Кемеңгердің өмірінен бір үзік сыр
21.12.2018
1939
0

Таласбек ӘСЕМҚҰЛОВ

80-жылдардың аяғы еді. Алматының көңілсіз көктемі. Қар бір жауып, бір еріп, жер-дүние шылқып, ылжырап жатыр. Осы күндері консерваторияға Асекең және менің Ерік (Көкеев) досым қатар келе қалған. Екеуі амандық-саулық сұрасып, жақсылап әңгімелесіп шер тарқатысқан. Сонымен кешқұрым болып, менің жұмысым аяқталып далаға шықтық та Үкімет үйінің жанындағы саябақта біраз қыдырдық.

– Айтпақшы, ұмытып барады екенмін, мына жерде менің бір суретші досым бар еді,– деді Асе­кең, – Жүріңдер, соған кіріп шығайық.
Үшеуміз Панфилов көшесімен төмен түсіп Суретшілер одағының шеберханасына келдік. Келген адамымыз әйгілі суретші Салахид­дин Айтбаев еді. Екі бөлмелі шеберхананың әр жерінде ша­шы­лып жатқан мольберт, рамаларға жарым-жартылай керілген кенеп, шағын үстелдің үстінде шала-пұла желінген тамақ, жартылай ішілген арақ – суретшінің типтік мекен-жайы. Орта бойлы, нығыз денелі, шашын қырау шала бастаған қызылсары өңді адам Асекеңмен құшақтасып амандасты.
– Какими судьбами? – деді жымиып, – Көріспегелі көп болды ғой.
Екеуі көр жерді әңгіме қылып аз отырды.
– Ал, нең бар, көрсет, – деді содан соң Асекең.
Салахиддин шүберекке орап қабырғаға сүйеп қойған сурет­тердің біреуін алып, орауын жа­зып, қабырғаға, кеуде тұсқа келе­тіндей етіп ілді.
– Міне, мынау, – деді Асекеңе қарап.
Суреттің орта тұсында мазар тұр. Сол жақ бұрышта бір адам шарта жүгіне отырған. Қолында домбыра. Аулақта тұсаулы ат жүр.
– Аты не? – деді Асекең.
– Ат қоя алмай отырмын, – деді Салахиддин, – Сенен ақыл сұрайын деп отырмын.
Асекең суреттің тура жанына барып үңіліп аз тұрды. Содан соң ақырындап шегіне бастады. Ше­гіне-шегіне арқасымен қабырғаға тірелген. Осыны көргенде Сала­хиддин меңірейіп тұрды да қалды.
– Қалай ойыма келмеген, – деді содан соң, – Үлкейту керек екен ғой.
– Көптен бері далаға шықпа­ғаның көрініп тұр, – деді Асекең. – Ал, бұл суретке «Маңырама» деп ат қойса қайтеді?
– «Маңырама» дейсің бе? – Са­лахиддин иегін уқалап сәл ойланып қалды, – Кешір, бірінші рет естіп тұрмын. Ол не?
– Мынау жыр толғап отырған жырау сияқты, – деді Асекең суретке меңзеп, – Ал, мазарды ата-бабаның аруағы деп шартты түрде келіссек… онда мынау адамның жыры – дұғасы.
– Иә, солай деуге болады, – деді Салахиддин суреттің жанына келіп, – Біз перспективаны жасай аламыз, колористиканы дұрыс та­бамыз, бірақ сюжет ойлап шығара алмаймыз. Біздің осал жеріміз осы.
– Мынау Сырдың бойында, Ар­ал мен Қармақшы жақта жыр­дың «Маңырама» деп аталатын ерекше түрі бар, – деді Асекең сөзін жалғап, – Әдемі ат қой.
– Да, великолепно, – деді Салахиддин, – Шіркін, сурет сыншылары осы сен сияқты болса ғой. Бәрі де жақсы болар еді.
– Міне, отырмыз, – деді содан соң шеберхананы қолымен айнал­дыра меңзеп, – Суреттер арзанға кетеді. Бағасын білмейді.
– Кейін бізде де сурет рыногы қалыптасады, – деді Асекең жұ­ба­тып, – Сол кезде сенің шедевр­ле­рің миллион долларға кететін болады.
– Біз өлгеннен кейін, – деді Салахиддин.
Әбден кеш батқанда қайттық. Сол мәжілістен Салахиддин Айт­баев­тың бір сөзі есімде қалып­ты. Асекеңнің жүзіне біртүрлі риза кейіпте қарап отырып, – Осы мен сенің кім екеніңді анықтап айтып беруге қиналамын,– деген еді ол, – Сенің кім екеніңді жіпке тізіп шыққаннан гөрі, кім емес екеніңді санап шыққан оңай шығар. Сенің бойыңдағы бар өнерді санап шыққаннан, сенде жоқ өнерді са­нап шыққан оңай. Сен Ренес­санс­тың адамысың…
… Иә, Асекеңнің өнері сан-қырлы еді. Баяғы бір ғұламаның айтқан «жан таланты» («талант души»). Оның көптеген салада профессионал-эксперт болған­дығы осы «жанның талантынан» болса керек. Асқар Сүлейменовтың күй талғамай, қандай қалыпта тұрса да, тіпті қатты сырқаттанып жатқанда да кез-келген тақырыпта кемел пікір айта алатындығы таң­қалдыратын. Міне, оның бойын­дағы осы көркем қасиет­тердің ең бірегейі – саз өнеріне деген құш­тар­лығы, музыкалық сыншылығы еді. Және оның бұл тараптағы эрудициясы мен танымы сөз арасында елеусіз ғана айта салған, немқұрайды пікірінен жарқырап көрініп тұратын.
Бірде тағы да Төлеген ағаның үйінде дастархан басында отырға­нымызда радиодан Есірдің «Тоғыз түйеші» және «Ақжарма» деген екі күйі тартылды.
– Осы екі күйдің тарихын біле­сіңдер ме? – деді Асекең күй шер­тіліп болғанда.
Ешкім білмейтін болып шық­ты.
– Айтшы, – деді Төлеген аға, – Күйдің аңыздарын көп білуші едің ғой.
Асекең, көне күндердің, қазақ­тың басынан өткен кер заманның тірі куәсіндей болып сәл мұңайың­қырап, өзінің қоңыр даусымен әңгімені тербеп жөнелген.
– Баяғыда, Ресей мен Хиуа со­­ғысқан кезде болған екен. Ор­ыс­­тың әскері Түбек пен Үстіртке жетеді. Даланың керіш жолы аяқ­талып, енді құм басталады. Содан орыстың сардары адай­лар­дан түйе мен жол көрсететін кісі сұрап елші жіберіпті. Ауылдың ағалары бүкіл адайдың билері мен батырларын жинап кеңес қылады. Жұрт мә­мілеге келе алмайды. Біреу орысқа көмектесейік дейді, біреу көмектеспейік дейді. Сол жерде Тіленшінің ұлы Жоламан батыр мен Сүйінқара батыр бар екен. Екеуі айтыпты, елшілерді ештеңе бермей шығарып салу керек деп. Сонымен ақырында Бөкен биге «Сен төрелігін айт» дейді. Бөкен би ұзақ ойланып айтты дейді, дін қарындас болған түрікменнен не көрдік, елімізді талай рет шауып, бала демей, шаға демей қанша адамымызды құлдыққа сатып жіберді. «Жауды аяған – жаралы» деген, кәпірдің қолымен болса да қирату керек, бізге істегенін алды­на келтіру керек. Сондықтан, түйені де, адамды да беру керек деп. Сонымен осыған тоқтасады. Бөкен би орыстың офицерлерін шақырып алып айтыпты «Міне, біз сендерге 500 түйе және 9 адам түйеші, құмның жолын жақсы біле­тін ізкесер береміз. Есіңде болсын, бұл адамдарды көзіңнің қарашығындай сақта, ұрыс-соғысқа салма, қажама. Егер де бұларды түрікмендер өлтіріп кет­се, не даланың жолын білмейсің, не құдық пен суатты білмейсің, айдалада бір оқ ата алмай шөлден қырыласың» депті. Ертеңіне тоғыз адам орыстың әскеріне қосылып шеру тартады. Сол тоғыздың біреуі он жетіге жаңа толған күйші Есір екен. Сонымен, бұлар аз жү­реді, көп жүреді ақырында түрік­меннің астанасы Көктөбе деген қалаға жетеді. Қаланың дуалы биік, қақпасы берік, орыс­тың әскері қанша рет шабуылдап ала алмапты. Содан ақылдасып, жер­дің астын ін қылып қазып, дуалды түбінен қопарып дәрімен жаратын болады.
Шабуыл тоқтайды, түрікмен­нің ханы өзінің сарайында жай­ба­рақат отыра береді. Ханның анасы ақылды адам екен, бір күні дуалға шығып, жау жаққа қарап тұрып түсі бұзылып кетті дейді. Баласын шақыртады. Хан келіп, қабырғаға шығады. Анасы айтты дейді «Балам, кәпір неғып үнсіз қалды, не істемек ойың бар?» деп. Хан айтыпты «Неден абыржыдың ана, кәпір бізге не істейді. Қамал берік. Су да жетеді, азық та жетеді. Кәпір тамағы таусылғаннан кейін азып-тозып еліне қайтады. Сол кезде шағылдың ішінде қуып жетіп кес­кілеп тастаймыз» деп. Анасы айт­ты дейді «Алданба өйтіп, балам. Кәпірдің қулығына құрық бойла­майды. Анау тігулі тұрған үйді көрдің бе, сонда кірген адам жоқ болып кетеді. Сол үйден бері қа­рай шөп саржолақ болып сарғайып келе жатыр. Олар жердің астын қазып келе жатыр. Астана жұр­ты­мызды алады, бәрімізді қырады» деп. Бірақ баласы бұл сөзге құлақ аспайды. Ақырында қабырғаны дәрілеп жарып, орыстың қалың әскері Көктөбеге бұзып кіріпті. Сол ханның анасының айтқаны болыпты. Кейін Есір айтты дейді, жұрт қан кешіп соғысып жатқанда, түрікменнің бір жас жігіті жаны шықпай қиналып жатыр екен. Соның басын сүйеп, иман айтып отырдым. Сонда маған риза болып қалай көз жұмғанын ұмыта алмаймын» деп.
Кейін елге аман-есен оралған­нан кейін Есір осы екі күйді шыға­рыпты. Күйдің жайын сұраған адамдарға, түрікменнің аңдыған-баққаны орыстың әскеріне жол көрсеткен біз болдық. Мергендері талай рет атты. Түнде талай рет шапты. Бірақ орыстар келіскендей, бізді жауға бермеді. Осы тоғыз түйешінің басынан өткен қызықты айтып едім домбырамен. Ал, қылыштары күнге шағылысып, кіл жүйрік ақалтеке мінген жәу­міт­тің әскері ақтарылып шыға келгенде, орыстың тым-тырақай қашқанын талай көрдік. «Ақта­рылма» сол түрікменнің ерлігі туралы күй. Бізбен жау болды демесең, ерлігінде мін жоқ еді түрікменнің депті. Кейіннен бұл күй «Ақтарма» болып, ақырында осы қазіргі «Ақжарма» атын ие­леніпті.
– «Ақтарылма» деген сөз «ша­буыл» дегенді білдіреді ғой сонда? – деді Төлеген аға.
– Иә, – деді Асекең, – Адай­дың ескі сөзінде солай. Бұл әңгі­мені маған Түрікменстаннан осы жаққа көшіп келген бір қария айтып беріп еді. Бірақ ол кісінің шерткен күй нұсқаларында, мына біз тыңдағаннан біраз айырма­шы­лықтар бар еді. Кейіннен ақын Дүйсенбек Қанатбаевтан «Сен сол Тү­рікменстаннан едің ғой, Көк­төбе деген қала бар ма?» деп сұрадым. Дүйсенбек «Иә, бар, Ашхабадтан 60-70 шақырымдай жерде құлаған қабырғалары әлі жатыр, қазір шөп басып кеткен, малдың жайылымы» деді.
Осы кезде, о, керемет, радио­дан «Тоғыз түйеші» мен «Ақжарма» қайыра тартылған. Қараңғы түскен екен. Шам жағуды ұмытып кетіппіз. Бөлме ішінде, баяғы өткен ардагер заманның рухы оянып, еңірескен ерлер тіріліп келгендей, тебіреніске толы үнсіздік орнады… Әрине, бұндай сәт күнде бола бермеуші еді.

(Естеліктен үзінді)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір