ҚАҢТАР
18.01.2019
835
0

Есенғали РАУШАНОВ

Осыдан төрт-бес жыл бұрын қызым екеуміз Еуропаны аралап жүріп, сапар аяғында ат басын Венецияға бұрғанымыз бар. Қаңтар айы еді. Қайығымыз суға салынған қаланың кезекті бір аялдамасы деп күмбезі күнге шағылысқан әдемі шіркеудің алдына тоқтады. Теңіз үстінде азынап тұрған жел айлаққа аяғымыз тиер-тиместен сап басылған. Бұл Ла Пьета яки қарапайым халық аузында «Вивальди шіркеуі» атанған ғибадатхана екен. Котолик дінін ұстанатын христиандардың шіркеулері барокка ұсылындағы тәкаппар да сұлу сәулетімен ерекшеленеді ғой, осы асқақтыққа қоса жанынан өткен жан біткенді еріксіз өзіне тартатын тағы бір тылсым күші барын білесіз бе?! Ол орган музыкасы. Бір қарасаңыз, темірдей тегеурінді, болаттай берік, енді бір сәт нәзік иірімдерімен жүрек толқытатын осынау құпиясы мол саз әлемі сізді қалай да бейжай қалдырмасы анық.

…Қаңтар айы. Бұлбұл сайрайды. Кеш бата бастайтын әдемі әні таң атқанша таусылар емес. Бұл қай кездегі бұлбұл деп таң қалып отыр­­сыз ба? Ол аз десеңіз – тү­німен көкек шақырады. Сыртта күн жанып тұр. Не деген қапырық еді десеңізші! Тыныс алудың өзі қиын. Терезенің жақтауына ілін­ген термометр 29 дәрежені көр­сетіп тұр. Кеше 31 дәреже ыстық болған. Таң алагеуімнен құдай тағаланың бұйрығымен әдетте­гідей құс сайрап еді, оның өзі сүтпісірім уақыт өтер-өтпестен «ораза, намаз тоқтықта, кешірі­ңіздер, бұдан артыққа шыдай алмаймын, әнім осымен бітті» дегендей үні өше қалады. Әсте, көлеңке іздеп безіп кетеді. Судан шықпайтын мүйізтұмсықтың жон арқасында неше түрлі құстар қонақ­тап алған. Ә дегенде жанға жәйлі сезілген салқын жел әудем жер желіп барып, аузымен от ша­ша­тын аласұрған айдаһарға айна­лып, қайта соқты. Үйдің қабыр­ғасын қаптай өскен әсем алқызыл гүлдер таңғы нұрмен ерекше құл­пырып, онсыз да жайнап тұрған аулаға ерекше сән береді. Қаңтар­дың таңы мұншалықты ыстық болар ма, шоқ гүлді айнала бал арасы ызыңдайды. Өзен бойын өрлей біткен көкорай шалғынға тұнған шық шашылып түскен кү­міс моншақтардай жылтырайды. Әттең, сәлден соң бұл да аңқасы кеп­кен алапқа айналмақ. Керім­сал­дың беті жаман. «Мұндай қаңтарды көрсем – көзім шық­сын», – дейді ақ тер көк тер боп автобустан түсіп жатқан туристер…

(Толық нұсқасын газеттен оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