Ақпан
Есенғали РАУШАНОВ
Әлқисса, 1645 жылы Әбілғазы баһадүр хан әрісі парсы, берісі түркі жұртындағы Шыңғыс ұрпақтарының арасында ұзаққа созылған текетіресте ірілі-ұсақты қарсыластарының қай қайсынан да өктем шығып, Хиуаның тағына отырды. Профессор Самат Өтениязовтың сілтемесіне сенсек, бұл жерде оған қол жинап беріп, қолтығынан демеген қазақтың Есім ханы деседі. Есім ханның сол қарсаңда Бұхар хандарымен қырғиқабақ болғаны рас. Мақсат – Бұхардың өңменіне құрулы мылтық, құрсанған жауды тақап қойып, алыстан аңысын аңдып отыру болған сықылды. Бұған дейін Хорезм ойпатындағы мемлекеттерде қазақ баласы хан болған жоқ еді деп жазады шежірешілер. Тағы бір тарихшылар Әбілғазыны қазақ деу қалай болар екен, қазаққа жиен еді десек ше деп қия тартады. Қазақ әскерінің әдепкіде қарсы келген отырықшыларды қатігездікпен қырып-жойғаны мәлім. Олжалау, барымталау, сыдырымталау бәрі де болған сыңайлы. Осындай аламандық Хиуаға Әбілғазы баһадүрдің шешесі, Арал маңындағы қазақтардың билеушісі – Жанғазы сұлтанның қызы – Мейірбану ханымның қайтып келуімен сап тыйылады. Тақ таласы басталарда Әбілғазы шешесі мен бала-шағасын Арал маңындағы нағашыларына жіберген болатын. Ел оны «Үлкен ханым» дейді екен. Үрей билеген елдің көңілі орнығады. Сұңғыла кейуана келе салысымен Хиуаның бүткіл кедей-кепшік, жоқ-жітік, жетім-жесір, ғәріп-ғәсірлеріне жұма сайын садақа таратады. Оларды «менің перзенттерім» деп атайды. Сөйтіп Хиуада қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай заман орнайды. Әттең, барлық ләззатты шақтардың тез бітіп қалатыны секілді, бұл дәуір де ұзаққа созылмады. Неге? Әбілғазының жергілікті елден өзі сайлап алған Бас уәзірі – пәлен деген шайықтың түген деген шөпшегі баласын үйлендіретін болып, хан сарайын тойға шақырады. Үлкен ханым әдеттегі «құтты болсыннан» соң қазақы әңгімеге көшіп: «Келін қай жақтың қызы?», – деп сұрайды емес пе: «Келін бөтен емес, өзімізден», – дейді Бас уәзір. «Өзіміздені несі?», – деп сұрайды секем алған үлкен ханым. «Келін өзімнің інімнің қызы», – дейді Бас уәзір. Өмірінде мұндайды естімеген Мейірбану «Астағыпыраллалап» шалқасынан түсіп, талып қалады. Ертеңіне есін жиған ол баласын шақырып, бұдан былай Хиуа хандығында туысаралық неке деген сұмдық болмасын деп фарман [жарлық] шығаруын талап етеді. «Бұл елде атам заманнан келе жатқан ғадет солай, қазір бірден төбеге ұрғандай Жарлық шығарсақ, халық қозғалып кетеді, сабыр сақталық, ақырындап оған да жетерміз» деген баласының бипаздығына шарт ашуланған Үлкен ханым көк шатырлы күміс арбасын жектіріп, сол күні Аралға қайта көшіп кетеді. Туысаралық неке Шығыста ғана емес, Еуропа бекзадаларында, әсіресе ағылшын ақсүйектерінде көп болған. «Бір емшек ембегендер арасындағы неке Һалал дүр» деген фетвәні айтасыз, ертеде қабы бір, сабы бір адамдар да жұптасқан. Мысалы, атақты Клеопатраның алғашқы күйеуі өзінің туған інісі еді деп нақтылайды перғауын зерттеушілер. «Туыстардың өзара құда болуы секілді зиянды әдеттер қазаққа кешірек сіңген кейбір тайпаларда кейінге дейін сақталды» деп жазады ақын әрі көсемсөзші Аманхан Әлім. Зиянды демекші, кешегі Кеңес өкіметі тұсында Өзбек теледидары бұны тозығы жеткен салт деп танып, топтама хабарлар жүргізді…
…
(Толық нұсқасын газеттің №5 (3639) санынан оқи аласыздар)