…ҰЛТЫМ, СЕН ТЫҢДА
Бақыт БЕДЕЛХАН,
ақын, драматург:
– «Ұлым, саған айтам…» интеллектуалды драмасы бастала сала «Бас орнына күн көтерген бір адам, өз елінен таба алмай жүр қазағын» деп сөзбен қамшылайды. Осы драма арқылы не айтпақшы болдыңыз?
– Түрмесіз далада қорасыз қой бағып, мылтықсыз аң аулап, есігіне ала жіп байлап, алты айшылық жолға алаңсыз шығып жүре беретін аңқылдаған Алаш жұрты секілді түрмесіз қоғам құру, түрмесіз өмір кешу, мемлекет жасау деген ешкімнің миына кірмеген. Ал, кезінде қазақ даласында сол болды. Ол шақты «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заман» деп атадық. Соның бәрі сөз құдіретінің арқасында іске асты. Орысқа үш ғасырдай бодан болып, ағына да, қызылына да құл болдық, бұл рас, бұл тарих. Одан уақыттың алдында да, тарихтың алдында да бас тарта алмаймыз. Тәуелсіздіктен кейін біздің қоғамға серпіліс жасау керек болды, бірақ, үш жүз жылдық қиын кезеңнің дертін үш күнде, тіпті, үш жылда, отыз жылда да қайтара алмаймыз. Бұны қазақ батпандап кіріп, мысқылдап шығады деп айтқан. Ал, қазақ іздеу дегенге келсек, батыс философы Диоген тапа-тал түсте қолына от жағып, адамдардың ортасында жүргенде біреулер «Мұның не?» деп сұрапты. Сонда ол: «Адам іздеп жүрмін», – дейді екен. Бұның астарынан үлкен философиялық ой көруге болады. Сол секілді қазіргі қазақтың ішінен салт-дәстүрге санасы берік, өткен мен кеткенді толық білетін, қазақылығын жоймаған адам табу қиын. Себебі, үш жүз жылдай топалаңның ортасында болған, тобырға айналған сана үлкен күйзелістерде, тарихи қайшылықтарда жоғалды. Ал, соны қалыптастыру, соған үн тастау, үн қосу бәріміздің парызымыз, міндетіміз. Елбасымыздың өткен жылғы жариялаған «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» атты мақаласы мен жақында жариялаған «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы – тарихи сана мен ұлттық сананы қалыптастыру жолындағы үлкен қағидаттар. Соған қызмет істеудің төте жолы – дәл осындай интеллектуалды драма жазу. Әйтпесе, отбасылық, тұрмыстық секілді драмалар бар, қазіргі таңда әлеуметтік желілер жетім өкпесі желпілдеп сол мазмұндағылардың жырын жырлап жатыр. Ал, соны көшіріп, сахналасаң халық қабылдамайды. Сол үшін осындай интеллектуалды драма жазуға қолына қалам ұстағандар міндетті. Аз уақыт болсын, ұлттық сананы ояту, тарихи сананы сәл де болса қалыптастырып, соған ықпал ету жолымен жүру керек деп шештім. Оның үстіне, «Ұлым, саған айтам…» – «ұлтым, сен тыңда» деген үлкен ойдың жемісі. Біз қазір ата-әке-бала секілді үш буын бір-бірін түсінбейтін заманға тап болдық. Атасы социализмнің адамы, әкесі – капитализмнің адамы, баласы – компьютердің адамы, осы үшеуі бір үйде тұрғанымен, бір-бірімен түсінісе алмайды. Ал, ежелгі қазақ қоғамында ошақтың үш бұтындай болған бір отбасының үш толқынының орны бөлек еді. Тәуелсіздік алған жылдары қоғамның, заманның ағымына ілесу керек болғандығы себепті осы үштік үш бөлекке кетті. Атаның сөзі заң, әкенің сөзі пәрменді болатын. Қазір екеуінікі де далада қалды. Қазір баланың сөзі – заң, соныкі өтімді. Себебі, ол қазіргідей компьютер заманының өкілі. Қазіргі жастар ештеңені басынан өткермей, әлеуметтік желі арқылы бәрін ұғынып, сезініп алады. «Ұлым, саған айтам» драмасында осы үш тұлғаның орны мен сондағы мәселелер көтерілген. Шығарманы жазуға 9 ай уақыт кетті. Бұл туынды бір жағынан біздің мықты актеріміз Бекжан Тұрыстың 50 жылдығына арнайы жазылды, тағы бір жағынан қазіргі біздің қоғамда осындай рухани серпіліске толы интеллектуалды драманың жоқтығы себепті қажетсінуден туындады. Кезінде Маяковскийлер революциядан кейін орыс халқының рухын көтеру үшін, ұлтты біріктіру үшін «Ұлы Россия», «Ұлы орыс» деген ұрандар мен идеяларды асқақтату үшін интеллектуалды драмаға саналы түрде жүгінген. Ал, біз Тәуелсіздік алғаннан кейін неге осындай қадамға бармасқа? 1926 жылы Мағжан Жұмабаев «Табалдырық» монифесін жазғанда, Алаш Орданың туы жығылды, елдің рухы сөнді, енді соны көтеруіміз керек деп, саналы түрде, арнайы тапсырмамен шығармалар жазған. Әрине, мұндағы мақсат – елдің рухын ояту еді. Мағжанның тапсырмасымен «Хан Кене», «Құлагер», «Күйші» поэмалары жазылды. Өзі «Батыр Баянды» жазды. Сол үшін қазір осындай дүниелерді айғай-аттанмен емес, қарапайым қағидамен-ақ жеткізуге тура келеді. Ол үшін интеллектуалды драма жазу керек. Осы арқылы жоғымызды жоқтап, кұндылықтарымызды түгендеуге болады. Осы арқылы халықты қайтадан қазығына апару керек, босап кеткен қазығын нықтау үшін рухани күш беретін сахналық туындылар керек.
– Қойылымда Мағжанның әкесіне: Кім ол – Махамбет? деп тосын сұрақ қоюы, жастардың көкбөрінің ұлыған дауысын естігендегі үрейі… шынымен бүгінгі қоғамдағы кей жастарымыздың сиқын сипаттап тұрғандай…
– Бұл саналы түрде қосылған картина. Кешегі әл-Фараби, Махамбет, Абай, Жамбыл, Мұқағали секілді тұлғаларымызға қатысты ештеңені білмейтін, тіпті, сол ештеңені білмегенінен арланбайтын ұрпақ өсіп келеді. Олар үшін керегі өз заманының көшіне ілесіп, эмоциямен өмір сүру. Жан азығының не екенін сезінбеу – бұл шынайы көрініс. Жастардың көбі кешегі ұлыларымыздың мұраты, арманы, тілегі, жүрегі қандай болды, оған мүлде қызықпайды. Аты-жөнін біледі, егер білсе, ал қалғаны қызық емес. Олардың ұлт үшін, елі мен жері үшін өмірін бергені туралы білгісі келмейді. Махамбет – рух еді, Абай – ақыл-парасаттың, ойдың шыңы болды. Мұқағалилар – адалдықтың символы бола білді. Осы тұлғалардың біздің ұлтымыздың бақытына жаралғанын, соншама қасіретті бастан өткерсе де, соншама құндылықтарды өз жадында сақтап қалған халықтың – ең ұлы халық екенін, сол ұлы халықтың баласы біз екенімізді жас ұрпаққа айтқым келді.
– Жастарды ұлттық құндылықтарды қастерлеуге, былайша айтқанда, шынайы қазақ болып өмір сүруге бағыттау үшін не істеуіміз керек?
– Ұлы Абай «Сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел» деп бастады, сосын Мұхтар Әуезов «Ел болам десең бесігіңді түзе» деді. Одан кейін Тәуелсіздік кезінде Елбасымыздың негізгі мақсаты – ынтымақ, бірлік, бейбіт заман орнату болды. Осы үш қағидаға назар салсаңыз, қазақтың тарихындағы үш кезең көрініп тұрады. Әрине, тәрбие жақсы болу керек, одан кейін сен қазақ болып туғаныңа бақыттысың деген ұғымды әр қазақтың жүрегіне, санасына сіңіру керек. Мағжан сенген жастарға біз де сенеміз. Қазіргі жастардың санасында біліммен биікке, билікке жетуге, байлыққа жетуге болады деген тамаша түсінік бар. Бұл да жастарымыздың еркін өмірде, бейбіт заманда ержетіп, еркін ойлай алғанының нәтижесі.
Асхат Маемиров,
Т.Жүргенов атындағы
Қазақ Ұлттық
Өнер академиясының
ректоры, PhD докторы:
– «Ұлым, саған айтам…» атты қойылым әке мен баланың, кешегі мен бүгінгінің, құндылық пен құнсыздықтың өзара тайталасы секілді. Қазіргі қоғамның күлтелі мәселелерін тілге тиек етіп, бір шығарманың бойына сыйғызу оңай емес. Бұл үшін режиссерлік қуат керек, осы қойылымның режиссері ретінде қойылымды сахналаудың қызығы мен қиындығын айтыңызшы.
– Бұл қойылым сахналанудан бұрын драматург, режиссер, актер секілді үш таған бір-бірімізді жақсы түсіндік, жақсы сәйкесе алдық. Әрі бұл шығарма Бекжан Тұрыстың өзіне керемет үйлесетін, оң жамбасына келетін дүние болды, себебі, ол жылдар бойы жинаған, көкейінде жүрген елдің мұңымен ортақ мәселелерді жиып-теріп драматургке айтты. Бақыт Беделхан ойға ой қосып, мен режиссер ретінде формасын түсіндіріп отырдым. Шығарма адамның сезімінен гөрі санасына әсер етеді. Себебі, шартты театр деген ұғым бар, сол ұғымның элементтері бұл шығармада көбірек көрініс табады. Яғни, көрерменмен тікелей байланысқа түседі де, екі ортада диалог өрбиді. Бекжан қамшы салдырмайтын белгілі актер, сол үшін өзінің азаматтық ұстанымымен елдің алдына шығуы тиіс болды. Неміс театр реформаторы Бартолдь Брех ұсынған әдістемесінде «Азаматтық позиция» деген ұстаным бар, бұл шығарманың стилі де сол Брехтің стиліне келіңкірейді. Былайша айтқанда, актер рөлді ойнап жүріп, бір сәт образдан шығып кетеді де, керісінше басқа кейіпкер болып, болып жатқан құбылысқа оқшауланып баға береді. Әрине, бұл қойылымда әлгінде өзің айтып отырғандай әке мен баланың ортасындағы қақтығыс бар, бұл сонау орыс театршылары Некрасов, Астровскийлардан келе жатқан дүние. Біз осы қойылымның тамыры тереңде жатқан руханиятымыздың өзекті мәселелерін айтуымен құнды екенін түсіндік. «Ұлым, саған айтам» драмасындағы әкелі-балалы актерлер қазіргі қоғамдағы мәселелерді, әкенің баладан не күтетіні, жастардың нені білгісі келетіні жөнінде, жас буын өкілі өзінің нені армандайтыны туралы көрерменге жасырып-жаппай бәрін ашық айтады. Осылардың бәрі жиыла келе, сахнада актерлік ансамбльдің құрылуына жеткізді. Онсыз болмайды. Сол үшін бұл арада Мағжанның да еңбегін айта кеткім келеді. Себебі, әкесіне сахнада тең әріптес бола білді.
– Бұл шығарманы жұртшылық қалай қабылдады?
– Бұл шығарма бұған дейін, осыдан үш жыл бұрын Алматыда екі рет сахналанды. Ол кезде де билет таусылып қалған, осы жолы да солай. Себебі, көрермен театрға келгенде айнадан өзінің бейнесін, кейіп-кеспірін көргісі келеді. Өзінің ішкі ойымен, үмітімен үндесетін дүниелерді іздеп, соны көргісі келеді. Өмірдегі кез келген адам өзіне бақылау жасай алмайды, сол үшін олар театрдан өз бейнелерін көргісі келеді. Сондықтан, көрерменнің көкейінде жүрген сауалдарға жауап таба алғандығымыздан, олар іздеген дүниелер осы қойылымда бар болғандықтан келгісі келетін болуы керек. Көрермен өздерінің санасына, жүрегіне әсер ететін, пайда келтіретін нәрселерді алады. Ал, кейде театр әлеуметтік институттың жүгін арқалауы тиіс, біз сөз етіп отырған спектакльде сол дүниелер бар. Яғни, әлеуметтің ішкі ойын жеткізумен қатар, екеуі өзара ой бөліседі, көрерменмен тең дәрежеде тұрып, сахнадан ой айтады, пікір бөліседі. Алматыдан сырт, бұл қойылым Ақтауда екі рет қойылды. Жұртшылық өте жақсы қабылдады. Қойылым барысында ұлтымыздың тұлғаларын, атап айтқанда, Махамбет, Абай, Мұқағали, театр серкелері, Есенқұл Жақыпбеков секілді ұлы тұлғалардың өлеңдерінен, нақыл сөздерінен үзінді беріп, көрерменді сілкіндіріп отыратын тұстары бар. Қойылым ер-тұрманның жоғалуымен басталады. Шиеленістің бәрі содан болады. Бірақ, әкесінің ішкі қыжылын, ойын білу үшін ұлы Мағжанның әдейі істегені белгілі болады. Қойылымның аяқталуы да өте әсерлі. Мағжан: «Әке, ештеңеден қысылма, сенің ондай жетесіз ұлың мен емес, мен керісінше, сіз ердің жасына келгенде ел алдына шығып, айтатын ойыңды жеткізу үшін бәрін әдейі істедім», – дейді, әкесі емірене баласын құшақтап, батасын береді. Ұрпақтар жалғастығы, ұрпақтар сабақтастығы біздің бабаларымыздан келе жатқан өмір сүрудің құндылықтарының бірі екенін көрсететін, дәлелдейтін спектакль.
