Өрдегі төр
01.02.2019
764
0

Арқаның ардақты да аяулы ақыны Абзал Бөкен жетпіске келді. Шығармашылық адамы үшін айтулы белес болып табылатын, осынау мерейлі жасқа шаршамай-шалдықпай, қаламының қуатын азайтпай, шалқыған шабытын ортайтпай келген Абзал Бөкен өзінің аса зор талантына лайық бағасын алды деп айту қиын. Өйткені, көп қаламдасынан биік, көп әріптесінен озық бұл ақын атақ-даңқтың шұғыласына шомылып, дәрпі алаш еліне жайылып жүрген жоқ. Тіпті, осындай ерекше бір дарынды ақынның ортамызда сау-саламат өнер ашып жүргенін қалың оқырман біле бермеуі де мүмкін. Өлең сөздің құпиясын жіті аңғаратын ең талғампаз жыр жанашырлары ғана Абзалдың жампоз жырларының құнына жетіп, оның өлең кітаптарын күтіп жүріп оқиды.

…Ақиқатты айту деген бір ұғым бар. Ақын­нан оқырманның күтер ақиқаты жүрек­ті шым еткізсе ғана ақиқат. Абзал өз басындағы қам-шерді айтқан болып отырып, өз ішіндегі ой арпалысын нәзік иірім-қайырымдармен бейнелеу арқылы өзімізден-өзіміз жасыруға тырысатын ішкі қаяуларды тап басады. Шыншыл қаламының құдіреті осында.
Төзім атты мұрамды,
Төрде ұстаған төстеймін,
Құдай кешер күнәмді,
Өзіме-өзім кешпеймін.

Раббың да құп көрмес,
Рақымы түскенмен.
Білмей күнә істелмес,
Бәрі біліп істелген.
Мұндай аяусыз ақиқаттарды өлеңмен өрнектеу үшін ақынның жүрегі таза, иманы кәміл, таразысы таза болу керек. Өз басым А.Бөкеннің шынайылығына әбден тәнтімін. Кесіп айту үнемі өсіп айту емес, көкейіңдегіні тесіп айту.
Абзалдың тынысын танытып, нақы­шын айғақтайтын қолтаңбасын оқырман аң­ғару үшін осы «Тәж» деген кітапты то­лық көшіріп беруім керек. Өйткені, осын­да­ғы толғаулар, балладалар, поэмалардың әрқайсысы бір-бір жарау кітаптың жүгін арқалап тұрғаны күмәнсіз. Бұған дейін «Жүрек толқындары», «Ғасыр қанатында», «Сүмбіле», «Төр», «Шың» секілді үлкен-кішілі кітаптары арқылы өлең өлкесіне бойлай еніп, өнерін орнықтырған А.Бөкен осы «Тәж» арқылы бүкіл ақындық болмысын танытып, бауырын жазған. Құлашын кеңге сілтеген. Ойлар да күрделі, шеберлік те шыңдаулы. Шын ақын күндердің күнін­де осылай бір көсіліп шауып, олжа салса керек еді. Құтты болсын!..

Жүрсін ЕРМАН


(Толық нұсқасын газеттің №5 (3639) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір