ЖЫРТЫҚ КӨЙЛЕК
21.12.2018
2009
2

Қойшыбек МҮБАРАК

(МИСТИКАЛЫҚ ӘҢГІМЕ)

Мен оны әмиянымның түбін ақ­та­рып, әзер тапқан тиынымды ав­то­бус­тың ақша есептегішіне салып жі­бе­ріп, есіктен сүйретіле түсіп келе жатқанда көрдім.
Көзіміз қас-қағым сәтке ғана түйісіп барып тайып кетті. Қайта қарас­тық.
– Жолды босат! Біреу желкемнен нұқып қалды. Мен сүрініп барып оны соғып кете жаздадым.
– Кешір, – деп бетіне қараға­ным­да, ол үнсіз жымиып, автобустың есігінен ішке қарай еніп кетті де, те­резеден маған қадала қарап тұрды.
– Айна, – дедім мен оған қолым­ды бұлғап. Ол басын изеді.
Автобусқа қайта мінбек боп ұм­ты­лып барып тоқтап қалдым. Қал­тамда қалған соңғы темір тиындармен үйге әзер жеткенім есіме түсті.
Автобус орнынан қозғалып кетті. Мен оның артынан бірнеше қадамға дейін жүгіре басып барып тұрып қал­дым.
– Айна! – деп бірнеше рет қай­тала­ғаннан соң барып ойландым.
Айна деген кім еді?.. Қанша ой­лан­сам да таба алмадым. Атын ұмы­тып қалған шығармын деп жаңағы бейнені көз алдыма әкелдім.
Қасы жіп-жіңішке, бірақ көте­рің­кі секілді. Көзі қара, иә, көк пе? Со­ның арасынша ұмытып қалдым. Ерні әлгінде ғана көз алдымда үл­бі­реп тұрған еді, енді ғайып болып кет­ті. Көзімді жұмып, түр әлпетін ұмытып қалмауға қанша тырыссам да оның орнына әйелім Әнияның бейнесі орнап алды.
Оның бейнесін еске түсіру үшін «не істеуім керек?» деп ұзақ ойланып тұрып, ақыры амалын таптым. Түс көру керек.
Үйге кіріп келгенде алдымнан ұлым мен әйелім шықты.
– Әке! – деп ұлым маған қарай томпаңдап жүгірді. Мен оны жерден көтеріп алдым да, шешесіне ұстата салып:
– Мені мазаламаңдар, ұйықтауым керек! – деп жатын бөлмеге қарай бара жатқанымда әйелім:
– Қалай жеттің? Әмияныңдағы барлық ақшаңды қалдырып кетіпсің, – деді.
Оған жауап қайтармастан жатын үйге кіріп, шешінбестен қолыма ілінген жамылғыны алып, сәкінің үстіне жатып қалдым.
Ескі автобус ырғатыла ілбіп үйдің қасына келгенде, әмиянымдағы соңғы тиынымды қолыма алып, енді есептегішке сала бергенде, автобусқа шығып келе жатқан Айнаны көрген соң кейін шегініп, арт жағымда­ғылар­ға жол бердім. Олар түсіп бола бере Айна кірді.
– Айна?!
– Асқар! – деді ол маған қолын ұсынып. Қолы жып-жылы екен, жібермей біраз тұрып қалдым.
– Биялайыңды неге кимедің?! Қолың мұздай ғой, – деді Айна.
Есік шиқ етіп ашылғанда мен оя­нып кеттім.
– Шешініп жатпайсың ба? – деп, Әния терезеге қарады.
– Мазалама мені! – Дауысым қатты шығып кетті, білем. Әния ма­ған жалт қарады да, шыға жөнелді. Мен қайтадан жамылғыны басыма бүркеп, қайта ұйықтап кеттім.
– Кешіріңіз!.. Айна қолын өзіне қарай жұлқа тартты.
– Айна! – дедім мен оның қолын жібермей жабысып, жалынышты үнмен.
Ол маған қарап:
– Сізді мазалағым келмейді, алай­да сіз менің қолымды ұстап алып, әлі жібермей тұрсыз.
– Кел, орындыққа отырайық… Мен Айнаның қолынан жібермеген қалпы, автобустың соңғы жағындағы орындыққа барып отырдық.
– Қайда барасың?
– Қаланың шетіндегі арзан ба­зар­дан көйлек алғым келген. Мені­мен бірге жүресің бе? – деді ол бос қолының сұқ саусағын үстіндегі ескі көй­лектің етегіндегі жыртығынан өт­кізіп.
– Ол жерде оңған киім жоқ қой, жаңа базардан алмайсың ба? – дедім мен.
Ол маған жабырқай қарап:
– Ақшам жетпейді, – деді. Мен қалтамдағы бос әмиянымның сыр­ты­нан умаждай ұстап тұрып, ойыма әлдене түсіп:
– Айна, сен күте тұр, мен қазір келем, – деп басымды алдыңғы орын­дықтың арқалығына аямай періп кеп қалдым.
Әйелім мана келгенде терезенің пердесін тартып кетіпті. Жатын бөл­ме­нің іші ала көлеңке болып тұр екен.
– Әния! – деп айқайладым. Есік­ті еппен ашқан әйелім басын ғана сұғып:
– Ұйықтамадың ба? Мазалама деп едің ғой… – деді бұртиып.
– Тез менің ақшамды әкеліп берші… – дедім.
– Бір жаққа барасың ба?
– Ешқайда, тез әкел! Ұйықтай­мын, бол енді! Ашуланып айқайлап жібердім.
Басын есіктен ары жұлып алған Әния ағаш еденді тарп-тарп басып, кітап бөлмедегі ақшаны әкеліп түйіншегімен маған қарай лақтырып жіберді де, есікті сарт еткізіп жаба салды.
Мен ақшаны ала салып, жамыл­ғым­ды қайта бүркендім.
Автохабарлағыштың «Жаңа ба­зар аялдамасы» деген ащы дауысынан есімді жидым.
– Асқар, сізге не болды?
Айна мені жұлқылап отыр.
– Жүр, тез автобустан түсеміз, мен оның қолынан сүйрелеп, есікке қарай тартқыладым.
– Базарға әлі жетпедім.
Айна маған таңдана қарап қа­лыпты.
– Жоқ, осы базардан аласың! – деп мен сүйрелеп келемін.
– Ақшам жетпейді, – дейді ол.
– Саған деген іңкәр жүрегімнің сы­йы ретінде мен алып беремін, – деп мен оны ертіп, автобустан түсіп қалдым.
Біз базар аралап ұзақ жүрдік. Ете­гіне шетен гүлі бедерленген көйлекті көргенде, Айна айналсоқтап шыға алмай қалды. Мен ақшасын төлеп, алып бердім.
Үстіне киіп алған ақшулаң көй­лек­ті алақанымен қайта-қайта си­палаған Айна:
– Мені жеткізіп саласыз ба? – деп сұрады.
Мен бірден келісе кеттім. Айна­ның үйіне жеткен соң ауладағы қарт еменнің түбіндегі орындықта оты­рып, екеуміз біраз әңгімелестік. Жұ­мыс­тан соң осында кездесіп тұратын болып уағдаластық.
Мен көше бойлап келе жатып, байқамай кәріз құдығына құлап кеттім. Шығайын деп қанша тыр­бан­сам да, жаңа құлағанда мертіккен бол­уым керек, денем қимылдай алмайды.
– Құтқарыңдар! Құтқарыңдар! – деп айқайлай-айқайлай дауысым әбден қарлыққан кезде есік салдыр етіп ашылып ұлымның шырылдап:
– Әке, әке! – деген дауысынан оянып кетіп, басымды жастықтан жұ­лып алдым. Қара сүмек болып терлеп кетіппін. Ұлым есіктен кірді де, босағадағы айырып-қосқышты жарқ еткізіп қосып қалды. Үйдің іші жарқырап кетті.
– Ерік, барма онда, әкең ұрсады, – деп айқай салған әйелім есікке жетіп келгенде мен селк ете түсіп, көр­пеммен басымды қайта бүрке­ме­лей бердім. Әния бағана Айнаға алып берген шетен гүлді бедерлі көйлекті киіп алыпты.
– Барыңдар тез… Бөлмеден шы­ғып кетіңдер! Мен жамылғының ас­тында жатып айқайладым. Әния ашулы.
– Түн ортасы ауды, тұрып тамақ іш. Еріктің ұйқысы келді. Мен дас­тар­қан даярлай беремін, – деп ұлымды ертіп, ас үйге шығып кетті.
Мен Айнаға барып жағдайды біл­мек болып тағы ұйқыға бас қойдым.
Үйден шыға сала алып-ұшып, Айнаның үйіне жетіп барып, қоңырауды бастым.
– Қазір, – деген таныс үн естілді. Менің жүрегім кеудеме сыймай дүрсілдей жөнелді. Есік ашылғанда ар жағында ұлым Ерік пен әйелім Әния тұр. Әния Айнаның жыртық көйлегін киіп алыпты.
Мен басымды босағаға соқылап ұра бердім.

ПІКІРЛЕР2
Аноним 05.01.2020 | 14:15

Керемет!

Аноним 31.10.2021 | 11:18

Жынды болдың ба бас керек қой. Басыңды көрінген жерге ұра берме.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір