ҚАЖЫЛЫҚТЫҢ ҚАБЫЛДАНУЫ
30.11.2018
1001
0

Мархабат БАЙҒҰТ

(әңгіме)

Үшеуі дос еді. О баста. Жеті­жылдықта. Ол кездері достық пен махаббат қатты қадірлене­тін. Махаббат, әрине, шешімі табылмайтын ғажайып жұмбақ қой. Достығыңыз одан сәл тү­сі­ніктірек болғандықтан шығар, биігірек бағаланатын.
Үш досқа жетіжылдық мек­теп­тің жұрты қызыға қарайтын. Үшеуі үш ауылдан еді. Қияндау қыс­тақтардағы төрт кластық бас­тауышты бітірген соң, шағын қалқоздың орталығына есекпен қатынап оқитын.
Бесіншіде достасты. Бетегелі белде анттасты. Себебі сол, ор­та­­лықтың жылдамырақ же­ті­ле­тін жүгермектері жабылып саба­ған. Жекелеп. Желкелеп. Жұ­­­ды­­рықтап. Тұмсық бұзысып. Ар­ғымақтай көретін көк есек­тері­нің тікірейген жалдарынан жылап аққан қан біріктірген. Ауыл­­дардағы жылқыны шұр­қы­­рата шұбыртып, етке айдат­қан Хрущевыңыздың тұсы-тұғын.
Анттарынан айнымады. Үш досқа ешкім ешқашан тиіспеді. Еркін жүрді. Достықтың арқа­сында.
Бірінші Дос жетіжылдықтан кейін Түркістанның педучили­ще­­сіне кеткен. Одан соң
Қы­зы­л­ор­­­даның пединститутын біті­ріп, біржолата мұғалімдіктің қамытын киген.
Екінші Достың ерекше даусы елді елең еткізетін. Әнші еді. Жетісайдағы мәдени-ағарту училищесіне ілінді. Ары қарата оқи алмады. «Баритондық біре­гей үніңмен Алматыдағы Абай теат­рын жарып шығасың. Ор­ның операда» дейтіндер көп-тұғын. Барғызбасы барғызбады.
Үшінші Дос Жамбыл қала­сы­ның жанындағы мал мамандары техникумын тәмамдап, бірден астанадағы (Алматы ғой) зо­отехникалық-малдәрігерлік институттың есігін айқара аш­ты.
Үш достың араласуы азаймады. Сағынысып табысатын. Асығатын. Бір-біріне қарата. Студент шақта.
Үйленісті. Бірте-бірте өзде­рі­мен-өздері болмаққа үйре­ністі. Алайда, араларын суыт­пау­ға тырысыңқыраған. Кез­десе­тін. Кейде. Бірсін-бір­сін бәрі сиреді.
Жылдар жылжыды. Жылдамдата. Уақыт шіркініңіздің түсініксіз түрде тез сусып өте­тінін бәріңіз білесіздер. Мойындайсыздар. Таңырқай­сыздар. Неге-неге-негелеп, шүйде­лері­ңіз құлақтарыңызға қосыла шы­ңыл қағады-ай. Алайда, артынша деп-демде ұмытып кете барасыздар.
Заманыңыз заулады-ай. Зырыл қағып. Шыр айналып. Адамдарыңыз басқашаланбаққа көшті. Өйтпеске шара жоқ-ты. Достығыңыздың дағдарысқа түскен кезенейлі кезеңі ғой. Үш досыңыздың арасындағы анттан тоқылған асыл жіп те бытыр-бытыр үзілді.
Үшінші Достың жағдайы бартерлік барымта жылдарында жақұттайын жайнады. Алыс ауданның кемелденген кең­ша­рын­дағы мыңғырған малдың жартысын жайынша жалмап, Шымкенттейін шаһарыңыздан жоғары лауазымдар шиыруға шұғыл кірісті. Талай да талай тұс­­тардан телім де телім жер ием­деніп, түрлі-түсті, көркемсу­рет­ті коттедждер мен кешендержобаларын жасатуға кірісті. Көк тіреген ғимараттардың бірта­лайын тиын-сиынға бағалатып, өз мүддесіне қаратып үлгерген. Бартерлік барымтасы тендерлік тегене құйрықтардың олжасына орады. Бертініректе. Тойханалары тізілген. Сауналары сүзіл­ген. Кафелері көбейген.
Мырзалығын мәшһүр етпек мақсатпен мешіттер салған. «Мен мешіттер салғанмын» деп кергитін мінез тапқан.
Екі досы ентіккен. Әр жақта, сан тарапта тентіреңкіреп жү­ріп, олар-дағы осы шырайлы шаһарыңызға қоныс аударған. Жұрт секілді. Урбандануға ілесіп. Ілбіп.
Жолығысқан. Үш дос. Үшін­ші Дос зорсынып қарағанын сездіріп қойды. Екеуіне екі те­лім жер әпермекке әрекет­тене­тінін мағлұмдаған. Тегін бергісі бартұғын. Кілт айныды. Сатты-ау ақыры. Сатты ғой. Сонысы­ның өзіне бұлданды. Бірінші Дос та, Екінші Дос та бәрін-бә­рін білді. Терең-терең түйсінді.
Зорсынушылықтан қорсын­ды. Екеуі де ендігәрі жоламасқа бекінді. Екеуі де ілдәлдалап қа­рапайым, қатардағы қараша үйлер салудың өзіне сансырады.
Бірінші Дос мектеп ди­рек­тор­лы­ғына да іліне алмай, шаршаулы күйде шау тартуға айналды. Ұл-қыздары әке-шешелеріне тартып туған, тым-тым қана­ғат­шылдар еді. Әкелерінің досына олар-дағы бармаған.
Екінші Достың дауысы ішкі­лік­тен тарғыл тартқан. Мә­дениет саласының шиырларынан шыққысы жоқ-ты. Аз ғана айлық жалақысын місе тұтып, ескі досына телмеңдемеді. Тел­мір­меді. Алғашқы әйелі әлдене­ше мәрте құрсақ көтерді-ақ. Асы­рай алмаймыз деп, бала тап­қан не теңіміз деп, алдыра берген. Қайта-қайта. Ақырында барлыққан баритон дауыс кө­жеге қатық болмайтынын күй­еуі­нің бетіне шыжғырып басып, басқа біреуге тиіп тынған. Ән­шіңіз жүдеңкіреп жүріп-жүріп, жадаңқыраған қарашаруа қа­тынға үйленген. Жастау, адал-аңғалдау боп жолыққан жары баланы көбейтті. Бірінен соң бі­рін тапты. Екі ұл. Үш қыз. Ала дорбаны арқалап асырады. Сау­да жасады. Табанынан сыз өт­іп, төбесінен мұз түсіп, бақиға аттанды. Әншінің нәзік жүрегі тосын қасіретті көтере алмаған. Ерлі-зайыпты екеуі жарыса жө­не­гендей көрінген. Былайғы жұрт­қа. Үлкен ұлдары бір мү­шел­ге, кенже қыздары үшке қадам басқан-ды.
Бірінші Дос пен Екінші Дос баяғы, бетегелі белдегі берген серттеріне селкеу түсірмейтін. Септесетін. Селбесетін. Сүй­сі­нісе сүйенісетін.
Қажылыққа бармақты қай­та-қайта қозғайтын. Бірінші Дос. Бес уақыт намаз оқитын. Ниет­тенетін. Аңсайтын. Армандайтын. Әжептеуір әзірлік қамдастыратын. «Таяу жылдары бәрібір барамын. Қаржы жинаймын» дейтін.
Екінші Дос онша құптамай­тын. «Мен бүгіндегі бүлінген діншілдерден қорқам, − дейтін Екінші Дос. – Байқаймысың? Са­қал суық тартты. Баяғыда ес­ек мінген қариялардың сақал­да­ры қандай еді?! Шалдардың көздерінен шуақ, сақалдарынан сәуле төгіліп тұрмаушы ма еді?! На­маз оқығандағы қазақы қыра­­­ғаттары құлағымызда емес пе? Айтшы өзің!» – дейтін.
«Айта бер, айта бер», − деп қоятын Бірінші Дос мойындай міңгірлеп.
«Айтам. Неге айтпасқа! Ата-аналарымыз Аллаһ, Аллаһ деп тамақтарын тырналамай-ақ, Алла деп үлпіл-лүпіл үйлесім­мен, мамық мәнермен мәніс­теу­ші еді ғой…» – дейді Екінші Дос.
«Бәрібір. Күндердің күнінде, жыл­дардың жылында қажы­лық­­қа барамын», − дейтін Бі­рінші Дос.
Екінші Дос бұрынғыдан бетер қызбаланатын: «Алла кешір­гей. Бірақ бар ғой ә, қазір қажы­лық­тың қадірін кетіретіндер кө­бейді. Қандай пиғылмен, нен­дей ниетпен барады? Міне, мәселе сонда-а-а. Әлденеше рет ба­рып қайтқандар аз емес. «Қа­жымын» деседі. Бәрі. «Пәленше қажы Түгеншеев» деп жазады. Тіпті аты-жөніне «қажылықты» қоспақ мақсатпен ғана туристік тұрпатта сапар шегетіндер, сол үшін ғана жазумен айналысуға кірісіп кеп-кеп кететіндер бар…».
Осылайша күйінетін Екінші Дос ана жайға асықты. Зайыбына ілесіп. Қашанғы қыстақтағы туыстары шаһарға қоныс аударып үлгерген екен. Әншінің қазасына қатты қайғырысты. Жы­лап-сықтасты. Бірақ жеті­мек­терге қарайласардай қай­ран­дары жоқтығын жайба­ғыс­тады.
Жеті жыл бойы жетімдерді әуе­лі Алла, сонсоң Бірінші Дос желеп-жебеді, демдеп-демеді. Марқұм Екінші Достың үлкен ұлы екі сыныпты бір жылда бі­ті­ріп, «Болашақ» бағдарламасы бойынша Нью-Йорктің ең кәтта университетіне түсті. Екі курс­ты бір-ақ жылда тауыс-тәмам етіп, американдықтарды аң-таң еткен. Одан кейінгілері де ше­тінен «Дарын» мектептері мен қазақ-түрік лицейлерін қайран қалдыра бастаған.
Бірінші Дос мың шүкірлік етеді. Қажылыққа жыл сайын ниет­тенетін. Бірақ, досының көгенкөздеріне көмек керек қой. Қажылыққа жиналып жүріп, жеме-жемге келгенде жетімдерге қарайлап, қап қоятын.

***

Есесіне Үшінші Дос мәлім­де­ме жасады. «Қажылыққа аттанам!» деді ең үлкен, аса салтанатты тойханасындағы арнайы жиын үстінде. Дайындық қыза жөнелген. Апаратын арнайы фир­маның президенті қонаққа ша­қырылған. Сый-сияпат жасалған.
Фирма президенті бәрін тұ­тас түсінді. Кім екенін, нысай-ниетін сезді. Қошемет деген аса пысық, үш тілді білетін жігітті жанына қосатын болды. Әйт­песе, қиын. Қажылық сапары­ның ғажабынан азабы басым. Деп, дәлел-дәйектер тізді.
Қазан айы ортасынан ауған. Шымкентіңізде алтын күз еді. Алайда, Үшінші Досыңыз өзінің ғана еншісіндегі ендіктер мен байлық бойлықтарынан, алуан-алуан кешендерінің ішіндегіден басқа табиғатқа, сұлулыққа сүй­сіну сезімінен жұрдайлан­ғалы қашан. Әуежайыңыздың ж­а­нын­дағы тікбалтыр теректер мен былайырақтағы аққайың­дар­дың алтынсары жапырақ­та­рына меңірейе қарағаннан аспады. Сүлесоқ сезімі селт етпеді.
Уайымсыз ұйқы соқты. Ұшақ­та. Қасындағы Қошемет әр қимылын қабағынан бағады. Басқа да бірді-екілі танитындар табылған.
Ұзақ ұшты. Ұшақ. Бахрейн ко­рольдігінің әуежайына қон­ды.
«Ихрамға кіресіздер» – деді. Оның не екенін, қалай кіретінін Қошемет қайталай тәптіштеді. Арнайы бөлмеге талас басталды. Шымкенттегідей шым-шы­ты­рық иінтірес қой, баяғы. Шы­райлы шаһарыңызда болса, кезексіз кірер еді-ау.
Қошемет қана саңылау тауып, сығалай саусақ иілтті. Қа­тар­дағы қара бұқаралықтан құт­қарғанына қуанды. Бұл. Бұлқына жұлқынды. «Ұят қой, үлгереміз ғой. Мал секілденіп не бәле басты?!» – деді бір кісі.
Бәрібір, қатты азаптанды. Ихрамға кіру айтуға ғана оңай көрінді. Жалаңаштанды. Тырдай. Екі бөлек ақ матаның бірін сол иықтан асыра созып, кеуде мен жон арқаны жабады екен. Екіншісін белге орайды. Өз­ге­лер­ден көріп икемделмек еді. Болмады. «Қошемет!» деп айқай салды. Ол ұялыңқырай шегініп тұрған. Лажсыз өз қолымен орап беруге мәжбүрленді. Ихрам­дан­ған соң басқалар екі рәкәт Сүн­нет Әл-Ихрам оқыды. Үшінші Дос бастаған бірқаншалары намаздан бейхабарлығын біл­ді­ріп үлгерді.
Саудияның Жиддасына жет­кендері хабарланды. Ажарлы араб қызы – жүзі жылы жолсерік күлімсіреп: «Уа тауасау биссабр» деп сабырға шақырғанымен, шымкенттіктер шыдасын ба?! Көбісі сабыр сақтамай, дүрк кө­те­ріліп, төбе-текшедегі қу дү­ние­леріне жапа-тармағай жармасты.
Бірталай әурешіліктер, ке­дендік кедергілер шаршатып үлгерді. Зәулім мейрамханаға жайғасып біткенше титықтады-ау. Үшінші Досыңыз. Қоше­мет­тейін қолпаштаушысыз қиын екен. Жайбарақат демалмақ пиғылы жүзеленбеді. Жуынып-шайынып әзер біткенде, тағы асық­тырды. Умра қажылық бас­тал­­мақшы. Автобустары аз ғана жүріп, қайта түсірді. Қағбаға дейін және жаяу-жалпыламақ жөн. Бір шақырымнан аса. Құ­жын­аған құмырсқадай адамның ұшы-қиыры жоқ. Шет-шегі кө­р­інбейді. «Адасып қалмаңдар! Бір-біріңнен ұстап алыңдар! Менен көз жазбай жүруге тыры­сың­дар!» − дейді жетекші. «Қап кетеміз. Тездетейік», − дейді қол­­тықтай қолпаштаған Қо­ше­мет.
Тынысы тарылып, демі қиын­­дағанда кенет: «Әл-Қағба! Әл-Қағба!» дескен дауыстар ес­тілген. Жетекшіден, бірер таныс желкеден көз жазбай келе жат­қан Қошеметтің де деміккені бі­лін­ген. Ауыр жүкті арқала­ған­дай қиналғаны аян. Әл-дәрмені азайып, аяғын сезінуден қал­ған­дай. Үшінші Досыңыз. Құ­ла­са, таптап өтетін шығар. Қо­ше­мет­тің қолтықтауынан айы­­­­­ры­лып, адасып қалса ше?! Мы­на қалың нөпір не оңдырар?!
Басы мең-зеңденді. Айнала аппақ әлем. Мың-миллион адам­дар ағыны. «Анау көк жол­ақ­ты көрдіңіз бе?» − деді Қо­ше­мет су терге малшынып. Бұл бай­қа­маған. Көрмеген. «Қазір тә­уәп ету басталады, аға», – деді Қо­шемет. Бұл меңірейген күй­ден танбады. «Жарық жаққа қа­раңыз, аға», – деді Қошемет. «Жо­лағы қайда? Жарығы қайда? Қараңғы қайда? Қағбасы қай­да?». Білмеді. Сезбеді. Сезін­бе­ді. «Бисмилла деңіз», – деді Қоше­мет. Бұл ернін жалап, аузын бол­машы ғана жыбырлат­қан. «Жеті мәрте айналамыз», − деді Қошемет мұның сүйенген сал­ма­ғынан жаншылып. «Қа­жы­лық барысында жеті айналманы үш мәрте жүзелейміз, аға­­сы. Бү­гін және Құрбан айт­тың ал­ғаш­қы күні. Одан соң елге қай­тарда. Қоштасу үшін…».
«Үш мәрте?! Жеті айналымнан үш мәрте?! − деп, ішінен ыш­қынды Үшінші Дос. – Шыдай алармын ба?!».
Зәмзәм суын ішкенде, адамдар бірін-бірі басып-жаншитын­дай шошынған. Тізілген шүмек­тер­дің әрқайсысына кезекке тұр­ған жандар жайбара­қат, тіп­­ті, қуанышты секілді. Ал Үшін­­ші Досқа азап сияқты.
Жұрт жабылып мақтайтын, жалынып-жалбарынып ем-дом тілейтін зәмзәм суы Үшінші Дос­қа жақпады. Қолқасы қабы­нып, тамағы жұтқызбай жатып қалды. Әлде әртүрлі сал­қын­дат­қыш­тар мен желдеткіштердің әсері. Мешітке бармады.
Ертеңіне тәуірленгендей еді. Намазға қатысқан сыңай таныт­ты. Терезесі Қағбаға қараған бөл­ме алдында қайтыс болған­дар­дың жаназасы шығарылды. Жүрегі шіркін шым ете түсті. Ен­­тігіп тұрған. Шып-шып тер­леді. Шымкенттіктер сыбырлас­ты. Қажылыққа келгендерден күн­де көп кісі дүние салатын кө­рінеді.
Одан кейінгі күндері де жа­бық көліктерге көптеп тиеп жат­қанын көрді. Ойы осқылан­ды. Санасы сансырады. Қал­ты­рай қорқып, қолқасы шиқыл­дай: «Нем бар еді?! Нем бар еді?! Нем бар еді?!» – деді.
Мина тауындағы жазықтарда жыпырлаған ақ шатырлар ақы­лын айран етті. Сыртынан салтанатты сезілер ақшаңқан­дар­дың іші тас еден екен. Таз кі­­лем­­дер ғана төселген. Үшінші Досыңыз азапқа буылды. Ма­мық-мақпал төсектерге үйрен­ген есіл денесі ихрамға ғана ора­­­нып, тақырға жатқан. Қоше­мет әлдеқайдан жұмсақтау жа­мыл­­ғы әкеліп, жұбаныш таптырды.
Шайтанға тас лақтыру тұ­сын­да ғана Үшінші Дос үздік қи­­мыл танытты. Әр тасты атқан сайын «Аллаһу акпарды» айқай­лай айтты. Екі күндей айызы қан­ды.
Құрбан айттың алғашқы күні өтті. «Шайтанның арбауынан азат­пыз, аға. Барлық рәсімді орын­дадық. Шүкіршілік», − деді Қошемет.
«Қошемет, − деді Үшінші До­сы­ңыз сонда, − Құрбан айттың екі күні алда ғой, осы уақытта сен қайткенде де бір көріпкел таб­а­сың. Тіл білесің. Епсектісің. Бәрін түсінесің. Табасың сен! Осын­шама азаптанғанда, менің қа­­жылығым қабыл болды ма, жоқ па? Соны қалайда біліп қай­т­уым керек. Елге жеткен кү­ні екі миллион теңге қалтаңда болады. Уәде – Құдай сөзі!».
Қадалғаннан қан алар Үш­ін­ші Дос. Ойдағысын орындауға үйренген.
Талмай іздеді. Табан тоздырды. Тілін безеді. Қошеметіңіз.
Екінші күннің ымыртында тап­ты. Табылды. Көріп­кел­дер­дің көкесі. Ол жақта да жоқ емес екен-ей, ондай-ондай­ла­рыңыз.
«Аға, зорғадан, зорыға жаздап… Әйтеуір, сәтін салды-ау! – де­ді Қошемет. – Бұл өзі біздің Бейбарыс бабамыздан тарайтын үрім-бұтақ көрінеді…».
«Оп-по-о-о! Онда жүдә қа­ты­рыпсың ғой, Қошемет бауырым! Және жарты миллион қос­тым!» − деді Үшінші Дос.
Келбеті көрікті Көріпкел іс­ке кіріскен. Қошемет тереңдете түсіндірсе керек-ті. Біраз-біраз әсер­лі әңгіме шертіп барып: «Қа­­жы­лығыңыз қабылданды, мыр­­зам!» – дейтін шығар. Деп күту­літұғын.
Олай болмады.
«Ей, пендем, – деді Көріп­кел­дердің көкесі. – Сенің қа­жы­лығың қабылданбады. Еліңнен есеппен ғана, атыңды шығарып, атағыңды бұрынғыдан бетер, басқаша жолмен биікке көтеру үшін ғана аттаныпсың. Сенің орныңа баяғыда анттасып-дос­тасқан, өмір бойы шәкірт тәлім­де­мекпен бейнет кешкен, бес бір­дей жетім баланы мәпелеп жеткізген Бірінші Дос ныспылы мұғалім мұсылманның қажы­лы­ғы қабылданды!».
«Ойбай-ау! – деді Үшінші Дос іштей шыңғырып, сырттай ысылдай тістеніп. – Ол… Ол… Ол дуана ғой, дуана! Мұғалім. Ол ит бұл жаққа аяқ басқан емес қой! Қалайынша қажылығы қабыл­данады?!».
«Босқа ысыл қақпа, қазағым. Түп-тұқиян тегім Бейбарыс әмір­­­шімнен тараған. Көріп­кел­дікті қойып кетіп ем. Қазақ деген соң ғана көніп ем. Бар қа­жыр-қайратымды салдым. Ай­­­қын­дадым. Сол диуананың жетімдерге жасаған жақсылығы қажылықтан биігірек тұрыпты», − деді Көріпкелдердің көкесі.
«Жарайды, көнейін. Бір кез­дері дос едік. Мұғалім де қа­жы бола қойсыншы. Мені де қосуға бола ма? Соның қасына? Қата­ры­на? Қажылыққа? Ештеңемді аямаймын. Мен… Мен… Мен бір ем­ес, бірнеше мешіт салдырған адаммын. Мен…», − деді Үшінші Дос.
«Уа, күнәһар пенде! Сен өзің ме­нің – шексіз, менмендігің – түпсіз тәкаппар екенсің. Мешіт тұрғызғанына үш мәртеден ар­тық мақтанғанның еңбегі зая. Салмағанмен бірдей-дүр. Біреу­лерге қайырымдылық көрсетіп, жақсылық жасағанын төртінші рет айтып, міндетсіну де солай. Риясыздық қана сауап ретінде жазылар», − деді Көріпкелдердің көкесі.
Қошемет қолтығынан сүйеп қайтқан. Қағбаға қарата ағыл­ған қалың нөпір бұларды тау селін­дей іліп әкеткен. «Құла­ма­йық, аға! Құласақ, өлдік», − деді Қошемет.
Кенет қалың топтың қы­сы­мына қамалып, ақ дамбалының балақтарын біреулер басып, жа­­лаң­бұттанды. Үшінші До­сы­ңыз. Адамның абыройсыз қал­мағы деп-демде ғой. Қо­ше­мет өзін кінәлі сезініп, қо­жайын­­ның хал-ахуалын асып-сасып әзер түзеген.
Келесі күні Мәдина шаһа­рын­да көңіл күйі болмады. Қо­ше­­мет үнемі сүйемелдеп жүрді. Әлдебір мешіттегі әңгім­е­ні өз­гелер ұйып тыңдады. Бейбарыс ба­баның мінберге қатысы бар­лы­ғы да, Ухуд тауындағы уа­­ғыз­дар да құлағына кірмеді…
Қажылық сапардан қайтып келгеннен кейінгі үшінші күні Шымкенттейін шырайлы ша­һа­рыңыз­дағы керемет кешен­дері­нің бірінде шүкіршәй берілді. Қошемет бел ортада белсенді. Зәмзәм суы, тағысын-тағы тар­ту-таралғылар таратылды. Ма­дақ маздады. Қожайынның құр­­метіне.
Шүкіршәй шарасына Бірін­ші Дос шақырылған. «Қайдан іздесеңдер де, жердің астына тү­сіп кетсе де, табасыңдар!» – де­ген. Үшінші Дос.
Табылған. Айрықша айтыл­ған. Алайда, бармайтынын бір­ден білдірген. Бірінші Досыңыз.
Бәрібір, Үшінші До­сыңыз­дың ныспысына «қажы» сөзі қосыла жазылып жүр.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір