Темушин
30.11.2018
1391
0

Ерғазы Рахымұлы


БІР-бІР бИІКТІ СЫЙҒА ТАРТҚАН ЕРЕКЕМ

Сенің жарық жалғаннан алды-ар­тыңа қарамай өте шыққаныңа да ширек ғасырдан асыпты. Мен туған елім – Зайсаныма, барған сайын сенің атамекен Аягөзіңді басып өтемін. Өткен сайын ең бір құштар көңілмен өзіңді, қазақы қарасөздің қаймағын қалқығандай ғып айтып алып, «Осы­ным қалай?» дегендей бетіме жымия қарайтын сәтіңді сурет қып, жадымда сақ­тап қойыппын. «Елге бара жатыр­мын» деген хабарды ести салып, көптен көрмеген құдаң келе жатқандай дос­та­рыңды жинап, қызу даярланатыныңды, өмірдегі басты ұраның алдамшы дүние жинау емес, адал достар жинайтын, со­лар үшін шашылып-төгілетін қа­сие­тіңді қалай ұмытармыз. Асығып бара жатып, үйіңе соқпай өтіп кетсең: «Ау, інім-ау, аруақ аттағандай өте шыққаның қалай? Әлде жеңгеңнің шайына, менің ниетіме көңілің толмады ма?!» – деп рен­­жір едің. Жалғыз мен емес, әрі өт­кен, бері өткен Советқазы Ақатай, Тоқ­тар­хан Шәріпжан, Қажытай Ілияс, Орал­хан Бөкей тағы басқалар үшін Аягөздің телемұнарасының түбіндегі шағын үйің ешқашан қонағы үзілмес бекет сияқты еді-ау. Тіпті Мұқағали мар­құм да Аягөз топтамаларын осы сенің үйіңде жатып туындатыпты. «Ая­гөз деген аядай бұлақ деседі» деп шыр­қайтын сүйікті әні­міз­дің өлеңі осы ша­ңырақта жазылғанын бұл күнде кім білер. Пейіште нұры шалқығыр, бес саусағынан өнер тамған ақжүрек Тұр­сын жеңгеміз де көптен кел­меген қа­йын­дарын көргендей жайраңдап қарсы алар еді.
– Ау, достар, жаман ағаларың қара жерді жалпағынан басып жүргеніне жарты ғасыр болыпты. Бірге қызық­тауға қалайсыңдар? – деген соң, Бө­кейдің Оралханы екеуміз Аягөзді бетке алғанбыз. Алыстан, Өскемен, Семей­ден келген достарың бар, інің Тұр­сын­ғазы бар, ауылдастарың бар, сондағы Мә­дениет үйінде келісті бір жиын өтіп еді. Сен, Ерекем, сұлу жымиысыңа са­лып, бір жасап қалған едің. «Ұзақ жаса» дестік. «Бәрің де ұзақ жасауымды тілеп отырсыңдар-ау, алайда ұзақ жасату Жаратқанның еркінде ғой. «Қысады кеуде, шіркін, жөтелтегі» дейтін ән ғой біздің де жиі айтып жүргеніміз» деген едің…
Той қызығы ата-бабасының мекені Аягөзден екі-үш көштік жердегі «Тар­ба­ғатай» кеңшарында жалғасты. Кең­шар орталығына жете бере Ерекең жа­ғасы нулы өзен жағасына маши­на­лар­ды тоқтатсын. Ойына әлдене түскендей аудандық партия комитетінің хатшысы мен кеңшар директорының жүздеріне қарап жымыңдасын.
– Жігіттер, маған бір әдемі ой келіп тұр, – дедің сен аса маңызды пікір айтатындай бәрімізге шола қарап, ата-бабасының ізі қалған жерге жақындаған соң әншейіндегі шағын тұрқы, қу­шиың­­қы ұстайтын қос иығы ерекше тұлғаланып кеткендей көрінген. – Анау егіз қозыдай өзеннің екі жағында тұр­ған қос биік шоқыны қараңдаршы. Бүгіннен бастап бергі беттегісін «Орал­хан биігі», әргі беттегісін «Кәдірбек биігі» деп атайық. Күні ертең аудандық газетке осы шешімді хабарлайық. Сіздер қарсы емессіздер ғой.
Сен басшыларға сынай қарадың. Олар да «дұрыс екен» деп қауқылдасты.
– Сыйлы қонақтарыңа шапан жапсаңдар тозады, ат мінгізсеңдер әрі кетсе соғым болар. Ал тау өлмейді…
Одан бері де жылжып талай жылдар өтіпті. Сол жолмен жүрген сайын бала­ларыма: «Ерғазы дейтін жазушы ағала­рың анау шоқыға Оралханның, мынау шоқыға менің атымды беріп еді», – деп еске аламын. Алайда, ол шо­­қыларға берілген атауды қазір өзімнен басқа білетін жан жоқ болар. Әйтеуір, жаны да, жүрегі де аппақ, өзің емес, өзге үшін күйіп-жанып жүрер, жазған өлең, про­залық еңбектеріңмен тілімізді бір биік­ке көтеріп кеткен, Ер­ғазы, сенің атыңда шоқы, биіктерді айт­пағанда, сол кете-кеткенше табан аудармай ең­бек еткен Аягөзіңде бір шолақ көшеге есі­мің бе­рілді ме екен, шіркін?! Бір шаңы­рақ ас­тында туып, ержеткен ағайын­­ды сен, Ер­ғазы, да­рын­ды қалам­гер, інің Тұр­сын­ғазы айтулы сазгер, әнші ретінде Аягөз ғана емес, елімізге танымал тұлға бол­дың­дар. Сендерді ұмытпаудың қамын жасау алдымен жерлестеріңе сын дер едім…
Ерғазы, сол атамекеніңе сапарлаған кезде Тарбағатайдың Шыңқожа ауы­лы­нан басталып, қатпар-қатпар жалаңаш жоталары екі жақтан бірте-бірте биік­теп, жондана түсетін тұстағы шығысқа қарай еңкейген кең аңғарды «Бабамыз Малтүгелдің мекені» деп таныс­тыр­дың.
– Қазір жұрттың көбі бұл аңғарға аңқау бабамыздың тұз еккенін біле бермейді, – деп күлгенсің.
– Тұз еккені несі? – десті бұл әңгі­мені естімегендер.
– Бабамыз түйелермен жүк артып келе жатқан бір құрбысына жолықса керек. «Мұнша тұзды қайдан алдың?» деген бабамызға: «Е, былтыр жер жыртып, бірер пұт тұз егіп едім. Алып келе жатқаным соның өнімі ғой», – депті әзілдеп. Тумысында аңқау баба­мыз келістіріп сый-сияпатын жасап, бірер қап тұзды осы өңірге егіпті.
Сенуге қиын бұл оқиғаны, Ерғазы, сен кейіндері «Малтүгел» дейтін тар­тым­ды да сенімді әңгіме ғып жаздың. Әрине, сенімді ғып жаза білу жазу­шысына, кеңқолтық аңқау да аңғырт қазақы мінезді дөп басып айта білуде екені сөзсіз.

* * *

Рахымұлы Ерғазының қаламгерлік шеберлігі де кез келген оқиғаны оқыр­ман көңілінде күдік қалдырмастай ғып жаза білуінде еді. Ең бірінші қазақ ті­лінің қаймағы бұзылмаған арғы бет­тегі ортада туып, өскендіктен бе, небір шұрайлы оралымдарды емін-еркін пайдалануы сүйсінтеді. Екіншіден, не жазса да оқырманын «Енді не болар екен?» дегізердей тартып, жетелеп отырады. Шығарманың көркемдігінің басты шарты әрекет қайшылығына, оқиғаның қоюлығына баса көңіл бөледі.
Ерекең шығармашылық өнерін өлең жазумен бастаған екен. «Зейнел күйі» поэмасы (1977) – баспа көрген 5-6 кітабының төлбасы екен.
Айрылды тілден сөйтіп кеселді би,
Қамалды қақыратты қаһарлы күй.
Адамның мұңын-зарын баяндаған,
Күйлердің құдіретін көңілге түй, –
деп күй құдіреті арқылы Зейнелдің же­рін тартып алмақ болған Ахмет дейтін бидің өз ниетінен бас тартуы сенімді баяндалады. Бұл поэма туралы Жазушылар одағының жылды қоры­тын­дылайтын баяндамасында «Қа­тар­ға тағы бір дарынды ақынның қосыл­ғаны қуантады» десе, Ерекең ақындар артқан сенімді ақтамай, «Жырлайды жүрек» (1979) атты өле­ң­дер жинағынан соң прозаға біржолата ден қойып, повесть, әңгімелер жинақ­тарын шығара бастады. Әрқайсы­сы­ның арасына екі, үш жыл салып, «Сүрі қар», «Өкпеті өрендері», «Мұңсыз­байдың мұрагерлері», «Тентек келін», «Терісайрық» атты повестер мен әңгімелер жинақтары жарық көріпті. Не жазса да айтпағын ашық айтатын, өз замандастарының – аягөздік малшы, егінші, механизатор сынды адамдардың өмір ағысындағы тір­ші­лік-таныстарын, бітім-болмыстарын сурет салғандай ғып бейнелеу Ере­кем­нің ерен шеберлігі еді. Қатар жүрген дос ретінде оның бұл кітаптарын тү­гел­дей оқыдық, риясыз, аппақ пейі­л­мен жымиысын сағынғанда кітап­тарын шолатыным бар.
Оралхан марқұм өзінен жылға толар-толмас уақыт бұрын бақилық болғанда Ерекемнің жазған хатын әлі сақтап жүр екенмін. «Ау, Кәке! – деп бастапты тілдессе де, хат жазса да «ау» деп бастайтын әдетімен. – Маған бауыр, өзіңе дос Орашымыздан, асыл азаматымыздан ажал амалсыз айырды. Шарасыз қалып, бір-бірімізге көңіл айтамыз деп ойлап па едік. Топыра­ғына қанат байлап ұшар едім, қу тө­сек­тен тұра алмай қалдым ғой. Амал не! «…Біз де өзімізді жұбату үшін Орал­ханымыз … әйдік биікте қыран қаза­сымен көз жұмды» деп соңында тірі қалдырған ісіне иланамыз да… Ау, Кә­ке, сен әлі асықпа, мен шамасы до­­­сы­мызды көп тостырмаспын. Ер­ғазы, 1993-тің мамыры», – деп жазып­ты.
Оның достыққа адалдығы туралы осы бір хатының үзіндісінен артық ештеңе дей алман. Және ол «уәдесінде тұрып» жылға толмай досының соңы­нан аттанды…
Сол аттанар алдында тағы бір хат жазып, бір шығармасын жіберіп еді. Шыңғысханның балалық шағы туралы. Ол аманатын орындай алма­дым. «Шыңғысхан туралы әлемде жүздеген кітап шығыпты. Біз жаңалық аша алмаспыз» дейтін әдеби журнал­дардың уәжі оны жариялауға тосқауыл болып еді.
Ерекемнің мерейтойы кезінде дос аманатын аз да болса орындау мақса­тында осы шығармасынан үзінді ұсынып отырмын.

Кәдірбек СЕГІЗБАЙҰЛЫ,
жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері


(повестен үзінді)

Темушин ақыл, қайрат, қай жағынан да бала кезінен-ақ ересектікке ауыса берді. Үзеңгілес моңғолдар ортасында, өзі қарасты Боржегін рулы Ясукей әкесінің кезінен бастап Тайшылармен қырғи қабақтасып, барлық істе рай­ласпайтын болғанына Темушиннің көзі бәрінен бұрын жетті. Тайшылар руы ежелден Боржегін руының қарама­ғын­да болды да, екінші кезектегі хан тағына Әмбеғай отырған дәуірден бас­тап дер­бес шаңырақ көтеріп, Тайшылар деген атаққа ие болғандық­тан, дәлірек айт­қанда, бұл екі рудың арасында басты және қосалқы екі тайпаға тән қатынас пайда болды. Ал Ясукей хандық құ­р­ғаннан былайғы кезеңде Әмбеғай­дың ұрпақтары Тайшы руы тұрғысында жара билік құрып, басқа руларды өз қол астына жинап, ендігі жерде Ясукейдің әмірін алымсынбайтын болуы моңғол­дар­дың өз ортасында қақтығыс туын­даудың негізіне айналды.
Моңғол тайпасында Тайшы руынан басқа да әлденеше қосалқы тайпалар болды. Олар Боржегінге емес, Тайшы­ларға бағынатын болып, күллі моңғол тайпасы сөз жүзінде Ясукейді хан көте­ріп-біріккен болса да, іс жүзінде орта­сынан қақ бөлінді деу орынды.
Моңғол тайпасының ішкі ахуалы осын­дай болуымен бірге басқа тайпа­лар­мен де кіші-гірім жанжалға түсе­тін­діктен Ясукей тым әбігерлік жағдайда күн кешіп жатты.
Өзге тайпалардың ең ықпалдысы – Татар тайпасы, Моңғол мен Татар ежелден ит пен мысықтай болған. Моңғолия үстіртіндегі ең күрделі мә­се­ле – ерте кезден бері көптеген тай­па­лар­ды жалғыз дене секілді біртұтас одақ­қа біріктіру болып келген. Бәрі бірдей Моңғолия үстіртінде тіршілік етіп келген көшпелілердің біртұтас одақ құруы бейбіт қатар өмір сүруге де, сон­дай-ақ көршілес Алтын, Таңғыт, Ұйғыр қатарлы мемлекеттерге байланысты мәселені шешуде де зәрурет мақсат болатын. Моңғолия үстіртіндегі көп тайпалар мен сүйектілердің біртұтас одақ болуына жан-тәнімен наразы болушы ұлы қорғанды шегара етіп, қоныс теуіп келген көршілес держава Алтын мемлекеті еді. Үстіртте бытырай орналасқан ұсақ күштер бас қосып, ірі бір күшке айналса, Алтын мемлекеті үшін соншалықты қуанарлық жайт болмас еді. Үстіртте біртұтас одақ құрудың сәті сәл біліне бас­тасымен-ақ Алтын мемле­кеті табан астында айла-шарғы тауып, ол одақтың талқанын шығарып, Үс­тірттегі көп тайпаларды қашан да қа­рама-қайшы жағдайға ұшыратуға тырмы­сатын болған.
Моңғол тайпасының алғашқы ханы Қабыл, одан кейінгі ханы Әмбеғай, үшінші ханы Құтыла, қазіргі ханы Ясукейлердің қай-қайсысы да біртұтас одақ құруға мақсаттанып келсе де әрдайым Алтын мемлекетінің итар­шысы Татар тайпасының кедергісіне тап болып келген Қабыл хан Алтын мем­лекеті елшісінің қастандығына ұшы­рады. Әмбеғай татарлардың қолы­мен Алтын мемлекетіне жеткізіліп өлтіріліп, Құтыла мен оның алты аға-інілерінің дені Татарлармен айқаста қаза тапқан. Дәлірек айтқанда, Тему­шиннің ұлы әкесі мен олардың аға-бауырларының көпшілігі Татарлармен шайқаста құрбан болған. Темушин дүниеге келген кездегі соғыста Ясукей тұңғыш рет Татарларға үлкен соққы бере алғандығы үшін екі тайпаның ара­сында әжептәуір тыныштық орна­ған-ды. Алайда, бұл күрестің далда­сында Алтын мемлекеті жатқан уақытта шие­леніс қай, қашан бас көтерері кә­дік еді. Моңғол тайпасының ата жауы Татар тайпасы мен Алтын мемлекеті екендігін бала Темушин бағамдай білді. Тему­шин­нің көкейіне татарлар да, Ұлы қорғанның арғы жағындағы Алтын атты ірі мемлекеттің аты да бәрі бірдей үрейлі қара тажалдай орнай берді.
Бірде Ясукей үйде арақ ішіп отырып: «Тайшылардың көзін жоймай, Татарды тұншықтырмай көз жұмбаспын», – деп серт еткен. Сол сөзді естіген Темушин: «Әкем неге Тайшылар мен Татардан кейін Алтын мемлекетін атамады?», – деп таңқалған. Осы күдігін айтып салып еді, Ясукей: «Алтын мемлекетін басып алу оңай іс емес. Бүгінгі Моңғолия үстіртін­дегі тайпалардың бәрін бітіктір­сең де қолдың саны екі жүз мыңдыққа жет­пейді. Ал оған қарсы Алтын мемле­ке­тінде ондаған есе қуатты қалың әскер бар. Олардың әрқайсысында сенің ойыңа кіріп те шықпайтын жақсы қару бар, – деп күлген. Сонан соң ата жаумен алысу туралы әңгімені доғара тұрып, ұлы қорғанның арғы жағындағы Алтын мемлекеті мен одан әріде жатқан Сүн мемлекеті туралы әңгімелеп берді. «Онда сансыз шәһәр мен қорғандармен қоршалған мекен-жайларында адамдар қала салып, ғұмыр бойы көшіп-қон­бай­тын балшық пен ағаштан қаланған там үйлерде тұрады. Онда тұратын адам­дардың әрқайсысы әр алуан кәсіппен шұғылданып, саудагерлері дүкен, құ­жы­ралар ашып, зат сатады. Егіншілері жер жыртып, егін салады. Қызметкер­лері мекемелерге барып, көптеген мәсе­лелерді басқарады, әскерлері мылтық-сайман ұстап, күн сайын әскерлік сабақ істейді. Сөйтіп, ол қала­лар­да тастан салынған зәулім ғибадатха­на­лар мен мекемелер көкпен таласа иін тіресіп тұрады», – деді.
Темушин шынында да көрген түстей соншалықты ел бола ма екен деп ойла­ды. Рас болған жағдайда тіптен тереңі­рек білсем екен дегенге ниеттеніп әке­сінен одан әрі қазбалай сұрады. Бірақ, Ясукей өзі барып көзбен көрмеген­дік­тен, мүдіріп қалды. Осы оқиғадан кейін Темушин бір күні Бүлтеші қартқа Сүн және Алтын мемлекеті туралы сұрақ берді. Білмейтіні жоқ Бүлтеші көп нәр­сені айтып беруі мүмкін деп дәмеленді. Бірақ, зерделі қария: «Ол жақсы мем­ле­кет емес», – деді де сөзін сабақтай тү­сіп, Темушиннің білмек нәрсесіне аялда­мас­тан, неліктен жаман мемлекет бола­тындығына мысал ретінде Алтын мемлекеті Әмбеғай ханды қалай өлтір­генін айтып берді. «Әмбеғай хан Татар­лар­дың қолына түсіп, Алтын мемле­кетіне жеткізіліп, ағаш есекке таңылып, тірілей терісін сыпыртқызып, кескіле­ніп өлтірілген. Әмбеғай хан аса қайрат­ты кісі болғандықтан, жантәсілім сә­тін­де өзімен бірге жүрген малайы Бал­­қашыға: «Егер елге тірі жетсең көбе­лерің сөгіліп, саусақтарың сарқыл­ғанша кегімді алыңдар», – деп өсиет еткен екен. Балқашы елге аман оралып, сол өсиетті баршасына айтқан еді. Бәрі де көздеріне жас алды. Сенің әкең де жылады. Мен де жыладым», – деді.
Сол Балқашы қарттың көзі жұмыл­ға­нымен, Темушин шақшадай ғана әлгі шалды шешесінің жанында бір рет көр­гені бар. Бұл әңгімеге қатысы бар адам Тему­шиннің жадындағы кісі болған­дықтан, Әмбеғай ханның қасіретті оқиғасы Темушиннің ой дүниесінде ақиқат түрде қайта сомдалып, көкірек әлеміне айықпас бұлт үйірді. Алтын мемлекеті дегенің Ясукей әкейдің де кек алуына жүрегі дауаламаған, маңы­на жолауға қорқынышты үлкен мем­лекет-ау деп Темушин іштей уайымға салынды. Темушин тұрғы­сын­да Алтын мемлекеті дегеніңіз өте бір қызықты және сан құбылған сағым сияқты бейтаныс ұлы ел, сондай-ақ екінші ханын өлтірген, бір жалғанның жары­ғын қатар көруге әсте болмайтын қас дұшпанның өзі, көбе түгел сөгіліп, сау­сақтың бәрі оталса да қанды кек үшін айқаспауға болмайтын мемлекет екен. «Тірі жүрсем, ол кекті мен қай­та­ра­мын» деп ол іштей өзіне серт бер­ген…

* * *

Темушин біріне-бірі ұқсас ағаштар өскен ормандар мен жайылымдық далалардан өзге ештеңені білмейді екен. Ал бұл жолғы сапар Темушиннің көз алдына мүлдем басқаша өлкенің келбетін ашып берді. Бұлардың тобын­дағы он неше адамның бәрі де атқа мі­ніп, азық-түлік артқан оншақты түйені жетелеп келеді. Олар Керулен бойын көбелей қалың орман жамылған саялы бұлақтарды баса ылдиға түсіп, кейде жол-жөнекей өзеннен жырақтап жазық далаларды көктей өтіп, енді бірде тау-тасты басып, құмдарды кеше құлдай берді….
Ұлұнның төркініне ілінбес бұрын бұл топтың жолын кескен кездейсоқ оқиғаға тап болды. Сексір, Шақыру тау­ларының арасынан өте бергенде Қоңырат тайпасының басшысы Дей шешен басқарған бір топ адамға тап болды. Екі тайпаның көсемі тұңғыш рет дидарласып, тез арада көңіл табысты. Дей шешен бұлардың сапар шеккен мақсатын біле салысымен-ақ Олхуноудқа баруын доғартып, аттың басын Қоңыратқа бұруға азғырды: «Ұлың Темушинге көңілім толды. Салымыңа сай менде Бөрте деген қыз бар. Алдарыңнан жарылқап екі жастың басын қоссақ». Дей шешен төртбақ денесімен қырындап тұрып, қоңыр дауыспен сөйлеп кетті. Қара сөзге желдей ескен жат тайпа көсемінің мінезі Ясукейді баурап алып, сонымен қоса Қоңырат тайпасы бай тұрады деген сөз есіне түскендіктен, табан астында оның тіліне көне кетті. Моңғол тайпасы тұрғысынан алып қарағанда да Қоңыратпен құдандалы болу әсте ұтылғандық болмайды. Тіл табысқаннан кейін бұл екі топ бірге жүруге келісіп, бағытын сәл бұрып Хянган асуының түстігіндегі қойнауға бет алды. Қоңырат тайпасы Моңғолия үстіртіндегі көптеген тайпаларға қара­ғанда ұлы қорғанға ең жақын жер­ді иемденгендіктен, Алтын мемлеке­тінің мәдениетін қабылдауына оңай, үстірт халықтары ортасында ең жақсы тұр­мысты тайпа екен.
Қоңыраттың жер-суы моңғол тай­па­сыныкінен әлдеқайда жақсы кө­ріне­ді. Қиялау кең даласы ұшы-қиырсыз ұласып, қаптай жайылған қой-жылқы түліктер мыңғырып жатыр. Ясукей­дікіне қарағанда Дей шешеннің үй-жайы да теңдесі жоқ сәулетті екен. Жа­сау-жиһазы да сән-салтанатты, қазынасында сақтаулы аң терілері де аса мол, сол дүниелерге айырбастап әкелген заттарына дейін Темушин мен әкесін таң-тамаша етті. Сырмалы әсем бұйымдар да жеткілікті. Шебер жа­сал­ған қару-сайман, сауыт пен дулыға да бар. Әдемі әшекейлер де жеткілікті. Пілдің тісі, асыл ақық та бар…
Бөрте Темушиннен бір жас үлкен онға келген қыз екен. Ясукей бұл бала­ны көрісімен-ақ көңілі толып, сол бір сымбатты жаралған сұңғақ бойлы қыз Темушинге де керемет ұнаған. Аққұба жүзіне мақпал қара шашы жарасып тұр. Өздерін қара татарлардан мүлде басқа «ақ татарлар» деп атайды дегенді қаршадайынан естігені рас болған­дығына Темушиннің Қоңыратқа кел­генде алғаш рет көзі жетті. Дей шешен меймандарын үш күн сыйлап, күткен­нен кейін Темушинді уақытша қала тұрып, осы тайпаның адамдарымен үйір-шүйір болып танысуын өтінді. Осыған орай Ясукей де Дей шешеннің тілегін құптады. Бөтен тайпада өмір сүру Темушинге ауырлау сезілгенімен, мұның ұтымды жағы көп екендігін ескерген соң әкесінің ақылын мақұл көріп, Дей шешеннің үйінде қалатын болды.
Ясукей бастаған топ Бұрқан Қал­дын тауының баурайына бет түзеп, кері қайтқаннан кейін Темушин сол күннен бастап жаңа тіл, жаңа әдет-ғұрып ортасында тіршілік ете бастады.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір