Сауалнама
14.12.2018
1362
0

Газетіміздің «Жас Тұлпар» қосымшасының бүгінгі санында, ортақ ой тоғыстыру мақсатында, үнемі ізденіс үстінде жүретін бір топ жас қаламгерлерге әдеби сауалнама жіберіп едік. Олардың өз көзқарасы, ізденіс жолындағы түйгендері ретінде сауалнама жауабын сіздерге ұсынып отырмыз.


Не оқып жүрсіз?
Не жазып жүрсіз?
2019 – жастар жылынан не күтесіз?


Алпамыс ФАЙЗОЛЛА:
1.Бірер күн бұрын Жәркен Бөдештің «Жұлдызтас» жыр кітабын оқып бітіріп, қазір Иван Тургеневтің «Әкелер мен балалар» романын түпнұсқа тілінде оқып бастадым. Бұлардың алдында ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Дін істері комитетінің дінтану сараптамасының оң қорытындысы берілген «Жүрек төрінен орын алған теңдессіз тұлға Мұхаммед (с.ғ.с.)» деген үш томдық еңбекті оқыған едім. Түрік авторы Решит Хайламаз жазған кітапты қазақшаға аударған – дінтанушы Ғалымбек Тобашев. Жалпы, соңғы 4-5 айда Ғабит Мүсіреповтің «Кездеспей кеткен бір бейне», Сәкен Жүнісовтің «Жапандағы жалғыз үй», Смағұл Елубайдың «Ақ боз үй», неміс жазушысы Эрих Мария Ремарктың «Жизнь взаймы», орыс қаламгері Иван Буниннің «Темные аллеи» секілді кітаптарын оқыдым. Сондай-ақ, түпнұсқа тілінде күніне бірнеше бет «Құран» оқуды әдетке айналдырғаныма да жарты жылдай уақыт болды. Өйткені, «Құран» – ең ұлы кітап. Тележурналистика саласында жұмыс істейтіндіктен, күндіз ізденуге мүмкіндігім жоқ. Сол себепті, бірер күнде жүздеген бет көлемді әдеби туындыны тауысуға уақытым да, шамам да жетпейді. Кешкісін 20-30 бет қана кітап оқимын. Бірақ күн сайын оқимын. Ізденісті үзбеймін. Әр күні жаңа нәрсе үйреніп отыруымыз керек деп есептеймін. Сонымен қатар, әртүрлі кітаптар оқып, білімімді жан-жақты жетілдіруге көңіл бөлемін. Мысалы, қазір қазақ әдебиетін оқып жүрсем, келесіде орыс жазушысының шығармасын, одан кейін ағылшын қаламгерінің туындысын оқимын.
2. Әдебиетте екі бағытым бар. Әуелгісі – өлең, кейінгісі – тәржімә. Өлең 1-2 айда бір рет айналып соғып тұратын шабыт келгенде жазылады. Ал аударма жасауға шабыт күтудің керегі жоқ қой. Шетелдік қаламгерлерден алған және аударған сұхбаттарымды, көркем аудармаларымды көзіқарақты оқырман қауым оқып жүр деп үміттенемін. Ал қазір ағылшын жазушысы Джон Рескиннің қанатты сөздерін тәржімәлап жатырмын.
3. Бүгінде Астана мен Алматыдағы жастардың да, жас отбасылардың да басты мәселесі – баспана. Баспана алуға жастарға айтарлықтай жеңілдіктер жасалса екен. Не болмаса, жатақханалар берілгені дұрыс. Шығармашылықпен айналысқысы келген жас адамның ойын әлеуметтік мәселелер бөлмеуі керек. Сосын жас ақындардың алғашқы жинақтарын шығару қолға алынды. Бұл іс те алдағы жылы жүзеге асса, нұр үстіне нұр болар еді.


Нұрболат ЖАҢАБЕКҰЛЫ:
1.Қазір бірдеңе оқып жүрмін деп айту қиын. Өйткені, ертелі-кеш жұмыста жүріп бәлендей дүние оқуға мүмкіндік бола бермейді. Тіпті, түнеу күні «Руханият орталығының» басшысынан қояр да қоймай сұрап алып кеткен Есағамның (Е.Раушанов) «Амал деген айыңыз…» жинағын да тауысып болғам жоқ. Оның бір себебі, Несіпбек көкемнің шығарма­лары­ның әсерінен шыға алмай жүргендіктен болар. Өзі сондай бір кітаптар болады ғой. Бір емес, бірнеше қайтара оқитын. Біздің ақсақалдың шығармалары сондай, екі-үш қайыра оқуыңды қажет етеді. Ол, сірә, түсінбе­уің­нен емес. Қайта оқығың келген­діктен. Қатты әсер еткені – «Шалы». Әрине, ол әңгіме қазіргі қазақ қоғамының бейнесі емес болар… Бірақ, жазылуы тиіс-тін. Қазір қанша еркін жазып жүрміз десек те, поэзияда қасиетті һәм қасіретті қаламның табаны тимеген тақырыптар бар. Ал ол жайында жазылған прозалық шығармалардың барлығы қуантады, сөзсіз. Хош. «Шал». «…Әдеттегідей, таң қылаң бере балконында фильтрсіз сигареттің талын ұзақ-ұзақ иіскеп отырып, дүниеге бейжай мағынасыз көз тастаған, Шал. …бет-бетімен безіп бара жатқан жұрт, бет-бетімен безіп келе жататындар да солар. Кім не бітіргелі барады, кім не бітіріп қайтты… оны білісіп, сұрасып жатқан ешкім жоқ».
2. Дәл бүгінгі «өрттей жанған өлеңшіл топтар» көзді арбайды, рас. Бірінің ысқырығы жер жарады. Бірі – оңың не, солың не, «алып ұрам» дейтіндей. Жеті түрлі түстен тұратын мөлдірліктей мына «уақыт» деген алуан түсті ғайыпқа арттық тәпсірін. Өзім, әзірше, адам жанын улаудың тың тәсілдерін үйреніп жүрмін. Негізі, біздің жазып жүргендеріміз бұрын-соңды әдебиетте болмаған десек, өтірік болар. Болған. Бірақ, әркімнің қабылдауы әртүрлі ғой. Мысалы, пұтқа табыну. Бойдағы қанда адамзат жасаған күллі қылмыс пен сатқындық туралы толық ақпар бар. Яғни, алғашқы қоғамда пайда болған ең сұрқия ойлармен оның салдары қазіргі мәдениетті қоғамда да бар деген сөз. Сондықтан, қазіргі жастар поэзиясында алқызыл түстен сұрқай түстер көптеп кездесіп жатыр.


Әділет Шопен:
1. Өзімді оқып жүрмін. Бәлкім, тағы да өзімді. Өзін оқыған адам өзін жазады.
3. Ел таланттыларын топтың басына шығарғанда ғана қарыштап дамиды. Экономиканың өзегі руханиятта, өнерде. Жастарға, оның ішінде өнерлі жастарға көбірек көңіл бөлсе екен.


Нүркен Нұрғазы:

1.Есінен алжасып көрген жазушыларды оқып жүрмін. Өлең жазып жүрмін.
2.Мысалы:
…кездейсоқ оның жүрегінің түкпіріндегі сезім сынығын
тауып алып,
өз жүрек түкпірімдегі сезім
сынығымен жалғасам:
бұлбұлдар қайта əән салар ма еді?
түнегі əәлемнің томсарар
ма еді?
ернеуі кеуіп қалған бокалдар
ерінін тосып қарсы алар
ма еді?
табылар ма еді
жоғалғаным да…
қолаң шашында,
жанарларында
жалғыздығымның
өртеніп бағы,
шаттықтың бағы қол соғар
ма еді,
алғашқы қардай бола
алғанымда…
білмеймін…
білмеймін, көңілі сынған аруға
жынданамын ба,
мұңданамын ба…
жатқан да болар ортақ
жолымыз
уақыттың нәзік
қылқаламында…
сезімсіз мынау ғаріп
қой ғасыр,
түнерем бірақ
жарықты ойласам…
өмірден мынау өтінетінім –
суретті тәңір
салып қоймасын…
3. 2019 жылдан 9102 жағымды жаңалық күтем. Ол жылы рухани дүмпу болады. Уәде берем!


Биболат Сатжанов:
1. Қазір мен ағылшын жазушыларын қайталап оқу үстіндемін. Соның ішінде Черстертон, Уайльд, Шоу деген авторлар. Мұнан бөлек Диккенс бар.
2. Ештеңе жазып жүрген жоқпын десем де болады. Шағын проза, эссе, очерк деген сияқтыларды көбіне газет үшін жазып жүрмін.
3. Жақсы шаралар жүргізілетін болар. Игі істер қолға алынар деп сенемін.


Файзулла Төлтай:
1. Қазір қазақ тілінің фонетикасын оқып жүрмін.
2. Ештеңе жазып жүргенім жоқ.
3. Жастар жылынан ештеңе күтпеймін.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір