Түнгі телефон шырылы
25.01.2019
432
0

Айтбай Тәсілов

(Әңгіме)

Телефон шырылы – қалыпты өмір­дің көрінісі. Адамдар бір-бірін іздейді. Тек суыт хабар бол­маса, «беймезгіл мазаламау керек» деген жазылмаған ережені есінде сақтаса болғаны. Беймез­гілі – түнгі оннан, таңғы тоғызға дейін болса керек. Бірақ оған пыс­қырмайтындар да бар. Мәсе­лен, ғашық болғандар. Немесе жауығып, түнгі ұйқының шыр­қын бұзу арқылы, есесін қайы­рып, есебін түгендегісі келетін­дер. Бір жақсысы, ондайлардың беймезгіл «шырылы» ары кеткенде бір аптадан аспайды. Айына бірер рет «өзімсінетін» мектепте бірге оқыған, аңғалдау «б­а­ла» достардың да уақытты ша­тастырып алатындары болады. Ал, жылдар бойы түн сайын үйіңдегі телефоның шырылдаса, атқаратын кәсібің де саған келіп тірелетін, ысыруға болмайтын, шұғыл шаруа болғаны да. Хирург Сейтеновтің үйіндегі түнгі екі жарымдағы телефон шырылы да кәсібіне байланысты еді. Үш бүйірін үш бағыттан шойын жол түйреп өтетін, қырық мың халқы бар, шағын қаладағы теміржол ауруханасында, қырық алты жыл қызмет атқарған бөлім меңгеру­шісі, телефон шырылынсыз түн өте қалса мазасызданатын. Ондай кезде: «…Үзіліп қалған жоқ па екен?» – деп ертемен онысын тексеріп те қоятын. «Телефоның­ның түнгі шырылы өшпесін!» деген тост көтергенде әріптес­теріне әзілдей айтатын жаттанды тілегі де бар еді. «Телефоның өш­песін!» деу оған «Шырағың сөнбесін!» дегеннің синонимін­дей көрінетін. Тек соңғы кезде қан қысымы көтеріліп, түнгі «шырылдан» кейінгі ауруханаға шақыртулар қажытып тастайтынды шығарды. Соған орай бас дәрігерге «жұмысты қою» туралы жақында өтініш жасап, кірген де болатын. Айтарын әзілге бұра, әріден бастаған.
– Өзің білесің, ағзамызда екі жүз миллиард жасуша тұрақты ауысып, жаңарып отыратынын. Мәселен, мына менің бет теріле­рім төрт ай бұрынғы емес, жаңар­ған, жас жасушалардан. Бір жыл­дың ішінде тоқсан рет ішегіміздің жасушалары жаңарады екен. Ал, мидағы нейрондарға келсек, басқа әңгіме. Олар жаңармайды. Бары біртіндеп кеми береді. Айтарым, денсаулығым сыр бере бастады. Баяғы қынаптан шық­қан қылыштай жайнап тұрған жас шақта, күніне төрт-бес операция жасасам да, ауырламайтын едім. Енді міне, бір опера­ция­дан кейін де шаршаймын. Шар­­шаған дәрігер өзі емдеп жүр­ген пациентінің өміріне тө­ніп келе жатқан қатерді байқамай қалуы мүмкін. «Жақсы ит өлігін көрсетпейді» демей ме?! Сендер менің аянышты қарияға айнал­ғанымды көрмей-ақ қойыңдар. Сәдуақас орныма дайын. Енді маған рұқсат бер…


(Толық нұсқасын газеттен оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір