Көмей бүлкілдемес еді-ау…
14.12.2018
1726
0

Мағрипа Шөжеғұлқызы,
физика-математика
ғылымдарының кандидаты, доцент

Көз бен құлақ, қол мен аяқ, тіл бесеуі жаралғалы бірлесіп денеге ақ адал қызмет ететін. Көз көр­генін, құлақ естігенін жүйелі жері­не тіл арқылы жөнелтіп отырса, оң қол бергенімен, сол қол алғанын да дәл сол тілге жан жетпестей бөстіретін.
Желдей ескен аяқтар мұрын деген қыраттың ылдиына қоныс тепкен отау ауызға қара табанның арқасында тілді үйіре отырып қай жердің дәмін татырмады дерсің. Қайнамаған қара судан бастап, пісуі қанған бал қымыз бен көк жайлаудағы сары қазыға дейін сол ауызға түсетін…
Балықтың уылдырығын оң қол ауызға уыстап салып, ал сол қол оның майлы бауырын қасықтап жатқанда кекірігі азған ауыздың еріндері шүйіріліп, кері қайқайып еді, тыржиған танаудың түшкіріп жібергені. Терең түкпірде тығы­лып әрең тұрған бір топ сөз сол сәтті пайдаланып ауыздан сусып шығып, сыртқа қарай тұра қашты. Тіс арасына қыстырылып, жол-жөнекей тілді түртіп кетіп, іріткі салған мынадай бір сөйлемдер бар еді арасында:
– Осы басқа бәле түбінде тіл­ден келер. Орынсыз безілдеп жүріп майға бөктіріп, мазамызды кетірді ғой…
Мүше біткен шұлғи қоштап бұл сөзді растағанда, ашуланған тіл:
– Сондағы менің бар кінәм сүйексіз қызылдығым ба? Қай жерге жұмсаса да бұрын жетіп араласатын, пікір айтып таласатын, жөн-жоба, ақыл беріп кеңе­сетін ішіндегі бар елгезегің мен едім. Ал енді менсіз өткен күнде­ріңді көрейін, бәлем! – деп, сере­йіп жатып қалды.
Төмен қарап мөлиіп тұрған қос танау сол кезде:
– Пішту, сенсіз-ақ тындырармыз бар істі. Сонша неге өрге шапшисың, ей?! – деп, ерегіспен қорс еткен.
Сыртқа айналып түрілген ерін­дерін сылп дегізіп сәтінде жинап алған ауыз да жабылып, ызыңсыз тылсым тыныштық орнай қалды. Тілден өзгесі меншікті орындарында тиісті қызметінде-тін. Есті­гендері ішіне сыймай зорланған құ­лақ алдымен сыздап, мазасы кет­ті. Бұған ілесе тілсіз өткен тір­ші­ліктің көңілсіз күйінен көрген­дерін жетер жеріне жеткізе алмай жабырқаған көздер дымданып, кірпіктер дірілдеп, мұңданған мұрын да жиі-жиі жіби берді.
Оң қол бергенімен, сол қол оның қарымын тілсіз қайдан қай­тарсын, кесірі қара табанға түсіп, ол да үнсіз тозды. Жағы семген бастың өкпелеген тілінің көңілін жазып, қозғау салар ие шықпай, дененің күйі кетті. Көріп, біліп, есті­генмен, тілсіз істің мәнсіз еке­нін сенделген аяқтар алдымен сез­­ген. Сыртқа шығар жол таппай, ауызға қамалған сөздерден ой да ауырлайтын кез туды. Тілді сөзге тарту үшін мидың меңзеуімен елшілікке жұмсалған талай мүше беделін өткізбекке белсене кіріссе де танаудан ары аса алмай, ебін тапқан қайсыбірі ең жақын бар­ғанда иектің етегін жағалап қайт­қаны болмаса, тындырған іс шамалы. Тілге етене жақын ерін­нің өзі де үнсіз жыбырлағаннан ас­пай­ды. Күшті деген қол болса, ол да ауызды сыртынан ғана сипаған.
Тілді қозғар күш таппай, тұ­йыққа тірелген дене мұңға батып мүлгіп тұрғанда, ойда жоқ жер­де құлқын мысықаяңмен ке­ліп, ке­ңірдекке ши жүгіртіп бай­қап еді. Ішек-сілесі қатқан көмей бүлкіл­деп ала жөнелді. Қыбыр-жыбыр тілге жеткенде міз бақпай сіресіп тұрған ол лезде иіліп икемге келіп:
– Әкелші бері мұнда! – деп, еріксіз ауызды ашқызды. Тілді сөзге келтірген абыройды көмей алып беделі өсті. Түкпірде жатып көрінбейтін құлқын болмаса, кө­мейдің қозғалмасын өзгелер қай­дан білген. Беделін асыра алмай жолда қалған өзге мүшелер бұл іске аң-таң. Білінбейтін құлқын­ның қылығының әккісі-ай, ә!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір