Елбасы сыйлаған барыс
15.02.2019
870
0

Шөмішбай САРИЕВ

(поэма-толғау)

Адам мен табиғат дүние жаралғалы біте қайнасқан құбылыс. Кез келген парасатты ақынның жүрегін қарып, жанына ізгілік дәнін егетін жаратылыс жұмбақтары сансыз. Ақын Шөмішбай Сариевтің «Елбасы сыйлаған барыс» поэма-толғауы осы мәңгілік қайнардың жалғасы іспеттес. Өзге елде жүрсе де атамекенін аңсаған барыстың аңсарлы күйін ақын өз жүрегінен өткізе отыра оқырман ойын сан-саққа жүгіртеді. «Қазақ әдебиетінің» оқырмандарына поэма-толғауды тұтас ұсынуды жөн санадық.

Дүние, біз де ұшқан бір құсың ек,
Кеудемде құлын ойлар жүр кісінеп,
Токио шаһарының құшағында,
Жүрмін мен өмірімде тұңғыш рет.

Жер деген дүниенің жалғасы – көк,
Әлемнің жолдары шың, арнасы көп,
Осынау өмірімде өң мен түстей,
Көргенім жапон елін алғаш рет!

Алдымнан кең көсілген жолды көрем,
Кеудеме маза бермей сол бір өлең.
Сол жапон, сол Токио ортасында,
Тәуелсіз қазақ туы желбіреген.

Бақыт боп, таң боп атып, енші Күні,
Бұл да бір дүниенің кеңшілігі,
Көтерген сол бір Туды бір шаңырақ,
Ол болса, Қазақстан Елшілігі.

Осылай Қазақ Туы төрге орнасын,
Елші ұстап отыр Елім – Ел болғасын.
Елшілік шаңыраққа төрлеп ендік,
Қазақтың бір ақыны – Мен болғасын.

Арудай аққулардың көл анасы,
Адамның сапарының – жол анасы.
Қарсы алды алдымыздан Болат мырза,
Елшілік шаңырақтың төрағасы.

Қоймайды бал шырыннан ішпесіме,
Білмедім қоймадық па түспесіне,
Әңгіме өрбіп жатқан Ел жайында,
Елшінің бір оқиға түсті есіне!

Оралды өмір жайлы нұрлы шақтар,
Елшінің жанарында бір шуақ бар.
– Берейін бір тақырып жыр жазуға,
Жыр аты болса деймін:
«Шыңғыс – Акбар».

Қуантпай қоймас бізді дос табысы,
Елдікке – Елбасының қосқан ісі,
Жапонды жақындатқан Шыңғыс-Акбар.
Ол біздің Еліміздің қос барысы!..

Өмірдің көп берері, көп алары,
Есте қалмас іздері жоғалады.
Жайқалар сыйлаймын деп жырға дәнді,
Жалғады Елші сөзін одан әрі:

–Тілеймін талай-талай жолды асыңыз,
Өмірде асқар асу белді асыңыз,
Көзіңмен көріп қайтсаң болар еді,
Шыңғысты сыйға тартқан – Елбасымыз!..

(Толық нұсқасын газеттің №7 (3641) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір