Неше түрлі ойлар қаумалап, маза бермеген бойы күндегісінен ерте оянып кетті…
«Апырай, жалғыздық тауқыметін тарту жасы келген адамға бұ жаһанда ауыр болатынын бұрын қалай пайымдамаған?! Басқа түспегесін мән бермейді екенбіз-ау… «Жалғыздық құдайға ғана жарасады» дегенді жай айтыла салған сөз ретінде қабылдап келгені бекер екен… Рас дүние екен бәрі… Иә, рас екен…».
Әйелі кеткелі әңгімелесетін адам да қалмады… Орысшалау тәрбиеде өскендіктен қазақы әңгімеге шорқақ болса да, епке сеп екен… Епке себің не, заты төмен етек демесең көп нәрсені алыстан бағамдайтын… Әкесі банк саласында, туған ағасы министрлікте ұзақ жыл идеология саласында жұмыс істеген, үлкен жақпен араласқан бедел қарымы мол ортада өскен соң ба, жоғары жақтағы кадрлық ауыс-түйіс кезіндегі болжамдары шахмат тақтасындағы фигураларды ойнатқандай еді. Тұспалдары да көбіне-көп дөп түсіп жататын. Рас, мойындауы керек, министрліктің орынтағы болмаса да бөлім бастығына дейінгі баспалдақтың әр сатысында қайынағасы мен әйелінің көріпкелдігі мен сызбасы жатқаны басқаға болмаса да өзіне аян. Жұмыс, карьера деп жүріп жалғыз ұл мен жалғыз қызға да жөндем тәрбие бере алмады… Қазақы салт-дәстүр мен мұсылмандық әдеп-ибадан жырақ, орысшалау өскен әйел тәрбиесінен алған тәлімнен, балаға әкенің қаталдығы мен қаһарлы көзқарасы әлдеқайда қажет екенін мансап деген атың өшкір көкбақай кезінде ойлатпады… Енді ұққандай болған бұл пәлсапаға кеш еді. Қыз болса анау, Мәскеуде оқып жүріп тапқан еуропалықпен шетел асып тынды… Бала болса мынау, бір жұмыстың басын игере алмай жүргені… Бір емес, үш үністөтті тәмамдаса да, тұрақтап бір жерде істей алмай, бүгінде сандалып бос жүр… Осы баланы түсінбей-ақ қойды… Қолы жүріп тұрғанда банкке де жұмысқа қойды, игере алмады; әкімшілікке де бас маман етіп жайғастырды, «қағаз кемірген іс екен» деп басын ала қашты… 1990 жылдардың басында екінші түскен қаржы үністөтін бітірер-бітірместе үйленіп тынды. Интерсемьяның төрге шығып, ешкім сөкет көрмейтін нағыз бел алған кезі-тін…
– Папа, бұлардың арғы тегі кержақтар екен. Ал кержақтардың түбі бізге де алыс емес екен, – деп қоймағасын анау айтқандай сөлекет көре қоймаған. Оның үстіне құдасы да сауда саласында істейтін іскер адам екен. Тойы өте салысымен үйлерін мүлік жиһазбен толтырып тастады. Міне, бесінші жылға аяқ басып барады, келіні әлі көтерген жоқ. Қызық думаннан босамай, кейін де үлгереміз деп жүргенде кеш қалмаса етті? Немере сүйем деген әйелі ойда жоқта, өтіне жасалған сәтсіз отаның құрбаны боп кете барды. Бақ та әйелімен бірге кетті ме, шаңырағы шайқалмаса да, кетеуі кеткен тірліктің әл-әзір оңғарылар түрі жоқ. Ол аз болғандай, көп ұзамай зейнет жасындағыларға қысқарту келіп, қырық мың зейнетақыны місе тұтып үйде отырғанына екінші жыл. Өткен күндер бейне ертегі сықылды. Абырой, атақ, даңқ бәрі шетінен келіп жатқан күндердің шынымен келмеске кеткені ме? Бейне экономика ғылымдарының докторы, пәлен үністөттің құрметті профессоры, Алматы қалалық мәслихатының экс депутаты, туған ауданының Құрметті азаматы, Қазақстан экономикасы туралы бірнеше том кітаптың авторларының бірі, тағысын тағы толып жатқан атақ-дәрежеге ие адам бұл күнде өмірде болмағандай…
«Апырай, тірі жүріп жалғыз қалған машақат екен-ғой… Өліп кетіп артыңнан жақсы лепес айтылып жатса мақұл, ал тірі адамды да осылай әп-сәтте ұмыта салуға бола ма?..»
Қоңырау соғылды. Баласы екен келген.
– Привет пап…
– Ә, Арман, сен бе?
– Да!.. Ну как вы?..
– Как выйың не?.. Қайда жүрсіңдер екі күннен бері? Не телефон шалмайсыңдар, не хабар бермейсіңдер… Келін қайда?.. Продуктінің таусылғаны қашан… Ана Соня да кетіп тынды…
Шыдам шегі ширатылғаны соншалық, бәрін лақ еткізіп төге салды.
– Да-а-а?..
– Енді қайтсін, өткен айынан да құтылған жоқпыз…
Баласы кеткен үй қызметкеріне емес, басқа нәрсеге алаңдаған кейіпте ас үйге озды.
– Пап, я мигом за продуктами…
Көп ұзамай әкелі-балалы екеуі шайға отырды. Әкесінің көзіне тіке қарамаған күйі шайын ішіп отырған Арман орысша журналды парақтауда.
«Мынаның кешіккені тегін емес… Бірнәрсені бүлдіріп келмесе жарады…»
Көзі ойнақшып, тіке қарамай қипақтаған баласына көзінің астымен секем ала қарады.
– Тыныштық па өзі?
– Да, да… Тыныш қой, папа…
Ойы бір жерде болмаса да, өзі де бағана таңертең келген почтаны ақтара бастады.
«Өзімізде оңып тұрғандай Грециядағы босқындардың бейшара халіне көлдей бетті арнаған орталық басылымды асығыс парақтап, журналдарға көз жүгіртті, одан соң оппозициялық газеттерді аударыстырды да: «Осылар-ақ өмірдің кілең қара жағын көргіш», – деп ысыра салды. Кенет «Вокруг светаны» қарап отырған Арман:
– Ого!.. Вот это да… Вот это дыра… И нам пришло конец… – деп дауыстап жіберді.
– Дырасы несі?..
– Черная дыра… Жерден он есе, даже жүз есе үлкен планетаны жұтып қоятын дыра… Вот интересно да…
– Оның несі интересно? Қашаннан айтылып келе жатқан нәрсе ғой…
– Рас па?… Я первый раз слышу…
– Иіріміне душар келсе кез келген планетаны тозаң құрлы көрмей жұтып қоятын алпауыт құрдым…
– Құрдым?.. Қазақша странно естіледі екен…
– Иә, толығымен оны «қара құрдым» дейді…
Шай ішіліп болды. Газеттерді парақтаған кейіпте екеуі де өз ойларымен үнсіз қалған.
«Осы баланың отырысы мен сөйлеу мәнері, қолын алдына сыйдыра алмай тынымсыз қозғағаны, ойнақшып тұратын қысықтау көзі есіне әлде біреуді сала ма, жоқ әлде ескі бір елесті есіне түсіргендей бола ма…»
– Па-а-ап…
«Не де болса айтатын болды».
– Иә, айта бер…
– Айтсам… Біз Наташа екеуміз «Таугүл» жақтан квартира алдық… Вернее сонда тұратын болдық…
«Бәсе, келгеннен сипалаң қаққаның бекер емес демедім бе?»
– Немене, мына даңғарадай үй тарлық етті ме?
Көнбейтінін, бұл мәселе келін екеуі арасында әлдеқашан шешіліп қойғанын сезе тұра айтты.
– Жо-о-о… Мәселе тар, кеңде емес… Ана микрорайонның ауасы таза, тихо, пробки нет… и ещё Натаха хочеть ребенка…
– Ертерек ойлау керек еді…
Арада едәуір үнсіздік орнады.
– Мейлі, ештен кеш жақсы деген, әлі де кештік етпес… Құдай бет алдарыңнан жарылқасын.
Карьерасы шарықтап тұрғанда ойына оралмаған құдайды соңғы кезде, әсіресе әйелі кетіп, жалғыздық торуылдағалы аузына көп алатыны есіне түсті.
– Пап… Эвалар Америкаға кететін бопты… Естідіңіз бе?
– Жоқ… Не бар екен онда?
– Симпозиум или конференция… Короче секталарының бір үлкен жиыны өтеді екен Чикагода…
Ал керек болса?!. Атақты Қалшора қалпенің шөберелері өзге діннің өкіліне үйленіп, басқа діннің сойылын соғып кетсе тағдырға дауың бар ма? Өзі ше… кезінде өзі де тұлан тұтқан атеист боп шыға келмеді ме карьерасы үшін. «Дін – апиын» деп қызыл партияның тапсырмасымен Қазақстанның түкпір түкпірінде баяндама оқығанын басқа басқа, өзі қалай ұмытар… Рас, туған ауылы мен орта мектепті бітірген ауданына аяқ баспайтын.
…Иә, бүкіл Жігірген елі құрмет тұтатын Қалшора молданы білмейтін адам бұл өңірде некен саяқ болатын. Жылан, қарақұрт, бұзаубас шаққан адамдар осы кісінің дуасынан құлан таза айығып, өз аяғымен алдынан тұрып кететін. Қалай оқитынын, қайтіп қайтаратынын әкесінен сұрамапты, есінде қалғаны дуа оқылып біткенше бір табақ тұшытылған сары майды ыссы күйінде тоңдырмай ішіп тауысады екен. Одан қалса назарланған, көзіккен балалар осы кісінің бір түшкіргенінен сауығып, тіпті сұқ көз ішіне түсіп кетіп, сұлық жатқан бала мен шақалақтарды әулие аралатып, үш-төрт күнде аяққа қоятынын жұрт кешеге дейін жыр қып айтып келді. Ашаршылық жылдары шілденің ортасында кенеттен жалынға оранған клубтың өртін дуамен қайтарғанын, нөсер жаңбырда шөжелерін ерткен күркені балапандарына су тигізбей аман алып қалғанын көрген ауылдағы қариялар:
– Аллаға ақидасы берік, хасиданы меңгерген тақуа адам еді ғой, жарықтық… – деп аңыз қып айтып отыратын. Ауылдың тіршілік тағдырына тікелей қатысы бар Қалшора молдаға көшеге атын беру түгілі, ескерткіш қойса артық етпес еді. Жаманшылығыңды тірісінде ұмытпай тізбелеп беретін қазақы тетір мінез бен жақсылығыңды там айнала естен шығаратын енжарлық пен ұмытшақтық қанына сіңген бұл өлкеде де екеуара әңгімеде болмаса, ондай емші болмағандай, өмір сүрмегендей бүгінде… Оның үстіне құдай жоқ деген кеңестік атеизм емшілер мен діндарлар туралы айтуға мұрша да келтірмеді. Ілгергі дуа қонған кісілердің алдын көріп, тәлімін алған Өскенбай шал кешеге дейін назарланған балаларды оқып келсе, Қалтай қария жылан, қарақұрт шаққан адамдарды жасырын болса да емдеп келді. Бүгінде Алла қасиет дарытқан осы адамдар ұмыт қалып, керісінше елді сансыратқан атқа мінерлердің ақшалы балдары әкесінің атын әспеттеумен әлек.
…Басы шыңылдағандай ма… Зейнетке шығар жылы баласынан кіші саяси бөлімнің дүр жаңа басшысы: «Жасыңыз келді, енді демалыңыз…», – деудің орнына, жұмыстағы кемшіліктерін тізбелеп жұмыстан босатқанда да осылай шыңылдап беріп еді. Енді міне, екінші мәрте…
«Демалу керек-ау… Әлде ауылға барып қайтсам ба екен?»
Бірақ не бетімен барады? Министрлікте істеп тұрған кезінде әкесінің інісі кенже баласын оқуға түсіруге жәрдем сұрап келді. Аттестатындағы бағасы да жаман емес, кілең төрт пен бес. Бір қоңыраудың өзі жетіп жатыр еді. Соңғы кезде жұққан пайдасыз іске бас сұқпайтын мерез мінездің шылауында: «Бұларға бір жылы қабақ танытсаң болды, келгені келген» деген ойдың жетегімен кежегесі кейін тартты да тұрды. Одан соң да екі-үш ауылдасы балдарын алып келді. Жылы сөзбен шығарып салғаны болмаса, ешқайсысының тірлігін мандытпады. Со сол екен туған бауырына опа қылмаған біз кімнің шікірасымыз деді ме, ауыл жақ мазалауды кілт доғарды. Осыны ойлауы мұң, әйелінің айтуымен қайын жұрт жақтан төрт-бес баланы оқуға да түсіріп, жұмысқа да жайғағаны есіне орала кетті. Қалтасына да азын-аулақ қаражат түскенде: «Ағайын мен ауылдастардан қалай аларсың?..» деп ойлаған. Соноу бір кездері балаң қиялдың бесігінде тербеліп жүргенде туған жер, атамекен, ауылдас дегенде ішкен асы бойына тарамайтын шапқатты сезімнен жұқана да қалмаған сазданған бетіне қан тарап, қуақы жымиған. Қу, дүние-ай! «Оу, сонда туған бауырларыма жасамаған жақсылықты бөгде жұртқа жасап, адами да, пәндәуи де тұрғыдан күпірлік жасаппын-ау» деген ой ол кезде басына келмеген…
…Арман кеткесін-ақ берекесі кетті. Мынау жалғанда шын жалғыз қалғанын тағдыр таза мойындатқандай. Суыңқырап қалған шайды сораптап біраз отырды да, жатын бөлмесіне еніп диванға қисайды. Қарсы қабырғадағы арабы кілемнің үстіңгі жағына қатарластыра ілінген суреттерге көзі сүрінді. Аппақ сақалы кеудесін жапқан бабасы Қалшора молда… әке-шешесі… бауырлары… «Әкейдің суретке түспеймін дегеніне қарамай түсіргенбіз» деп отыратын әкесі. Мынау өзі… студенттік алтын дәуір… Ал мынасы Балым, Элмира үшеуі зәулім үйдің әшекейлі ұстыны жанында тұр. Қай жерде түскен?.. Есіне түсіре алмай едәуір жатты… Е, бастығының дачасында қонақта болғанда түскен екен ғой… Иә, иә… Хамит Исабаевичтің кенжетай қызының туған күн кешінде түскен. Жадында жатталып қалғаны сондай, сол күнгі оқиғалар бүге-шігесіне дейін зердесінде қатталып тұр. Қалай ұмытсын, сол отырыстан кейін-ақ тасы өрге домаламады ма?..
«Аһ-ой, ол да бір дәурен екен-ау!.. Қалай болып еді өзі?»
…Әдеттегідей жұмысында отырған.
– Еркін Атабаевич!
– Иә…
Сыңғырлаған қоңырау үн еріксіз бой басын ток соққандай шымырлатып жіберген.
– Сізді бастық шақырып жатыр…
– Жақсы рахмет, Аягөз…
Көрші бөлімде істейтін қыз екен. Өзі әп-әдемі ғана, үріп ауызға салғандай… Еркектік нәпсісін тежеп, ұстамдылық танытайын десе де осы қызды көргенде көңіл түкпіріндегі бұғып жатқан сезім алақұйын ойнақшып ала жөнелетінді шығарды соңғы кезде.
– Шақырдыңыз ба?
– Ә, Еркін Атабаевич, келіңіз… келіңіз…
Қысықтау көзі ойнақшыған бастығы жылы жымиып, орнынан тұрып қолын алды.
– Шақырғандағы мәселе былай болып тұр. Үйдегі хозяйка Мәскеуге докторлығының шаруасымен кетіп еді… Келе алмайтын түрі бар. Ертең кенже қызымның туған күні еді, өзіңіз сол кештің қонағы болып, әрі отырыстың да қызықты өтуіне басшылық жасап, басы-қасында болсаңыз. Айтпақшы жеңгей үйде ме?
– Үйде ғой, әрине…
– Тіптен жақсы! Егер айып болмаса, столдың жасалуы мен ас мәзірінің дайындалуына жәрдем беріп жіберсе деген өтінішім бар.
– Е, неге болмасын! Жәрдем береді, жәрдем береді…
– Не десе де әйел адамның қолы тиген дастарханның сәні келіп тұрады емес пе?..
Бірер жас кішілігі болмаса, қатар есебі еді, қазақы жоралғымен «жеңгей» дегені өзіне жарасып-ақ тұр.
– Жақсы онда, таңертең жүргізуші бала жеңгейді үйіңізден алып кетеді.
Бұл да ол кезде жаңадан үйленген. Бір қызы бар. Отырысты жүргізуді бұған тапсырды. Асаба болып, әрі бастығының тойында көзге түспегенде қашан түседі. Шағын топтың отырысын басқару жеңіл, әрі десең қашанда қызықты өтеді емес пе, бұл кеш те өте бір есте қаларлықтай болды. Алғаш тосырқап бастаса да, бір-екі рюмкеден кейін жазылып кеп берді. Өзі де қара жаяу емес, арасында әннен шашу шашып, дуылдатып жіберді. Қонақтарға қызметі, жасына қарай ретімен сөз беріп, мезі қылмай басқарды. Отырыс орта тұсқа тақағанда бастығы шеттеу алып шығып:
– Еркін Атабаевич, сізге бір өтінішім болып тұр… Қалалық бірінші хатшы Мәлік Айдаровичті үйіне жеткізіп сала алмас па екенсіз?.. – дегені.
«Ойбай-ау бұдан артық марапат, бұдан артық қошемет бар ма? Қаланың бірінші адамын шығарып салу…»
– Оған сөз бар ма, Хамит Исабаевич! Сеніміңізге рахмет!
– Жақсы онда, сыртта машина дайын. Жолай «Ақ бидайға» кіріп кішкене тамақ жібітіп, басытқылап алуларыңызға да болады. Енді ол жағын өзіңіз түсінесіз ғой…
– Е, әрине, әрине…
– Онда мен біріншіні ертіп шыға берейін, сіз машина жаққа бара беріңіз…
Мұндай болар деп кім ойлаған, әдейі ұйымдастырсаң мұндай болмас.
Бірінші хатшы демесең, аңқылдап қалған жақсы адам екен. Әлде қолпаш, әлде шын: «Мен сені бұрын танымайды екем… Бұйымтайың болса келіп тұр», – деді мейрамханадағы тостан масайыңқырап қалған хатшы қоштасар сәтте.
«Ақ бидайға» кіріп, едәуір кідіріп келгенде, отырыс әлі қызып жатыр екен. Әйелі мен Хамит Исабаевич ішкі бөлмеден шығып келеді екен. Алдын не сөйлескендерін:
– Ну ладно, Хамит Исабаевич, об этом разговоре позже обсудим… – деген Балым мұны оңашалау шығарған. Мұның жұмысын көтеру мәселесін әңгімелесіпті. Шынында да көп өтпей мәдениет бөлімінің бастығы болып шыға келді. Ал әлгі оқиға санадан сыпырылды.
…Е, ол да бір қайта оралмас алтын дәурен екен-ау… Көктен тілегені жерден табылды – қашаннан көзінің құрты боп жүрген Аягөз енді мұның қол астында істейді. Артынан қоймай түсіп жүріп, дегеніне де жетті. Бәленің бәрі күзге салым басталды. Аягөзбен тіл табысқаннан кейінгі үшінші айда:
– Ағай, мен екіқабат боп қаппын… – демесі бар ма.
– Не дейді тағы да!..
– Екінші ай… Өзім де білмей қалдым… Бәсе, жүрегім айни беретіні жаман еді..
Карьерасын керемет жақсы көретін. Жаны мұрнының ұшына келді. «Енді не істесем екен? Қызметтен айырылып… Ел-жұрт не дейді? Тірідей масқара болатын болдым-ау… Керек десең түрменің де есігі қылтиып тұр…» Ойлауға қорқынышты. Жөппелдемеде жөндем ой да келуші ме еді.
– Айтқандай, атаң соғыс ардагері емес пе еді?..
– Иә…
– Онда былай істейік…
Мәлік Айдаровичтің көмегі тиді. Қалаың сырт жағынан соғыс ардагеріне құжат туралап, бір бөлмелі пәтер әперіп жаны қалды. Содан Аягөзді көрген емес.
…Жүрек тұсы тағы да шым еткендей болды ма?.. Өткенін еске алып тәтті елестің құшағында тағы да біраз жата тұрғысы келді.
«Тоқта! Тоқта! Арманның жүрісі мен көздерінің ойнақшығаны кімге ұқсайды десе… Иә, иә! Дәп бір сойып қаптағандай, соның өзі екен-ау!..»
Есіне ішкі бөлмеден шығып келе жатқан әйелі мен бастығы қайта көлбеңдеді… Қалай аңғармаған сол кезде? Әйелі абдырап, әнтек бастығына қарап, сөйлеген екен-ау… Мүмкін бұған теріскей тұрғандықтан көзін де қысып үлгерген болар? «Ах, кәшімір қатын!.. О, зәнталақ!.. Қалай алдап соққан!..» Енді асықпай ойлап қараса баласының сөйлеу мәнері мен қимыл қозғалысы да бастығынан айнымайды…
Орнынан қинала тұрды да ас үйге кіріп, орындыққа отырды.
«Арманның туған күні… туған күні… Тоқта, тоқта! Жасы да, баланың туған мерзімі де сол кезге сәйкес… Артымда қалар тұяғым деп, айтқанын екі етпей орындап келген баласы… Күні кешеге дейін «Бала ғой, әлі-ақ өмірден өз орнын табар» деген себезгі үміттің жетегінде келді… Көңіл зеңгірінен білте шамдай сығырайған осы үміт барлық қателіктеріне кешіріммен қаратты… Сонда жанындай жақсы көретін жалғызы көрдемше болып шыққаны ма?..».
Үстел үстінде ашық жатқан «Вокруг светаға» көзі сүрінді. Үлкен әріппен жазылған «Чёрная дыра» көзіне оттай басылды.
– Чёрная дыра… Қара құрдым…
Даусы өзіне де жағымсыз рәуіште жарықшақтана естілді.
«Жерден мың есе үлкен ғаламшарларды да жұтып қоятын иірім… Сонда кезінде елі құрмет тұтқан Қалшора молданың бір немересінен тараған зәузаттары иірімсіз-ақ құрдымға кеткені ме?.. Шынымен-ақ құрдымға…».
Жүрек тұсы бағанығыдан да оқыс шым ете қалды да, құлаймын-ау деген ой мазаламай-ақ үстелдің ернеуінен ұстау қаперіне де келмеген бойы орындығымен қосыла құлап түсті. Еденге соғылған басын ауырсынды ма, әлде басқа бір ой мазалады ма, ерні жыбырлап: «Құрдым…» дегенді сыбырлап үлгерді де, соноу бір шалғай ауылда өзіне ұқсаған сап-сары, жирен шаш, секпіл бет шатаның жігіт боп қалғанынан бейхабар күйде, мына дүниені талақтап, өзіне беймағлұм қап-қара тозаңға сіңіп барады.