Астананы асқақтатқан 20 жыл
12.12.2018
1083
0

Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Қазақстан халқына арнаған жаңа Жолдауында «2018 жыл – елордамыз Астананың 20 жылдығын атап өтетін мерейтойлы жыл. Бас қаламыздың қалыптасуы және Еуразияның маңызды даму орталықтарының қатарына қосылуы – баршамыздың ортақ мақтанышымыз», – деп атап көрсетті. Осыған байланысты, бас қаламыз – Астананың 20 жылдық қалыптасу және қарышты даму кезеңі хақындағы ой-толғанысымызды ортаға салмақпыз.

Иә, қазақ ұлтының ұлы тұ­ғы­ры, Алаш жұртының асқақ айбары – ару Астанаға 20 жыл! Тарих үшін қас-қағым сәт. Бі­рақ, мынау өзгерістер өлшемі көз ілеспес жылдамдықпен жарыс­қан бүгінгі кезең үшін аз уақыт та емес сияқты. Қалай бол­­ғанда да, осы уақыт өлше­мі­нің ішінде Қазақстан халқының ерен еңбе­гінің нәтижесінде әлем­нің атақ­­ты астаналарымен салтанат жарастырып, көркімен де, көле­мімен де бой таластыра алатын қазақ жұртының жас та бас қа­ла­­сы қалыптасты. Осыдан тура 24 жыл бұрын астананы ауыстыру идеясы алғаш жария етіл­ген­де, бұл тым «ұшқары» пікірдің қаптаған қарсыластары түгіл, ат төбеліндей жақтастары да айналасы 20 жылдың ішінде ел кін­дігі – Арқа төсінде осындай заманауи мегаполис бой көте­реді деп ойламаған еді. Бүгінде «Ақмола астана болады» дегенде, жұрттың бәрі бөр­кін аспанға ата қуанып, алып-ұшып, жаппай ат басын Арқаға бұрғандай көрінгенімен, елдің астанасын ауыстыру мәселесі үлкен үгіт-насихат жұмысын жүргізуді қа­­жет етті. Қазір Астана­ның қа­­дірлі ақсақалдары атанып отырған кейбір азаматтар «Ақ­мо­ланың батпағы мен ызың­даған масасын алға тартып», құ­­лаш-құлаш мақала жазып, қар­сылық білдіріп те бақты. Міне, осындай тығырық­ты сәт­терде Елбасы ерен ерік-жігер танытты. Мемлекет басшысы үлкен аудиторияларда, үкі­мет­тік кездесулерде, ақпарат құрал­дарына берген сұхбат­тарын­да астананы көшіру идея­сының стратегиялық, эконо­микалық, жалпыұлттық маңы­зын жан-жақты ашып, ел мүддесі, ұрпақ болашағы үшін бұл бастаманың баламасыз екендігін алға тартты. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­­тың батыл да те­геу­рінді ұсынысымен Қазақстан Республикасының Пар­ламенті 1994 жылы 6 шілде­де ел астанасын Алматыдан Ақмолаға кө­шіру туралы шешім қабылдады. Депутаттар алдында жасаған тарихи баяндамасында Елбасы Ақмола қаласы­ның тәуелсіз мемлекетіміздің астанасы болып таңдалуының 32 негізгі өлшемін көрсетіп берді. Олар: әлеуметтік-эконо­ми­калық, геосаяси, көлік инфра­құрылымы, инженерлік-коммуникация­лық, құрылыс, еңбек ресурстары және басқа да қолайлы мүмкіндіктер еді. Құ­ді­ретті уақыт Мемлекет басшы­сының бастамасымен жүзеге асырыл­ған осы 32 артықшы­лық­тың нақты өмір ақиқаты екендігін дәлелдеді. Ұлы идея ақиқатқа айналды. Көз алдымызда тәуел­сіз Қазақстанның тарихы салтанат құрды. 1997 жылы қара­ша­да еліміздің Мемлекеттік рәміздерін Алматыдан Астанаға әкелу, Президент Әкімшілі­гінің, Парламент­тің, Үкіметтің жаңа астанада жұмысын бастау тарихи рәсім­дері өткізілді. 8 қарашада Ақ­мола­ның орталық алаңында Президенттік гвардия жауын­герлерінің салтанатты саппен Мемлекеттік рәміздерді алып жүру шеруімен елорда шежіресі басталды. Әнұран ас­қақтап, Арқа төсіндегі Президент Әкім­шілігінің жаңа ғи­мара­тының төбесіне (қазіргі қалалық әкім­дік жанындағы Тұңғыш Президент мұражайы) егемен елдің Көк байрағы көтерілді. Сол кү­ні аяқастынан Арқаның ақыр­ған аязы күшіне мініп, ауа температурасы 40 градусқа жетті. Ауа райының осы қатал сынына қарамастан, елорда ертеңіне сенім артқан тілеулес жұрт алаңға лық толып, салтанатты шеру аяқталғанша тар­қамады. Шеруді Ұлы дала­ның астаналары: Сығанақ, Сауран, Сарайшық, Отырар, Түр­кістан, Тараз, Орынбор, Ақ­ме­шіт, Алматы жалғастырды. Елорда – Астананың шеруін ақбоз аттың үстінде аппақ киім киген жас бала бастады. Енді бір сәтте алаң толы жұрттың ортасы қақ айрылып, ортаға оюлы шапан, оқалы бөрік киген ақмо­ла­лық ақсақалдар шықты. Ақ­са­қалдар тобын жасы тоқсаннан асқан Арқаның абызы Мұқат Мейір­манов бастады. Топ ортасында ел ағалары Әділхан Шаба­тов, белгілі ақын Нұрғожа Оразовтар бар еді. Мұқат ақса­қал Мемлекет басшысына қы­зыл ағаш­тан асыл тастармен өрнектеліп жасалған Ақмола­ның символ­дық кілтін тапсырып, ақ батасын берді. Дәл осы сағаттан бастап Астананың жұлдызды сәті бастау алды. Содан бергі өткен 20 жыл ішінде еліміздің бас қаласы – Астана төрткүл дү­ниені түгел тамсан­дырған тарихи құбылысқа ай­нал­ғаны ақи­қат. Арқа төсіндегі сәні мен салтанаты жарасқан елорда бүгінде озық идеяларды, жаңа ғылыми шешімдер мен сәулет өнерінің озық үлгілерін өмірге әкелетін жерұйық іспет­тес. Дәл қазір Астанада заманауи құры­лыс саласының барлық құры­лымын қамтитын еліміз­дің жаңа құрылыс кластері қалып­тасты. Бас қаламыздың көр­кін арттырған сәулет өнерінің озық үлгілері салтанат құрды. «Ақ­орда», «Астана триумфы», «Пирамида», «Бәйте­рек», «Хан Шатыр» – XXI ғасыр­дағы сәулет өне­рінің озық үлгі­лері болып та­былады. Бұл ахитектуралық ансамбльдерге «Қазақ елі» мо­нументі, «Мәңгі­лік ел» аркасы қосылды. 91 метрлік зәулім тұ­ғырдың ұшар басынан заңғар аспанға ұмтыл­ған самұрық құс азаттық аңса­ған әрбір қазақ баласының жү­регіне мақтаныш сезімін ұялат­ты. Батыс пен Шы­ғыс өр­кениетін жалғас­ты­ратын алтын көпір атанған ару Астананың бүгінде төрткүл дү­н­ие­нің толғақты түйіндерін тал­­қылайтын жаһандық орта­лық­қа айналғаны да ақиқат. Оғ­ан елордамызда ЕҚЫҰ сам­миті, VII Қысқы Азия ойындары, ИКҰ форумы, Астана эко­но­ми­калық форумы, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидер­ле­рі­нің съездері өткізілетіндігі то­лық дәлел бола алады. Ха­лы­қ­аралық айтулы оқиға­лар­дың дүбірлі ордасына айналған ел­ор­даның бұл дәстүрлі эстафетасын өткен жылы «Астана ЭКСПО-2017» халықаралық ма­ман­дандырылған көрмесі жал­ғастырды. Тарих қойнауына кірген Тауық жылы тәуелсіз Қа­зақс­танның биік беделін төрт­күл дүниеге тағы да паш еткен айтулы оқиға – ЭКСПО-2017 көрмесі болғанын әлем мойындады. Адамзат ақыл-ойының тамаша табыстарының бірінен саналатын Бүкіләлемдік жетіс­тік көрмесінің қос ғасыр­лық тарихында Орталық Азияда, тіпті ТМД елдерінің ешқай­сы­сында да мұндай халы­қа­ралық көрме жалауы желбіреп көр­ме­ген еді. Барыс бейнелі болаша­ғына батыл қадам басқан тәуел­сіз Қазақстан төрт құбыласы тү­гел дамыған елдердің де қо­лынан келе бермейтін жаһандық шараны зор табыспен, Халы­қаралық көрмелер бюросы Бас хатшысының берген бағасы бойынша «соңғы 25 жыл ішін­дегі ең тамаша көрме» ретінде асқан ұйымшылдықпен өткізуі елордамыз – Астананың әлем­дік аренадағы абыройын одан әрі асқақтата түсті. Міне, осындай тамаша жетістіктер мен жеңіс­терге толы 20 жыл ішінде Ұлы даланың қақ кіндігі – Сарыарқа төсінде XXI ғасыр ға­жайыбы, әлемдік мегаполис, арман қала бой көтерді. Осы жыл­дар ішінде қала халқының саны үш есе артып, 298 мың адам­нан 1 миллион адамға жет­ті. Қала халқының табиғи өсімі 5,5 есе артып, әрбір мың адамға шаққанда 4,8-ден 26,4-ке дейін өсті. Астаналықтардың өмір сүру ұзақтығы осы жиырма жыл ішінде алты жасқа өсіп, 69 жас­тан 75 жасқа жетті. Елордадағы жоғары оқу орындарының саны үш есе көбейді. Жыл сайын жас отау, жаңадан шаңырақ құратын жастар саны 3 мыңнан 11 мыңға дейін көбейіп, төрт есе артты. Жа­ңа жұмыс орындарымен қам­тылған астаналықтар саны 136 мыңнан 466 мыңға дейін өсіп, 3,5 есе артты. Қала аумағы 258 шаршы шақырымнан 800 шаршы шақырымға дейін өсті. Астана – Қазақстан тәуел­сіз­дігінің тұғыры. Бұл жылдар мемлекетіміздің қауіпсіздігін, геосаяси еркіндігін, терри­то­риясының мызғымастай берік­ті­гін, ел экономикасының қар­қынды даму стратегиясын қам­­тамасыз еткен тәуелсіз Қа­зақс­тан тарихындағы бетбұрыс кезең болып табылады. Бола­шақта да елдіктің ерен елордасы – Астанада ғасырлар бойы Қазақстан халқының азат ойы мен мүдделері, асқақ арманы мен мақсаттары іс жүзіне асырыла беретін болады.

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован.

Пікір