле берме,
құлдығым!

* * *

Кентаврда –
Ғасырлардан тасалау,
Бейнеленген Күлтегіннің басы анау.
Жанарында –
Борла хатун көзінде,
Тамбай қалған жас анау.

Көрінбейді ол
Маған және Сізге де,
Сайрайды ізі орманда да, түзде де.
Оны ізде тек Орхонсудың бойынан,
«Мұңсыз, ойсыз бүгініңнен іздеме!»

Өтті, кетті,
Бізден небір күн игі,
(Суға тамса, жұлдыз тәні суиды).
Ай түбіне асқақ тіреп тұмсығын,
Кентаврлар жыламайды,
Ұлиды!

Ат пен адам –
Оның тұтас сүйегі,
Ерні тисе, тұтас әлем күйеді!
Көшпелілер көзіменен көреді,
Жылқылардың жүрегімен сүйеді!

* * *

Менің даламда жусан өседі,
өседі тағы ермен де,
Боз боталары жусан емеді,
боз енелерін емгенде.
Алтай мен Іле, Тарбағатайым шықпайды,
тіпті, түсімнен,
Шалдарымның қазылған бейіті –
орныққан менің кеудемде.
…Жарықтықтарым бөктерді
қалды құшақтап,
Қарындасым бар қайғылы,
Бауырларым бар шерменде!

Бозқұлындарым кісінейді ылғи
бозала таңды қақ жарып,
Жалбыз иісіне тамсанып,
ермен дәміне таңданып.
…Іңірде жусан жұпарын тамсанған
ерлер де есімде,
Шам шаһарында шам жағып.

Басыңды и, мейлі, мейлі, алыс,
Жаныңды жесе жегідей, САҒЫНЫШ дейтін
жейді ағыс,
Ұлы даланың бір түп жусанын аңсаумен
өлген қайғылы ер,
Бел асып кеткен Бейбарыс!

Евфрат асып, Нілді де кешіп,
оңынан талай туса да ай,
Шөлі бір қанбай, аңқасы кеуіп, ағарды
қанша қу самай.
Мың жылға көктеп тұрады менің тамырым,
Жартасқа өскен шыршадай.
…Алтайы ұлды арқандап қойған осында,
Арқаның бір түп жусаны-ай!..

ПІКІР ҚОСУ