– Тұрмыстық әңгімелерді өзек еткен сахналық қойылымдар мен нителлектуалды сахналық шығармалардың айырмашылығы айтарлықтай. Қазіргі қоғамға нителлектуалды сахналық шығармалар қаншалықты керек?
– Ауадай қажет. Бірақ, әсте көрермендердің деңгейіне түсіп кетпеуіміз керек. Көрермендерге рухани күш беріп, таным қалыптастыру үшін осындай қойылымдар өте қажет. Мен Еуропаның театр кеңістігін көріп келген адам ретінде айтарым, бір кісілік театр элементтерін бойына жинақтаған актер елдің алдына осылай шығу керек. Интеллектуалды драма көрермендерге ой, сана-сезімдеріне әсер ететін рухани әсер сыйлайды. Сол үшін біздің театр әлемімізде интеллектуалды драмалар көп болу керек.
– Осы қойылымда «Туған жер, туған ел, туған дала» секілді қасиетті үштік ұғымдар кеңінен көрініс табады. Жастарға осы қасиеттерді ұғындыру үшін не істеуіміз керек?
– Барлық өнер саласында ата-әке-бала секілді үш таған үзіліп қалатын болса, онда ұрпақтар сабақтастығы дейтін ұғымға сызат түседі. Сан ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан отбасылық механизм жан-жаққа шашырап кетеді. Қашан болсын, өзінің дәстүрінен жерінгендердің түбі жақсылыққа апармайды. Жас қауымның алдымен рухани ағзасын реттеп отыруымыз керек, ол кино, театр, мультфильмдер, музыка, әдебиет, бейнелеу өнері арқылы көрініс табуы керек.
Бекжан Тұрыс,
актер:
– Әкелі-балалы екеуіңіз осы қойылымда екі дәуірдің өкілі ретінде рөл алып, көпшілікке ой тастадыңыздар. Жалпы, бұл шығарма несімен құнды?
– Бұл қойылымда актер болып ойнаудан сырт, осы идеяны берген менмін. Бір жағынан бұл тек менің ғана емес, бүгінгі қоғамда өмір сүріп жатқан саналы қазақтың, ойлы қазақтың ішінде жүрген мұңы, ал, мен соны айтуға, жеткізуге тырыстым. Бұдан бұрын 40 жасқа толғанда, есеп беру мақсатында осындай қойылым жасағанмын. Ол кезде мемлекеттік тіліміз қыл ұшында тұрған шақ еді, соны маңызды тақырып етіп, сахналық қойылымға айналдырып, жұртқа ұсындық. Ал, мына қойылым ердің жасы деп атайтын 50 жылдықта қойылды. Көтерген тақырыбы да өзімнің азаматтық позицияма сай, бүгінгі қоғамның мұң-зары мен толғағы болды. Өнер ордасында жүрген соң, осы елдің бір азаматы болған соң, елдің мұңын айта алмасақ, қоғамдағы кейбір мәселелерді қойылым ретінде ұсына алмасақ, онда біздің азаматтығымыздың кімге қажеті бар деген жігер, ой бізді қайрады, шабыттандырды, жетеледі. Ойымызда жүрген, елден естіген, Әбіш Кекілбаев, Акселеу Сейдімбек ағаларымыздан естіген дүниелерді, ақындарымыздың рухты жырларын осы шығармаға қосып, Бақыт Беделханға табыстадық. Ол өзі де толғанып, тоғыз ай ішінде жазып шықты. Бір қуанарымыз – бұл қойылым жұртқа жақын болды. Шығармашылық жаңалықтың толғағы ащы болады, ащы айтқан жерлеріміз бар, ол, әрине, бүгінгі қоғамның дерті. «Өнер – ұлтқа қызмет ету керек» дейтін өз ұстанымым бар. Елу жылдығымда қойылғаннан кейін бұл қойылым арада үш жыл өтсе де жұртшылыққа қайталай көрсетілмей қалды. Кейін Асхат Маемиров М.Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік драма театрына директор болып келген соң, бұл қойылымды қайта сахнаға шығарып, көрермендерге көрсеттік. Себебі, бізге телефон соғып, осы қойылымды қайта көрсек, балаларымызды апарсақ деген өтініштер көп болды. Онымен қоса, әр облыстар біз жаққа да қойсаңыздар деген шақырулар жіберіп жатыр. Жол түссе барып, әр облыста қою ниетіміз бар, бұл қойылымды бар қазақ көруі керек деп ойлаймын.
– Интеллектуалды драма жастарға тәлім-тәрбие береді деп айтып жатамыз, ендеше, осы қойылымдағы Мағжанның замандастары бұл шығарманы қалай қабылдады?
– Әрине, жақсы қабылдады. Жастардың бәрінен түңілуге болмайды. Біздің өнерді тұтынушылардың дені жастар. Бірақ, олар біздің ұлттық таным мен көзқарастан, салт-дәстүрден көз жазып қалды. Біз олардың сұранысына қарай өнер тудырмауымыз керек, керісінше, біз оларды тәрбиелейтін өнер тудыруымыз керек. Қазіргі біздегі жаһандық жасанды мәдениет ессіз күйде ентелеп тұрған кезде, біздің жас буын батыстық жолға түсіп алып, кетіп барады. Әрбір өнер атаулының мақсаты – жастарға өз ұлтының өзіндік ұстанымын, тәлім-тәрбиесін үйрету болмақ. Сол үшін, ендігі жас буынды ұлтқа қызмет ететін, елдің болашағын ойлайтындай етіп тәрбиелеу үшін өнер саласында ұлттық рух асқақ болу керек.
– Шетелдік жазушылардың, драматургтердің шығармалары бойынша сахналанған қойылымдар бізге не бере алады?
– Айтарлықтай ештеңе бере алмайды. Кейде біз ұлтымыздың тарихында жоқ, жасанды дүниелерге көңіл аударып жатамыз, бұл өнерді өсірмейді, өшіреді. Жастарды тәрбиелемейді, адастырады. Біз өз құндылықтарымыздың ішінен өзімізге керегін тауып шығуымыз керек. Әрине, ондай құндылықтар табылады. Батыстың, өзгелердің дүниелері біздің ұлтқа, ұрпаққа ештеңе бере алмайды. Олардың шығармаларын осыған дейін қойдық, көрдік, уландық. Ендігі жаңа дәуірде, өз құндылықтарымызға ден қойып, соны жас ұрпаққа жеткізуіміз керек. Елбасымыздың бұдан бұрынғы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы мен жақында жариялаған «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласын негізге ала отырып, керемет дүниелер, қойылымдар жасауымызға болады. Өзіміздің белгілі қаламгерлеріміздің шығармалары бізге кереметтей сахналық шығармалар жасауға алтын қор бола алады. Біз осындай мүмкіндіктерді пайдаланып, ұлттың жанына, болмысына сай келетін дүниелерді ұсынуымыз керек. Ұлт үшін, ұрпақ үшін істелмеген әрқандай іс ғұмырлы болмайды. Біз жалған ғұмыр кешуге, адам секілді өмір сүрудің орнына, адамның рөлінде жүрген «құбыжықтар» секілдіміз. Елдің тағдырын, ұлттың құндылығын саудаға салған, ел ішіндегі шектен шыққан парақорлық, әділетсіздік пен мансап, тақ үшін мақтанға салынып, басының бағы үшін ар-ұятын саудаға салып, жағымпаздықтың жарапазанын айтып жүргендерді көргенде: «Апыр-ай, жұмыр жер неге жыртылып кетпей шыдап тұр» деген ойға қаласың. Керекке жарамайтындарды керемет көріп, көмейі бүлкілдегендердің бәрін шешен, көптің үстінен зіркілдегендердің бәрін көсем ету – біздің ұлттың тағдырына, ұрпақтың болашағына қызмет көрсете алмайды. Біз бақуатты, қуатты, намысы құламайтын ел боламыз десек, бүгінгі ұрпақтың тәрбиесіне, жүріс-тұрысына көңіл бөлуіміз керек. Қазір рухты, жігерлі жас буын өсіп келеді. Солар кейін бізге салмақты сұрақ тастағанда, шынайы жауап бере алатын ұлттық құндылық жасауымыз қажет.
Сұхбаттасқан
Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН
