Кактус
01.02.2019
1170
0

Америкалық жазушы Оливер Генри (шын есімі – Уильям Сидни Портер) 1862-1910 жылдар аралығында өмір сүрген. Ол – әңгіме жанрының хас шебері. Қаламгердің шығармалары оқырмандарды астарлы әзілмен және тосын түйінмен қызықтырып, тартады. Бір туындысын оқығаннан кейін келесі әңгімесімен де танысқыңыз келеді. 1899-1910 жылдар аралығында небәрі 11 жыл шығармашылықпен айналысқан жазушының көзі тірісінде 11 әңгімелер жинағы жарық көрген. Оның бір шығармасын аударып, назарларыңызға ұсынамыз.


Оливер Генри

Уақыттың ерекшелігі – өткен мен бүгіннің, бүгін мен ертеңнің бір-бірімен тығыз байланыста екендігінде. Мысалы, ажал дариясына батып бара жатқан адам­ның көз алдынан бір сәтте бүкіл өмірі дөң­ге­леп өтетіні даусыз; сол сияқты, бір адамның қолғабын шешіп жатқан қас-қағым ғана сәтте тұтас бір махаббат хи­кая­­сын еске алатынына сену де қиын емес.
Пәтеріндегі үстелдің жанында бойдақ Трайсдейл қазір осы халді кешіп тұр еді. Үс­телдің үстінде қызыл қыш құмырада көзге ерекше көрінетін әлдебір жасыл түсті өсімдік өсіп тұрған болатын. Бұл – ұзын тікен жапырақтары самал желмен ұдайы тербеліп, қараған адамды еліктіре­тін өзіндік тартылыс күші бар, кактус өсім­дігінің бір түрі еді.
Трайсдейлдің досы, қалыңдықтың ағасы, буфеттің жанында өзіне назар ау­да­рылмай, мән берілмей қалғанына ша­ғым­данып тұрды. Екеуі де сәнді киімде болатын. Олардың шекпеніндегі ақ лен­талар күңгірт пәтерде жұлдыздай жарқы­райды.
Трайсдейл асықпай қолғабын шешіп жатқанда соңғы бірнеше сағаттың жанды қинап, жүрек ауыртар сәттері есіне түсті. Оның мұрнына әлі де шіркеудің жанына қойылған гүл шоқтарының жұпар иісі келетіндей, құлағына мәдениет сақтап, әдептен озбай, сыбырлап сөйлескен мың­даған дауыстар естілетіндей. Әсіресе, Оны (ғашығын) өзге ер адаммен некелес­тіріп жатқан дін қызметкерінің саңқыл­да­ған үні жадынан өшпей, жанын ауыр­тады.
Соңғы кездері Одан қалай айрылып қалғанын түсінуге тырысып, өзін ауыр ойлармен іштей мүжіп, жегідей жеу Трайсдейлдің үйреншікті әдетіне айналып үлгерген-ді. Ғашығынан біржола айрыл­ғанын түсінген үмітсіз шақта есеңгіреп тұ­рып, ол өзінің шынайы бет-бейнесін, нағыз болмысын көрді. Осы уақытқа дейін адамға көрік берер әшекейге балап та­ғынып жүрген екіжүзділік пен өзім­шіл­дік, шын мәнінде, ешқандай да әшекей емес, бар болғаны ақымақтық екенін ұғынды. Өзінің жан дүниесі өзгелер үшін ақымақтықпен «әшекейленгенін» ойла­ғанда, ол ұяттан өртеніп кете жаздады. Оның жан сарайының сауыты атақ­құмар­лық пен тәкаппарлықтан жасалған бола­тын. Ал ғашығы мұндай жаман қасиет­тердің бәрінен таза еді. Бірақ Одан неге айрылды?!

Ағылшын тілінен аударған
Алпамыс Бауыржанұлы


(Толық нұсқасын газеттің №5 (3639) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір