АНА МАХАББАТЫНЫҢ КҮШІ
25.01.2019
1600
0

(Т.Моррисонның «Сүйіктім» шығармасын оқығаннан кейін)

Қарт тарихтың жады мықты. Ол ештеңені де ұмытпайды: жақсыны да, жаманды да. Талайдың төбесіне бұлт үйірген біреулер оны сөйлетпеуге, үнін тұншықтыруға тырысқанмен, күндердің күнінде Ақиқаттың ақ туын желбіретіп, Уақыт мінберіне көтеріледі. Сонда жылағандар жұбанбақ, езілгендер еңсесін тіктемек. Әйтсе де, көп күттірген ұлы сәт күңіреніске толы кешегінің қара таңбасындай болып қалған жан жарасын жаза алар ма екен?!

«КІТАП, РАСЫМЕН, ЖАҚСЫ-АҚ!»

«Сүйіктім» – әдебиет бойынша Нобель сыйлығын алған тұңғыш афро-америкалық әйел жазушы Тони Моррисонның ең әйгілі шығармасы. Роман трансатланти­калық құл сауда-саттығының құрбаны болған «алпыс миллион­нан астам» қара нәсілділер мен олардың ұрпақтарына арналған (эпиграф апостол Павелдың «Рим­діктерге хат» жолдауынан алынған). Моррисон – құлдықта өткен өмірлер жайлы қалам тербеген қара нәсілді жазушылар­дың алғашқысы да.
Аталған туындыда «Сенің ең қымбат қазынаң – сенің өзің» делінеді. Иә, адам баласының ең басты құндылығы – еркіндігі (жиі айтылғанмен, жиі сезіне бермейтін ақиқат). Ешкімге тәуел­ді болмай, еркін жүріп-тұруы. Ер­кін сөйлеп, еркін әрекет етуі. Сүю, сүйіктіңмен бірге болу еркі де өзіңде. Бір сөзбен айтқанда, еркіндік деген – еркін тыныстап, еркін өмір сүру. Егер сізге қымбат қандай да бір жанды (әке, ана, бауыр, жар, бала, дос, ұстаз) осы еркіндіктің бәрінен айырылу күтіп тұрса, оны болдыр­мау үшін қандай үлкен қадамға бара алар едіңіз? «Сүйіктім» романының басты кейіпкері Сэти секілді құлдық өмір­ден өлімді артық көріп, өз ба­лаңызды өзіңіз өлтіруге қолыңыз барар ма еді?!
Шығарма 1987 жылы Ұлттық кітап сыйлығына ілінбей қалған кезде «Нью-Йорк Таймс» газетінде афро-америкалық жазушылардың (жалпы саны 48) наразылық хаты жарияланады. Келер жылы Моррисонның кітабы қатарынан бірнеше сыйлыққа ие болады: Пулитцер сыйлығы, Роберт Ф.Кеннеди атындағы Әділеттілік және адам құқықтары Орталығы­ның әдеби сыйлығы, Фредерик Д.Мелчер атындағы сыйлық, Линдхерст қорының сыйлығы және Элмер Холмс Бебер сыйлы­ғы. Дегенмен, кей сыншылар тара­пынан «автор құл сауда-сат­ты­ғын геноцидпен, холокостпен теңестіреді» деген сыни пікірлер айтылады. Содан болар, «Сүйік­тім» 2000-2009 жылдар аралығында америкалық кітапханалар қауым­дастығының рейтингі бойынша жиі тыйым салынған және цен­зураға ұшыраған кітаптар тізімінде тұрған (26-орын).
Қаламгер 2014 жылы амери­ка­лық «Колберттің есебі» теле­­шоу­ы­на қатысқанында «өз кітабын ба­сылып шыққан соң 30 жылдан кейін ғана оқығанын» айтады. Сон­да жүргізуші қандай әсер алға­нын сұрағанда: «Кітап, расы­мен, жақсы-ақ!» – деп жауап берген. Иә, кітап, расымен, жақсы-ақ! Өте ауыр сюжетке құрылған «Сүйік­тім­нің» автордың өзіне ғана емес, оқырмандарға да ұнауының басты себептерінің бірі – «ақ нәсіл­ділер­дің қара нәсіл­ділердің алдындағы күнәсі» ата­лып жүрген тарихи шындықтың еш боямасыз, жамап-жасқалмай, бүркемелен­бей, жұм­сартылмай, көркемдел­мей, қаз-қалпында, ащы күйінде жеткі­зілуінде; бала­сы­ның құл­дыққа жегілуінен Құ­дай­ға қайтып баруын артық көр­ген ана оқи­ға­сының өмірдің өзі­нен алынуында. Нобель сый­лы­ғы да жазушыға «арман мен поэ­зия­ға толы роман­дарында Аме­рика шындығына «тіл бітіргені» үшін» берілген.

….

Мәдина СЕРІКҚЫЗЫ


(Толық нұсқасын газеттен оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір