Жан элегиясы
04.09.2015
1703
0

333017_1063598402_11949784_916938481689364_517943035_nБауыржан ҚАРАҒЫЗҰЛЫ

АПАТИЯ

Ымырт тағы өлең оқып өткенге,

Көшелерден сөз жинап жүр көп пенде…

Ертең үміт сығалаған шығыстан,

Келер жылы қар жылап тұр көктемде.

Ал сен болсаң түс көресің күнімен,

Өмір сүріп ой кешесің түнімен.

Желдің мұңын түсінбеген боласың,

Ай туғанда аппақ гүлдің түбінен…

 

images (1)ТОПЫРАҚ ДЕМІ

Топырақ,

Мен жасанды мұңнан қорқамын…

Түннен қорқамын дұғасыз.

Соқыр сөздерден…

Қабірге айналған қараңғы-ы-ы көздерден,

кінәлі кірпікті жуған күнәсіз жастан…

тәубесіз бастан қорқамын,

Топырақ!

 

Алланың «Ойы» жауып тұр аспаннан,

Мейірім жауып мөп-мөлдір.

Иә, рас,

біз – жетімбіз жерге тасталған,

мастанған Жоққа,

не Рахым Нұрына мас болған,

ұмытшақ нүктеміз – адасқақ…

 

Топырақ,

Мен, өзімнен қорқамын…

Төзімнен қорқамын кектенген.

көпірік дауысқа көмілген,

өтірік сезімнен,

қорқамын топыра-а-ақ…

 

Қарашы,

жаңбыр кетіп барады…

қайда кетіп барады?

тағдыр кетіп барады…

Қайда кетіп барады?

Қарашы,

Тамшы мөлт ете түсті…

шолп ете түсті бір өмір.

Топырақ!

 

                            ***

Күн туғанда басыңа

жоламайды көлеңкелер қасыңа…

Күн туғанда басыңа

қандай ғажап Ай туғаны керіліп,

ұмытасың сатқындығын сағаттың,

барлығынан жерініп,

отырасың жалғыз өзің егіліп,

қандай ғажап!

 

Жүк түскендей арқаңнан

үңілесің өміріңе балконнан,

өмір саған үңіледі,

жарықтық

ащы өксік тығылады қолқаңа,

шер толқиды, тістенесің, шыдайсың,

көңіліңнің кемсеңіне құлайсың…

Қап-қара Түн сипағанда басыңнан,

Шыдай алмай жылайсың,

Қандай ғажап!

 

                           ***

Өз-өзімді танымайды екенмін,

Өз-өзіме бөтенмін…

Түкке тұрмас дүниені сөз қылып,

Саған тағы дауысымды көтердім…

Саған деген махаббаттың көлемі,

Еш өлшеммен өлшенбейді себебі.

Ағыл-тегіл жылап алам ішімнен,

Саған, саған бәрін айтқым келеді…

Сен…

Сен – әдемі әлемсің ғой, ақылдым,

Мен…

Мені қойшы, мен – ақымақ ақынмын.

Енді, міне, жүрегіңді ауыртып,

түн ішінде мұңға оранып отырмын…

 

                              ***

…Енді саған көсемсіп, не демекпін?!

Қар жауып тұр… Қарашы, керемет күн.

Көктем емес, кешіккен тағдыр шығар,

Қар жауып тұр… Қар емес – көбелек-мұң.

Еркеледің, әдейі, күлімдедің,

Кішкентайым… Қайтейін, күнім менің.

Бәрі жақсы, тамаша, дұрыс бәрі,

Қызық маған, жығылып, сүрінгенім.

Солай, солай…

…Жылатамын, жүректі ұлытамын.

Өп-өтірік жанымды жылытамын.

Ештеңе де болған жоқ, қар жауып тұр…

Ұмыта алам, ұмытам, ұмытамын…

 

                              ***

Маңдайыңды мөлдір тағдыр оқысын,

Түн жұтады сөздің тегін хақысын…

Жүрегімнің нұры, көрдім үніңді,

Мейір тұнған жақын түгіл жат үшін…

 

Таңдайыңнан қанат қаққан самалға

Періштелер оранған.

Мен не деймін, не айтамын бұл түнге,

Үміттері жоғалған…

 

Жан сертіне қауышу –

Сағынасың қара өлеңнің дауысын.

Өмір деген – бір мөлт еткен көз жасы,

күлгін жастан ақ ғайыпқа ауысу…

 

Маңдайыңда мөлдір тағдыр, ақын-мұң,

Түк те сезбей теріс қарап жатыр түн…

Қарындасым, не айтамын, не деймін,

Мен де сендей жүрек тыңдап отырмын.

ПІКІР ҚОСУ