ДАУЫСЫҢДЫ ЕСТІДІМ

Телефон ертемен шыр ете қалды. Ұйқылы-ояу көзіммен сығырайып, әдетімше соңғы төрт сипырға қарадым. «5050» деп тұр екен. Жүрегім зу ете түсті. Марқұм Рахаңның (Рахымжан Отарбаевтың) көп телефон нөмірлерінің ішінде маған шығатыны осылай аяқталушы еді. Ми астан-кестең. «Апыр-ай, басқа біреу ме?!» «Жоқ, әлде амалын тауып, арғы беттен хабарласып тұрған жаһаткер ағамның өзі ме?» Ол емес екен. Оныкі кейселл, ал мынау – билайн. Бірақ, міне, қызық, желінің келесі ұшындағы абонент – жақсы көретін қаламдас інім Рахаңның есімін атап, қолқа салып тұр. «Жуырда ағамыздың қайтыс болғанына жыл толады. Соның қарсаңында газетімізге өзіңізден… бір лебіз». «Көрейік…»Шалқамнан жатқан күйі, Рахаңмен кездескен, жүздескен, әңгімесін тыңдаған сәттерімді шым-шымдап еске түсіре бастадым.
***
Онымен алғаш қайда, қашан танысқаным анық есімде жоқ. Сірә, 1980-ші жылдардың соңына таман, Рахаң кетіп, мен келіп жатқан «Жалын» журналының редакциясында ұшырасқан болуымыз керек. Ал енді жақынырақ білісуіміз өре басын 1990-шы жылдардың басынан, Алматының тау бетіндегі Шығармашылық үйінен алады. Ол бір етек-жеңі кең заман еді ғой, мәселенки, Жазушылар одағына мүше еместерге мүше жазушылардың билетін пайдаланып, жеңілдікпен бөлме алып, бір ай шығармашылықпен айналысуына мүмкіндік берілетін. Сол әдіспен Мереке ағамның (Құлкенов) арқасында мен де бір бөлмені басы бүтін иеленіп, кандидаттық диссертациямды бастап кеткенмін. Рахаң да сонда жатыр екен. Кешке қарай маңайды жол қылып серуендейміз. Ағам кейде «жүз қой айдап» келеді. Қазақ зиялылары арасында өз басым әңгімешілдігіне тәнті болатын бірнеше адам бар, мысалы, Намазалы Омашев, Қуандық Түменбаев, Несіпбек Дәутаев, Бауыржан Омарұлы және Берік Жүсіповтердің әңгімені майын тамызып айтатынына ылғи қызығып та, қызғанып та қарайтынмын. Талантты Рахаңның маңдайымен бірге таңдайына да берген екен. Нағыз ұрымтал сөздің ұстасы және бұралқы сөзге шаптырып әңгімені юмормен тұздықтап айтуы жосын. Жүріп келе жатқан бетіңде, не отырған орныңда күлкіге оратылып, күлкімен сүрініп құлай кетесің. Кейінірек Рахаңның прозасымен жақынырақ таныса бастағанымда Бюфонның «Стиль дегеніміз – адам» дейтін оқ тіліндей шолақ анықтамасының ұлылығының, осы орайда Рахаңның юморды күлкінің көлемінен асырып, көркемдік тәсілге айналдыруының сырын түсінгендей болдым. Осынысымен де Рахаң Молдахмет Қаназов секілді қаламгерлермен бірге Ғабең – Ғабит Мүсірепов салып кеткен стильдік бір үлгіні ілгері апарушы дер едім. Мұның жайына тақырып ыңғайында оралармыз.
…
Мақсат ТӘЖ-МҰРАТ
(Толық нұсқасын газеттің №7 (3641) санынан оқи аласыздар)